Апталық шолу: QazVac, Байден ЛГБТ өкілдерінің құқығы туралы, коронафейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемдегі жаңалықтарды жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фактчек | Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы, оның жасалу жолдары мен тарихы жайында біраз мәлімдеме жасады. Сұхбат барысында қазақстандық вакцинаның тиімділігі мен түріне байланысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz ДДСҰ-ның ресми сайтына жүгіне отырып ақпаратты тексеріп көрді.

Дәл қазіргі уақытта әлемде коронавирустың ең тиімді әрі ең күрделі тірі вакцинасын әзірлеп жатқан бізден басқа бірде-бір ел жоқ.

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Манипуляция

Gavi.org (The vaccine alliance) сайтында және ДДСҰ-ның мәліметі бойынша да қазіргі таңда Live-attenuated (тірі әлсіреген) вакцинасының 2 түрі тіркелген. Оның бірі Үндістандық CODAGENIX/SERUM INSTITUTE OF INDIA болса, екіншісі АҚШ-тың MEISSA VACCINES, INC. Екеуі де әзірге 1-фазада тексеріліп жатыр. Толығырақ мына сілтемеде.

Фейк | АҚШ-та вакцинациядан қайтыс болғандар 4 мыңға жуықтады

Пандемия басталғалы коронафейктер тоқтар емес. Осы жолы Fox News арнасындағы “Tucker Carlson Tonight” шоуының жүргізушісі Такер Карлсон “АҚШ-та желтоқсан айының соңы мен сәуір айының аралығында 3362 адам вакцинациядан қаза тапты” деп мәлімдеме жасады. Кейін бұл тақырып телеарналар мен халық арасында шуға айналды.

АҚШ-та Covid-19-ға қарсы вакцинациядан кейін желтоқсан айының аяғы мен сәуір айының аралығында 3362 адаим қаза тапты.

Такер Карлсон, жүргізуші

Үкім: Фейк

Такер Карлсон эфир барысында федералды үкіметтің әзірлеген VAERS (Vaccine Adverse Event Reporting System) вакцинацияның жанама әсерлері туралы мәліметтерін пайдаланды. Алайда, PolitiFact-ның мәліметі бойынша, VAERS есептері толыққанды тексерілмеген әрі себеп-салдар байланысы жазылмаған. Толығырақ мына сілтемеде.

Байден ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғауға уәде берді

2 маусымда АҚШ президенті Джо Байден ЛГБТ өкілдерінің дәстүрлі мерекесіне байланысты теңдік туралы заң қабылдауға уәде берді. Ол Конгресті теңдік туралы заңды қабылдауға шақырды.

Бұған дейін теңдік туралы заңды Палата өкілдері мақұлдаған, алайда белгілі себептермен Сенатқа өтпеді. АҚШ президенті ЛГБТ өкілдерінің «еркін және шынайы өмір сүру үшін күресетінін» және «таңдау еркіндігі мен тұрақтылығын» мойындайтынын айтты.

Байден президенттігінің алғашқы күнінде, ЛГБТ өкілдеріне тең қарау туралы бұйрыққа қол қойған. Кейін ақпан айында Тұрғын үй министрлігі «ЛГБТ өкілін тұрғын үй нарығындағы кемсітушіліктен заңды түрде қорғайтынын» алғаш рет мәлімдеген. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі трансгендерлерге АҚШ армиясында қызмет етуге рұқсат берді.  

Фактчек | Линник: Алматы әлемдегі ең лас қалалар рейтиңінде алғашқы бестікке кіреді

26 мамырда мәжіліс депутаты Андрей Линник депутаттық сауалында Алматы үшін маңызды мәселені көтерді. Депутат сөзінше, қалада көліктің көбейгені және Алматының әлем бойынша ең лас қалалардың тізімінде алғашқы бестікке кіреді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексерді.

Бастапқыда 400 мың тұрғынға есептелген қала, бүгінде олардың саны 2 миллионға жуықтады және олардың қаншасы әлі ескерілмеген. Сарапшылардың мәліметінше, Алматы әлемдегі ең ластанған 5 қаланың қатарына кіреді.

Линник Андрей

Үкім: Манипуляция

Статистика комитетінің сәуірдегі мәліметінше, Алматыда 1 млн 989 мың 900 адам тұрады.

Депутаттың келтірген дерегі ауа сапасын зерттейтін IQAir сайтының дерегімен сәйкес емес. Себебі IQAir зерттеуінше, Алматы алғашқы бестікке кірмейді. Ауа сапасы ең ластанған қалалар арасында Қытай мен Үндістан қалалары көш бастап тұр. Алматы бұл рейтингте 209-орында. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Мадияр Бабахан
Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.