Фактчек | Қазақстанда қанша бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді?

26 мамырда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Айжан Сқақова Қазақстандағы балалар арасындағы кедейлік деңгейі туралы мәлімдеме жасады. Депутат сауалында қазіргі таңда елімізде 1 млн-ға жуық бала күнкөрісі төмен отбасында өмір сүретінін айтып, жаңадан туылған балаларға берілетін жәрдемақының күндік мөлшері мен қамаудағы азаматтарға жұмсалатын ақшаның күндік мөлшерін салыстыра деректер келтірді.

ЮНИСЕФ-тің бағалауы бойынша Қазақстанда 1 млн-ға жуық бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді

Сқақова Айжан. депутат

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының (2015-2019 жылғы жарияланым) мәліметі бойынша, 15% бала табысы ең төмен отбасыларда тұрады. 2019 жылы Қазақстанда 6 110 156 бала (0-17 жас) тіркелгенін ескерсек, 916 523 бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді.

ЮНИСЕФ-тің 2019 жылғы есебінде Қазақстанда 15,6% бала кедейлік деңгейінде өмір сүреді деп көрсеткен.

Қазақстанда әрбір балаға берілетін айлық жәрдемақы бір күнге шаққанда 560 теңгеден 865 теңгеге дейін құрайды, ал қамаудағы әрбір азаматқа күніне 1018 тг жұмсалады.

Сқақова Айжан. депутат

Үкім: Шындық әрі манипуляция

Шындығы мынада: Қазақстанда алғашқы балаға 5,76 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді. 2021 жылы 1АЕК=2 917 тг екенін ескерсек, бірінші балаға 16 801 тг төленеді. Екіншіге – 19 864 тг, үшіншіге – 22 898 тг төленсе, төртіншіге – 25 961 тг қарастырылған. Бір күнге шаққанда 560 теңгеден 865,3 теңгені құрайды.

Манипуляциясы мынада: ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бізге берген мәліметі бойынша, қамауда отырған әрбір азаматқа айына орта есеппен 44 мың теңге жұмсалады. Бір күнге шаққанда ол 1466 теңгені құрайды, яғни депутат көрсеткен деректен (күніне 1018 тг) әлдеқайда көп. Алайда, жаңа туған сәбиге берілетін жәрдемақы мен түрмедегі азаматқа жұмсалатын ақшаны салыстыру – манипуляция.

Айжан Сқақова еліміздегі бұл тақырыпты бұрын да қозғаған болатын. Бір қызығы, 3 наурыздағы депутат сауалында ол қамаудағы әрбір азаматқа 88,5 мың теңге жұмсалады деп айтса, осы жолы қамаудағы азаматқа күніне 1018 тг (айына 30 540 тг) деп мәлімдеме жасады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz