Фактчек | Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы, оның жасалу жолдары мен тарихы жайында біраз мәлімдеме жасады. Сұхбат барысында қазақстандық вакцинаның тиімділігі мен түріне байланысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz ДДСҰ-ның ресми сайтына жүгіне отырып ақпаратты тексеріп көрді.

ДДСҰ-ның тіркеуінен өткен COVID-19-ға қарсы вакциналарды қарасаңыз, бірде-бір тірі вакцинаны таппайсыз.

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Жартылай шындық

ДДСҰ-ның ресми сайтында Covid-19-ға қарсы тіркеуден өткен вакциналар тізіміне қарасақ расымен де “тірі вакцинаны” таппаймыз.

Алайда, Қазақстанның атынан ұсынылған QazVac вакцинасы “тірі вакцинаның” қатарына жатқызылмағанын көреміз. Қазақстандық вакцина ДДСҰ-ға ұсынылған кандидат вакциналар қатарына Inactivated (белсенді емес) түрімен тіркелген. Қазіргі таңда ДДСҰ-да 110 вакцина кандидат ретінде тіркеліп, клиникалық тексерістен өтіп жатыр. Бұл вакциналар әлі толыққанды тексерістен өтіп, қорытындыларын ғылыми журналдарға жарияламағандықтан ДДСҰ рұқсат берді деп айта алмаймыз.

Негізінен Covid-19-ға қарсы жасалу әдісіне қарай вакцинаның 4 түрі бар:

Вакцинаның Whole virus түрінің өзі екіге бөлінеді: Live-attenuated (тірі әлсіреген) және Inactivated (белсенді емес) вакцина.

Дәл қазіргі уақытта әлемде коронавирустың ең тиімді әрі ең күрделі тірі вакцинасын әзірлеп жатқан бізден басқа бірде-бір ел жоқ.

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Манипуляция

Gavi.org (The vaccine alliance) сайтында және ДДСҰ-ның мәліметі бойынша да қазіргі таңда Live-attenuated (тірі әлсіреген) вакцинасының 2 түрі тіркелген. Оның бірі Үндістандық CODAGENIX/SERUM INSTITUTE OF INDIA болса, екіншісі АҚШ-тың MEISSA VACCINES, INC. Екеуі де әзірге 1-фазада тексеріліп жатыр.

Gavi.org (The vaccine alliance) сайтының мәліметі бойынша қазіргі уақытта пре-клиникалық зерттеуде 184 вакцина тізімде тұр. Ал клиникалық зерттеуде 110 вакцина (4 фаза бойынша) зерттеліп жатыр, оның ішінде көбі қазіргі уақытта қолданылып жатыр.

Фактчек | Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

Қазақстандық QazVac вакцинасы 2020 жылдың 15 мамырында ДДСҰ тарапынан алғаш рет пре-клиникалық сынақтан өтуге мақұлданған.

Фактчек | Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

Араға жыл салып қазақстандық вакцина 1-фазадан 25 сәуір күні тексерістен өтіп, қазіргі уақытта 3-фазада тексеріліп жатыр. Алайда, 1-2-фазаның қорытындысы ДДСҰ-ға не болмаса ғылыми журналға жарияланбағандықтан нақты бір жауабын айту қиын.

Бұл туралы вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова Azattyq тілшісіне берген сұхбатында былай деді:

Бізге зерттеу нәтижелерінің жариялануын күту керек. QazCovid-in вакцинасы туралы көбірек ақпарат алғымыз келеді. Тым болмаса, клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезең нәтижелері жариялануы тиіс. QazCovid-in екпесін әзірлеушілер Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында мақала жазуға уақыты жоғын айтқан. Бірақ ашығын айтсақ, бұл оларды ақтай алмайды. QazCovid-in вакцинасын ол туралы жеткілікті дерек жарияланғанын көрген кезде ғана қолдаймын.
Оның үстіне QazCovid-in екпесін сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын ұмытпау керек. Pfizer, Moderna немесе “Спутник V” екпелерін сынаудың өткізудің үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Әсел Мұсабекова, вирусолог маман

Африкалық, америкалық, британ­дық деп жүргендердің бәрі де жаңа штамм емес. Көбі (белгілі бір жағдай тұрғы­сынан) ыңғайлы болғандықтан солай айтатын шығар. Шын мәнінде бұл – сол штамм. Рас, бір-екі бөлігі өзгеріске ұшыраған вирус. Алайда ғылымда мұны жаңа штамға жатқызбайды.

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Шындық

Шынымен-ақ қазір вирустың жаңа штаммы емес, түрі (вариант) тарап жатыр. SARS-CoV-2 вирусының генетикалық кодының өзгеріске ұшырауы жаңа түр пайда болуына ықпал еткен. Яғни жаңа түрлердің құрылымында өзгеше мутацияланған геннің болуы олардың алғашқы SARS-CoV-2-ден өзгешелігін айқындайды. Вирустардың өзгеріске ұшырауы табиғи заңды құбылыс. Қазір әлемдегі варианттар инфекцияның жұғу уақытына, науқастың жағдайына және ем-дом түріне қарай ерекшеленеді.

Түр мен штамм терминдерінің медиада пайдаланылуы әзірге даулы әрі стандарты қалыптаспаған.

Сондықтан қазір әзірленіп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac та) коронавирустың өңін өзгерткен түрлеріне қарсы тұра алады.

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Үкім жоқ

Вакцинаның мутацияға ұшыраған вирус түріне әсері туралы нақты бірдеңе айту қиын. Қазіргі зерттеулер екпеден қалыптасқан антиденелер COVID-19-дың жаңа түрлерін «танып»‎ жатқанын көрсетеді. Алайда зерттеу әлі жүріп жатыр, болашақта қандай түрі пайда болатыны белгісіз. Материал жазу барысында қазақстандық вакцинаның SARS-CoV-2 түрлеріне қатысты зерттеу нәтижесі болмағандықтан, бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырдық.

Дегенмен АҚШ-тың ауруды бақылауда ұстау және профилактика орталығының (CDC) соңғы есептерінің біріне сай, әр екпенің вирус түрлеріне әсері өзгеше (зерттеулер толықтырылуы мүмкін).

Фактчек | Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ
CDC дерегі, әр вакцинаның вирус түрлеріне әсері

Және бір қызық жайт, 10 жылдай бала көтере алмай жүрген әйелдер вакцинадан кейін жүкті болды. Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мырзадан сұрасаңыздар, нақты айтып береді. Бізге белгілі ақпарат бойынша еріктінің бірі – 43 жастағы әйел. Ол бізге келіп жылап, 20 жыл бойы бала көтере алмай жүріп жүкті болғанын айтып, алғысын жаудырды (сұхбаттан соң Әсет Қалиевке хабарластық, ол бір емес, дәл сондай тағы екі әйелдің QazVac вакцинасының екі компонентін толық алғаннан кейін бала көтергенін растады – А.Ш.).

Күнсұлу Закарья, Egemen Qazaqstan

Үкім: Манипуляция

Бұл жай ғана кездейсоқ болған жағдай. Себебі, The British Fertility Society and Association of Reproductive and Clinical Scientists дерегінше, вакцина репродуктивті жүйеге әсер етпейді. Factcheck.kz осы тақырып бойынша медицина докторы және MedSupportKZ еріктісі Ботагөз Каукеновтың пікірін білді.

Ұлыбританияның фертильді (жыныс мүшелерінің ұрықтану қабілеті) және репродуктивті, клиникалық ғалымдар қауымдастығының дерегінше, вакцина репродуктивті жүйеге әсер етпейді. Сонымен қатар, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы (CDC) зерттеуінше, вакцина жыныс мүшелерінің ұрықтану қабілетіне, яғни, жүкті болуыңызға немесе жүкті болмауыңызға әсер ете алмайды. Ал Күнсұлу Закарьяның мысал келтірген әйелдері вакцинаның себебінен емес, вакцина салған соң жүкті болуы мүмкін. Бұл жәй ғана сәйкестік. Бұл жердегі қуантатын жайт, вакцина салған әйел өзінің иммунитетін құрсақтағы сәбиіне бере алады.

Ботагөз Каукенов

Денсаулық сақтау министрлігі де QazVac жүкті болуға ықпал етеді деген хабарламаны жоққа шығарды.

Вакцинация жүктілікке әкелмейді. Бұл кездейсоқ сәйкестік.

Денсаулық сақтау министрлігі
Factcheck.kz