Германия Беларусь журналистерін қолдауға шамамен 2,9 млн еуро бөлді

Германия үкіметі саяси себеппен қудаланған Беларусь журналистерін қолдауға шамамен 2,9 миллион еуро бөлді. Бұл туралы DW сайты Redaktionsnetzwerk Deutschland басылымына сілтеп хабарлады.

Бұл қаржы айыпталушы мен ұсталған журналистерге заңгер тарапынан көмек көрсетуге, сонымен қатар, зақымдалған жабдықты ауыстыруға жұмсалады. Бұған қоса қаржыны Беларусьтегі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына және елден тыс жерде жұмыс жасайтын журналистерге бөледі.

Бундестаг “жасылдар” фракциясының Шығыс Еуропа бойынша сарапшысы Мануэль Саррациннің айтуынша, Беларусьте тәуелсіз журналистерге қатысты қысым тоқтамады. Ол Берлиннің мұндай қадамын Беларусьтегі тәуелсіз журналистер үшін маңызды екенін айтты.

Контекст

  • Александар Лукашенко режимі журналистерге қарсы қатаң шара қолданып жатыр. Мамыр айында Беларусьтегі танымал Tut.by сайтының жұмысы тоқтап, 15 адам ұсталды. Бас редактор мен журналист қамауға алынған
  • Ал 23 мамырда «Беларусь головного мозга» авторы және NEXTA телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич Минск әуежайында ұсталды. Оппозициялық блогер «Афина- Вильнюс» бағытындағы Ryanair ұшағының бортында болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz