Фактчек | Линник: Алматы әлемдегі ең лас қалалар рейтиңінде алғашқы бестікке кіреді

26 мамырда мәжіліс депутаты Андрей Линник депутаттық сауалында Алматы үшін маңызды мәселені көтерді. Депутат сөзінше, қалада көліктің көбейгені және Алматының әлем бойынша ең лас қалалардың тізімінде алғашқы бестікке кіреді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесі қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексерді.

Бастапқыда 400 мың тұрғынға есептелген қала, бүгінде олардың саны 2 миллионға жуықтады және олардың қаншасы әлі ескерілмеген. Сарапшылардың мәліметінше, Алматы әлемдегі ең ластанған 5 қаланың қатарына кіреді.

Линник Андрей

Үкім: Манипуляция

Статистика комитетінің сәуірдегі мәліметінше, Алматыда 1 млн 989 мың 900 адам тұрады.

Депутаттың келтірген дерегі ауа сапасын зерттейтін IQAir сайтының дерегімен сәйкес емес. Себебі IQAir зерттеуінше, Алматы алғашқы бестікке кірмейді. Ауа сапасы ең ластанған қалалар арасында Қытай мен Үндістан қалалары көш бастап тұр. Алматы бұл рейтингте 209-орында.

Сонымен қатар, Қазгидрометтің 28 мамырдағы дерегінше, Қазақстан ауасы лас елдердің тізімінде 52-орында.

Контекст

  • 2021 жылдың басында Алматыдағы ауа сапасының индексі АҚШ-тағы AQI (ауа сапасының индексі) көрсеткішімен 169-ға бағаланған. Бұл “денсаулыққа зиян” дегенді білдіреді. Мұндай есептеу көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарына негізделген.
  • IQAir зерттеуінде Алматы қаласының ластануына көлік құралдарының газдары, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының шығарындылары, құрылыс индустриясының шаңдары және қала құрылысы салдарынан екені жазылған. Бұлардың арасынан көліктің көп болуы қала ауасының ластануына ең негізгі себеп ретінде көрсетілген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz