Апталық шолу: Платонов мәлімдемесіне фактчек, құбыжық туралы жалған видео, коронафейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz редакциясы әлеуметтік желі қолданушылары таратқан және депутаттық сауалдағы ақпаратты тексерді. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

«‎Ит екен деп қағып кеттік»‎: құбыжық туралы видео қайдан шықты?

Соңғы күндері мессенжерлерде белгісіз құбыжық бейнеленген видео тарап жатыр. Материалдың сыртында ер адам қазақшалап, белгісіз тіршілік иесін итпен шатастырып, көлікпен қағып кеткенін айтады. Оқырмандардың сұрауы бойынша Factcheck.kz видеоның қайдан шыққанын анықтап көруге тырысты.

Ел арасында тараған видео

Үкім: Фейк

Табылған деректерге сай, видеодағы құбыжық фильм үшін дайындалған мүсін (манекен), ал материалдың өзі 1 сәуірге қалжың ретінде түсірілген болуы ықтимал. Видео әр елде түрлі сипаттамамен, маусымның басынан белсенді түрде тарап жатыр.

Әр түрлі іздеу жүйелерінен табылған деректерге сай, видео әлеуметтік желі арқылы тарай бастағанына көп болмаған: негізінен маусымның басында жарияланған (мында және мында). Одан да терең қаза түссек, Youtube-тегі Cloud Wolf арнасының жариялаған видеоға кезігеміз: материал 2 сәуірде шыққан, ал астына португал тілінде мынадай мәтін жазылған:

1 сәуір, 2021 жыл. Бүгін кешкісін үрей билеген былғары зауыты жақтан қасқырдың (орысша-оборотень) жүзін көрсеткені сәтсіз аяқталды. Оны аулауға қатысқан адамдардың бірі: ”Мен енді қасқырдың терісін көрдім” деді.

Видеоның астындағы сипаттама

Фейк ақпарат Парагвай, Чили, Аргентина және Таяу Шығыс елдерінде көбірек тараған. Толығырақ мына сілтемеде.

Фейк | 13 шілдеден бастап вакцина ақылы болады

Әлеуметтік желіде 13 шілдеден бастап коронавирусқа қарсы вакцина егу ақылы болатыны жайлы хабарлама тарады. Аудио авторының айтуынша, вакцина салу құны шамамен 58 мың теңге болмақ. Ал вакцина алмаған тұрғындарға 87 мың теңге айыппұл салынады-мыс. Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

13 шілдеден бастап вакцина ақылы болайын деп жатыр. Шамамен 58 мың теңге көлемінде. Ал вакцина алмағандарға 87 мың теңге айыппұл салынады.

WhatsApp желіде тараған аудио

Үкім: Фейк

Қазақстанда корнавирусқа қарсы ақылы вакцина салу заңдастырылмаған. Пандемияның кезінде вакцинаны үкімет сатып алып, халыққа тегін тараады. Сондықтан желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы ақылы вакцина егуге рұқсат етілмегенін айтқан.

Қазір ресми түрде Қазақстанға мемлекет айналымындағы вакцина жеткізілген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқан жеке клиникалар Қормен келісімшартқа отырған. Олар азаматтарға ақысыз вакцина салады.

Алексей Цой

Фактчек | Платоновтың мемлекеттік қарыздың өсуіне алаңдауы орынды ма?

9 маусымда Мәжілістің кезекті пленар отырысында депутат Артур Платонов ҚР Қаржы министрінің атына жолдаған сауалында мемлекеттік қарыздың өсуіне алаңдаушылық білдірді.

«2020 жылы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін Үкімет жалпы сомасы 3,1 трлн теңге қарыз, оның ішінде жалпы сомасы 297 млрд теңге сыртқы қарыз тартты. Нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы айтарлықтай өсіп, 20,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 29,4%-іне тең болды. Бұл Жаңа бюджет саясаты концепциясында белгіленген 27% шектен асты, яғни біз қызыл сызықтан өтіп кеттік», – деді Платонов.

Үкім: Техникалық қате

Қаржы министрлігінің қарыз алу сомасы, мемлекеттік қарыз және пайыздық төлемдер бойынша нақты деректер туралы есебі бойынша, 2020 жылы Қаржы министрі жалпы сомасы 2,9 трлн теңге (3,1 трлн емес), оның ішінде сыртқы нарықта — 222,3 млрд теңге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Сыртқы қарыздар түсімі 74,7 млрд теңге болды. Бұл ретте елдің мемлекеттік қарызы 20,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 29,6%-іне тең болды (29,4% емес). Толығырақ мына сілтемеде.

БҰҰ: Қытай қамаудағы діни азшылық өкілдерінің дене мүшелерін күштеп алады

БҰҰ сарапшылары Қытай түрмесінде отырған этникалық және діни азшылық өкілдерінен ағзасын күштеп алатынын хабарлады. Сарапшылар мұндай ақпаратты “сенімді” дереккөзден алғанын айтты.

Қытайдың әртүрлі аймағында қамаудағы этникалық және діни азшылық өкілдерінің ағзасын күштеп алынып жатыр. Оларды қамауға алу туралы бұйрық болмаса да, еш себепсіз ұстап әкетеді.

БҰҰ сарапшыларының мәлімдемесі

БҰҰ сарапшыларының пікірінше, ең көп алынатын дене мүшелерінің тізімінде жүрек, бүйрек, бауыр және көздің қабығы бар. Мұндай әрекеттер тыйым салынған Фалуньгун қозғалысының мүшелеріне, ұйғырларға, тибеттерге, мұсылмандар мен христиандарға қатысты жасалады.

Ал Қытайдың Женевадағы өкілі БҰҰ сарапшыларын “жала жапты” деп, Пекиннің мұндай айыптауды үзілді-кесілді қабылдамайтынын айтты. Ресми өкілдің айтуынша, сарапшылар сепаратистер мен Фалуньгун қозғалысы тарапынан Қытай жайлы дезинформацияның құрбаны болды.

Басқа жарияланған материалдар

  • Айгүл Құспан мед.қызметкерлерге күш көрсету туралы не деді?
  • ІІМ: Жалған вакцина паспорты мен ПТР-тест анықтамасына байланысты 30 қылмыстық іс қозғалды
  • Мәскеу соты Telegram мен Facebook желісіне айыппұл салды. Сот шешімі бойынша, Telegram 10 млн рубль (шамамен 59 млн 200 мың теңге), ал Facebook компаниясы 17 млн рубль (шамамен 100 млн 640 мың теңге) айыппұл төлейді.
  • Қазақстан құқық қорғау органдары коронавирус жайлы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша 103 қылмыстық іс тіркеді.
  • Перуашев квазимемлекеттік сектордағы қаржы бұзушылық туралы не деді?
  • Amnesty International: Беларусь билігі дәрігерлерді қудалап жатыр
  • Қазақстанда алғаш рет мектеп бағдарламасына медиасауат пәні енгізілуі мүмкін

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz