Айгүл Құспан мед.қызметкерлерге күш көрсету туралы не деді?

2 маусымда Қазақстан Республикасы Мәжілісінің кезекті отырысында депутат Айгүл Құспан дәрігерлер, медицина және техника персоналдары күнделікті сыртқы инфекциялардың қаупімен ғана емес, дөрекілік, қорлау, қоқан-лоққы сияқты «мінез-құлық вирустарына» тап болатынын, тіпті оларға күш қолданылатынын да айтты. 

Оның сөзі 2:22:00-де басталады

Өзінің депутат сауалында ол жедел жәрдем бригадасы қатты ауырған немесе эмоционал шокқа тап болған науқастармен, алкогольді мас күйінде немесе есірткіні артық дозада қолданған адамдармен бірінші болып кезігетінін айтып өтті. Солайша, олар пациенттердің өзінен де, туыстарынан да бақылаусыз және қатыгез агрессияны бірінші болып көреді.

Factcheck.kz редакциясы депутаттың бірқатар мәлімдемесін тексерді.

Мәлімдеме: «Денсаулық сақтау министрлігі мәліметі бойынша, 2019-2021 жылдар аралығында елде жедел жәрдем дәрігерлеріне  43 шабуыл жасалғаны тіркелді (2019 ж. – 16, 2020 ж. – 17, 2021 ж. – 10 іс)»

Айгүл Құспан

Үкім: Үкім жоқ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі депутаттың халыққа ұсынған дерегін жарияламады. Дегенмен дәрігерлерге шабуыл жасау  – Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген еліндегі өзекті мәселе. Сонымен қатар, қазақстандық БАҚ медицина қызметкерлері өз міндетін атқарып жатқанда шабуыл жасалған оқиғалар туралы үнемі жазып отырды.

ДДСҰ мәліметі бойынша, әлемде денсаулық сақтау қызметкерлеріне көрсетілетін зорлық-зомбылық қаупі жоғары. Ұйым зерттеуі бойынша, өзінің медицина практикасы кезінде бүкіл әлемдегі медицина қызметкерлерінің 8%-тен 38%-ке дейінгі пациенттер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оған қоса, әңгіме тек физикалық зорлық-зомбылық туралы емес, қорлау, алымсақтық және қорқыту туралы да болып отыр.

Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түскендіктен, жағдай күрделене түсті. АҚШ-тың Еңбек қауіпсіздігі және ұлттық қауіпсіздік институты зерттеуі бойынша, барлық жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықтың, шамамен 50%-ін денсаулық сақтау саласы қызметкерлері көрген. Мұндай қатыгездік оқиғалары жедел медицина көмегіне жиі кедергі келтірді, деп хабарлады ДДСҰ.

Пандемия кезінде денсаулық сақтау қызметкерлеріне төнетін қауіп-қатерді ескере отырып, CDC денсаулық сақтау саласы мамандарына жұмыс орнында зорлық-зомбылықтың құрбаны болмау туралы брошюра шығарды. Медицина қызметкерлеріне шабуыл көбіне науқастар көп болған кезде және науқастармен қарым-қатынас жиі болғанда, мысалы, түскі үзілісте, мейірбикелерге бару сағатында немесе науқастарды тасымалдау кезінде жасалады.

Қазақстандық БАҚ жедел жәрдем дәрігерлеріне шабуыл жасау деректері туралы да хабарлады. Мысалы, 2020 жылы Алматы қалалық жедел жәрдем қызметінің баспасөз қызметі дәрігерлерге жиі шабуыл жасалатынын хабарлады. Фельдшерлер жедел жәрдем шақыртуы кезінде науқастармен қақтығыстар салдарынан сүйегі сынып, жарақат алған белгілі жағдайлар бар.

Мәлімдеме: «Халықаралық еңбек ұйымы бағалауынша, медицина қызметкерлері жұмыс орнында зорлық-зомбылық көру деңгейі бойынша екінші орында тұр»

Айгүл Құспан

Үкім: Шындық

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) эксперттері денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері ерекше қауіп төну зонасында екенін хабарлайды. Жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық деңгейі бойынша денсаулық сақтау қызметкерлері денсаулыққа қаупі жоғары кәсіптер рейтингісінде екінші орын алады.

ХЕҰ есебінде медицина қызметкерлері қаупі жоғары қызметтер тізімінде алдыңғы орын алатыны көрсетілген. Мұндай мамандық тізіміне мыналар кіреді: полиция мен қауіпсіздік ұйымдары қызметкерлері, медицина қызметкерлері (жедел жәрдем дәрігерлері мен медбикелер) және жүргізушілер (қоғамдық көлік жүргізушілері немесе түнде жұмыс істейтін такси жүргізушілері).

Ұйым мамандары ДДСҰ-мен бірге бөлек есеп жариялады, ол тек медицина қызметкерлеріне жұмыс орнында көрсетілетін зорлық-зомбылық проблемаларына арналды. Онда денсаулық сақтау саласындағы жұмыс орындарында стресс пен зорлық-зомбылықтың жиілеп бара жатқаны айтылады. Сондықтан дәрігерлер, медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер қауіпті мамандықтар тізімінде алдыңғы орын алады. Сол мәліметтер бойынша, медицина мекемелердегі жұмысшыларға шабуыл жасау ықтималдығы қызмет көрсету саласындағы жұмысшыларға қарағанда 4 есе жоғары.

Осындай оқиғалардың алдын алу үшін ХЕҰ-ның Зорлық-зомбылық пен қудалау туралы конвенциясы жасалды. Онда қызметкерлер үшін қауіпсіз жұмыс ортасын ұйымдастыруға қажет халықаралық стандарттар сипатталған.

Мәлімдеме: «Мысалы, Польша мен Болгарияда ведомствоаралық процедуралар жақсы жүреді. Германия мен Вьетнамда дәрігерлерді пациенттердің агрессив мінез-құлқымен күресуге дайындайды. Португалияда дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы қызмет бөлімі құрылған».

Айгүл Құспан

Үкім: Жартылай шындық және Үкім жоқ

Тізімдегі бірқатар елде денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін арнайы шаралар бар. Дегенмен депутат келтірген мәліметтің барлығы бірдей шындыққа сай келе бермейді. Оның үстіне, бұл әдістердің өзі медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықты азайтуға әрдайым әсер ете бермейді.

Португалияда ашық дереккөздерден медицина мамандарына қатысты зорлық-зомбылықпен күресу үшін арнайы қызмет бөлімі құрылғаны туралы таба алмадық. Дегенмен мұндай жұмыс топтары бар. Мысалы, олар АҚШ-та, Гонконгта немесе Австралияда бар.

The Lancet газетінің хабарлауынша, Еуропа елдерінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресетін заңдар мен ережелер бар. Олар физикалық зорлық-зомбылық жағдайында да, науқастар дәрігерлерді қорлағанда немесе тіл тигізгенде де санкция шараларын қарастырады.

Дегенмен Болгариядағы медицина қызметкерлері қауымдастығы елде дәрігерлерді қорғау үшін неғұрлым қатаң шаралар қабылдау қажет деп хабарлайды. Атап айтқанда, елдегі ауруханаларда түнгі күзет пен барлық дәрігерге жедел жәрдем түймесін енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, дәрігерлер медқызметкерлерге көрсетілген агрессия үшін ақшалай айыппұл салумен қоса, қоғамдық жұмыстар істету түріндегі жазаны да енгізуді сұрап отыр. Себебі мұндай жағдайларда кейбір медқызметкер ғана құқығын қорғап шыға алады.

ДДСҰ және бірнеше серіктес агенттіктер елдерді зерттегенде медицина респонденттерінің едәуір бөлігі физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды: Болгариядағы медицина мамандарының 76%-і; медицина орталықтарында сауалнамаға қатысқандардың 60%-і және Португалиядағы ауруханалардың 37%-і, Таиландта 54%-і және Бразилияда 47%-і осындай зорлық-зомбылық көрген.

2019 жылы Вьетнамның Денсаулық сақтау министрлігі ауруханадағы зорлық-зомбылықты 15-20%-ке төмендету туралы мақсат қойды. Осы міндеттер үшін медицина мекемелеріндегі қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жоспар құрылды. Ол осы мәселе туралы халықтың хабардарлығын арттыруға және медицина персоналдарының біліктілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, елде келісім бойынша полиция қызметкерлері ауруханаларды күзетуге жұмылдырылады.

Агрессив науқастармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау Германияда да бар, бірақ онда бір нюанс кезігеді. Неміс мамандарының зерттеуі көрсеткендей, қабылданған шаралар дәрігерлердің бұл дайындықты дұрыс қолдамауына байланысты жұмыс орындарында дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылықты азайтуға ықпал етпей жатыр.

Денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатысты агрессия неміс ауруханаларында жиі кездеседі. Зерттеушілер денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алуды жақсарту қажеттігін хабарлайды.

Өкінішке қарай, біз ашық дереккөздерден Португалияда медицина мамандарына қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі «арнайы қызметтің» қызметі туралы ақпарат таба алмадық. Елдің денсаулық сақтау жүйесін шолғанда мұндай ұйымның бар екені айтылмайды.

Дегенмен мұндай жұмыс топтары басқа елдерде бар. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық жұмыс тобы осы мәселелерді шешеді. Гонконгта зорлық-зомбылық кең таралған психиатрия палаталарында жұмыс тобы құрылды және қызметкердің зорлық-зомбылық салдарын көруінің алдын алу үшін интегратив бағдарлама жасалды. Австралияда ауруханалардағы және денсаулық сақтау қызметтеріндегі кәсіби зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі арнайы топ осы міндетті атқарады.

Factcheck.kz