ІІМ: Жалған вакцина паспорты мен ПТР-тест анықтамасына байланысты 30 қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда пандемия басталғалы бері жалған ПТР-тест анықтамасын жасаған азаматтардың үстінен 28 қылмыстық іс тіркелді. Ал жалған вакцина паспортын әзірлеу бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Vlast.kz сайтына хабарлады.

11 маусымдағы ақпаратқа сай, тергеу бөлімінің өндірісінде жалған ПТР-тест анықтамасы мен вакцина паспортын жасату бойынша 30 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде, жалған құжат, штамп, мөр, бланк жасау және алдын ала сөз байласу бойынша 10 іс бар.

ІІМ баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, былтыр 6, ал биыл 24 іс қозғалған. 12 іс тоқталып, 2 іс сотқа жіберілген. Ал 16 іс өндірісте тұр.

Контекст

  • Мамыр айының басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда вакцина алмаса да, электронды паспортқа ие болған адамның тергеліп жатқанын хабарлаған. Министрліктің ақпаратына қарағанда, делдалдар бірнеше клиниканың атынан жалған вакцина паспорт жасап береміз деп қызмет ұсынған. Сол үшін 5-25 мың теңге талап еткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz