Фактчек | Платоновтың мемлекеттік қарыздың өсуіне алаңдауы орынды ма?

9 маусымда Мәжілістің кезекті пленар отырысында депутат Артур Платонов ҚР Қаржы министрінің атына жолдаған сауалында мемлекеттік қарыздың өсуіне алаңдаушылық білдірді.

«2020 жылы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін Үкімет жалпы сомасы 3,1 трлн теңге қарыз, оның ішінде жалпы сомасы 297 млрд теңге сыртқы қарыз тартты. Нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы айтарлықтай өсіп, 20,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 29,4%-іне тең болды. Бұл Жаңа бюджет саясаты концепциясында белгіленген 27% шектен асты, яғни біз қызыл сызықтан өтіп кеттік», – деді Платонов.

Артур Платоновтың сауалы (тайм-код: 1:17:06)

Депутаттың сөзін тексереміз.

Үкім: Техникалық қате

Қаржы министрлігінің қарыз алу сомасы, мемлекеттік қарыз және пайыздық төлемдер бойынша нақты деректер туралы есебі бойынша, 2020 жылы Қаржы министрі жалпы сомасы 2,9 трлн теңге (3,1 трлн емес), оның ішінде сыртқы нарықта — 222,3 млрд теңге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Сыртқы қарыздар түсімі 74,7 млрд теңге болды. Бұл ретте елдің мемлекеттік қарызы 20,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 29,6%-іне тең болды (29,4% емес).

Бұл шынымен де Жаңа бюджет саясаты концепциясында белгіленген межеден асып кетті. Бірақ «қызыл сызықтан» өткенге алаңдау туралы пікір әртүрлі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің сол отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік қарыз деңгейі қауіпсіз деңгейде екенін айтты.

Министрден кейін сөз сөйлеген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасы Наталья Годунова 29% «жоғары деңгейге жататынын» айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз деңгейі қауіпсіз шекте болса да, Комитет өсу динамикасына алаңдап отыр.

FINANCE.kz редакциясы ұлттық қарыздың 29% болуын «Қазақстанға Ұлттық қордың шығынын әртараптандырып, сыртқы нарықтардан қаражат тартуға көмектесетін өте төмен әлемдік көрсеткіш» екенін мәлімдейді. FINANCE.kz хабарлауынша, ЖІӨ-ге қатысты мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша Қазақстан 174 елдің ішінде 147-орында тұр.

Қазақстанның ЖІӨ-ге мемлекеттік қарызы, %-пен, 2016-2020 жж.

Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі • График: Медет Есімханов

Бұған дейін депутаттардың елдің сыртқы қарызына қатысты алаңдауы қаншалық негізді екенін анықтауға тырыстық. Жартылай ғана негізді екені белгілі болды. Бұл туралы мына жерден оқи аласыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz