Ресейде Telegram мен Facebook желісіне айыппұл салынды

Мәскеу соты Telegram мен Facebook желісіне айыппұл салды. Сот шешімі бойынша, Telegram 10 млн рубль (шамамен 59 млн 200 мың теңге), ал Facebook компаниясы 17 млн рубль (шамамен 100 млн 640 мың теңге) айыппұл төлейді. Бұл туралы Медиазона сайты хабарлады.

Барлық хаттама көруге шектеу қойылған контентті өшіруден бас тарту туралы бап (ӘҚБтК-нің 13.41-бабының 2-бөлігі) бойынша жасалды.

Telegram бірінші және екінші хаттама бойынша 2 млн рубльден (шамамен 11 млн 840 мың теңге) айыппұл төлейді. Бұдан бөлек екі хаттама бойынша 3 млн рубльден (шамамен 17 млн 760 мың теңге) айыппұл салынды.

Facebook желісіне жалпы 17 млн рубль айыппұл салынды. Компания заңға сәйкес екі хаттама бойынша 3 және 4 млн рубль айыппұл төлейді. Сонымен қатар, “экстремизмге шақыратын контентті жоюдан бас тартқаны үшін” 5 млн рубльден екі айыппұл тағайындалды.

Контекст

  • Наурызда Telegram, Facebook, Twitter, TikTok және Google-ге қатысты балаларды заңсыз акцияларға қатысуға шақырған материалдарды өшірмегені үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 12 хаттама толтырылған.
  • Роскомнадзордың баспасөз қызметі қаңтар мен ақпанда әлеуметтік желіде заңсыз митингке қатысуға шақыратын 2,5 мыңнан астам материал анықталғанын хабарлаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz