Журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтады

Жетісу облысының прокуратурасы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық істің тоқтағанын хабарлады. Бұл туралы “Власть” басылымы жазды.

Сандуғаш Дүйсенова Қылмыстық кодекстің 147-бабы, 5-бөлігі (“Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және жеке деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу”) бойынша күдікті боп танылған еді.

Прокуратура аталған бап бойынша жеке мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз таратып, адамның құқығы мен заңды мүддесіне елеулі зиян келтірген жағдайда қылмыстық жауапкершілік туындайтынын түсіндірді. Алайда тергеу органы журналиске қатысты істе жәбірленушіге айтарлықтай зиян келгенін растайтын айғақ таппады. Талдықорған қаласының прокуроры әрекетте қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдады.

Дегенмен Дүйсенова әлі де әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс әрекетте қылмыстық жаза берілетіндей белгілер болмаса, жеке деректерді заңсыз жинау және/не өңдеуге қатысты жауапкершілікті қарастырады”, – делінген қадағалау органында.

Контекст

11 тамызда құқық қорғау органдары Сандуғаш Дүйсенованы ұстап әкетті. Ол “Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және жеке деректер мен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу” бабы бойынша күдікті болды. Келесі күні процессуал шарадан соң кепілге босатылды. Мұнда Дүйсенованың 2022 жылғы мамырда адам өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеп жатқан Ақжалбековтың ЖСН нөмірін қоғам игілігі үшін жариялағаны туралы сөз қозғалып отыр. Бұл мақала полицияға ер адамды анықтауға көмектесу үшін дайындалған. Енді қылмыскер Сандуғаш Дүйсенованың үстінен арыз жазған.

14 тамызда «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығы қоры президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Orda.kz журналисі Сандуғаш Дүйсенова ісіне байланысты ашық үндеу жариялады. Онда қор бас прокуратураға қылмыстық істің қаншалық заңды екенін, Жоғары сотқа журналистің жеке басын тінтуге рұқсат берген тергеу судьясының шешімі қаншалық заңды екенін тексертуді талап етті. Оған қоса Ішкі істер министрлігіне журналистің ісі бойынша қылмыстық іс қозғаған және оның жеке басын тінтіген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеуді тағайындауды сұрады.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz