Ирак ЛГБТК+ өкілдерін қарым-қатынасы үшін түрмеге қамайтын заң қабылдады

Ирак парламенті ЛГБТК+ өкілдерін қарым-қатынасқа түскені үшін жазалайтын заң қабылдады. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Жаңа заң бойынша, гей немесе лезбилер 10-15 жыл аралығында түрме жазасына кесілуі мүмкін. Оған қоса, “гендеріне сәйкес емес” (мысалы, ер адам әйелге ұқсаса) адам да жазаға тартылуы мүмкін. Трансгендер адамдар “жынысын ауыстырғаны үшін” үш жыл түрме жазасын алуы ықтимал, оларға көмектескен дәрігерлерге де сондай жаза қарастырылған. 

Азаттықтың ақпараты бойынша, заңның мақсаты – “Ирак қоғамын әлемді шарпыған моральдық құлдырау және гомосексуализмге үндеуден қорғау”. Оны парламентте басым көпшілік болып отырған конвервативтік шииттер қолдады. 

Human Rights Watch құқық қорғау тобының айтуынша, бұл заң – адам құқығына жасалған ірі соққы. Құқық қорғау ұйымының өкілдері құжат ЛГБТ өкілдеріне күш көрсету мен алалауды заң жүзінде заңдастырады деді. Заңды АҚШ мемлекеттік департаменті де айыптады.

Factcheck.kz