Грузияда “шетел агенті” туралы заңға қарсылық акциясы өтті

28 сәуірде Тбилисиде “шетел агенті” туралы заңға қарсы наразалық акциясы өтті. Бұл туралы “Эхо Кавказа” басылымы хабарлады.

Жиылғандар бұл заңның қабылданғанына қарсы екенін мәлімдеді. Олардың бір бөлігі Грузия парламентінің ғимаратының айналасын аралап шықты, содан кейін Руставели даңғылында Грузияның әнұранын айтты.

Оған қоса шеруге қатысқандар “Абхазия бұл – Грузия!”, “Ресей заңына жол жоқ!” деп ұрандатты. Парламент үйінің сыртында “Ресей – басқыншы” деген жазу мен Грузия туын көтеріп шықты.

Басылымның ақпараты бойынша, оппозиция билікте отырған партияны “шетел агенті” туралы заңды Мәскеудің нұсқауымен қабылдады деп сынады. Алайда заң жобасының авторлары мұны жоққа шығарады.

Factcheck.kz