Сараптау | Айдос Сарым тағы нені бұрмалады?

14 сәуірде Cенат ел арасында қызу талқыланған “Сарым-Закиева” түзетулері деп аталып кеткен заң жобасын мәжіліске қайтардыБұған дейін де белсенділер мен құқық қорғаушылар заң жобасында әлеуметтік желідегі ой еркіндігіне қауіп төндіретін және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулер бар екенін ескерткен. Сонымен қатар, Factcheck.kz түзетулерге қатысты бірнеше материал жазған.

Қысқаша түсіндірейік: 14 сәуірде Сенат депутаттары қоғамда қызу талқыланған заң жобасына түзетулер енгізіп, мәжіліске қайтарды. Сенаторлар енгізген түзетуге сай, кибербуллиңге қатысты шағымдарды “арнайы сарапшылар тобы” қарастырады. Бұған дейін ұсынылған заң жобасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселені тек өзі ғана қарауы керек болған. 25 наурызда түзету авторларының бірі Айдос Сарым “Хабар 24” телеарнасына барып, қоғамда дау туғызып, Сенат кері қайтарған заң жобасының пайдасына бірнеше аргумент келтірген. Factcheck.kz депутат сөзіне тағы сараптама жасады.

Айдос Сарым Бұл заң болмаса да, біздің заңдарымыз, нормативтік құқықтық актілеріміз кез келген әлеуметтік желіні бұғаттауға мүмкіндік береді. Кез келгенін. Тіпті қаңтар оқиғасы осыны көрсетті деді. Расымен, ҚР Байланыс туралы заңының 41-1-бабына сай, Қазақстан аумағында түрлі себеппен байланыс желілерінің және құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібі бар. Алайда бұл белгілі бір постты өшіруге емес, әлеметтік желіні толықтай бұғаттауға бағытталған шара. Тиісінше, әлеуметтік желіні бір күнге бұғаттаудың өзі мемлекетке көп шығын алып келеді және жалпы проблемасы көп шара болғандықтан, мұндай құрал биліктің өзіне де тиімсіз. Ал Сарым-Закиева түзетулері белгілі бір постты (әсіресе ол пост биліктің былығын әшкерелесе, зерттеулер мен сын болса) іріктеп отырып өшіруге, не ел аумағында шектеуге мүмкіндік береді. Алайда Өкілетті орган өшіруді талап еткен жазба шындығында кибербуллиңге қатысты болмауы және әлеуметтік желінің ішкі заңнамаларын бұзбауы мүмкін, себебі қандай жазбаның Қазақстанның заңына қарсы екені түзетуде нақты көрсетілмеген, айқындалмаған.

А. Сарымның өзі айтып өткендей, қаңтар қырғынында әлеуметтік желі бұғатталды және дәл осы шара Қазақстанды көп шығынға ұшыратты. Statista-ның ақпаратына сай, еліміз – 2022 жылдың наурызының аяғында интернетті бұғаттауға кеткен шығын құны бойынша әлемде Ресейден соң 2-орында. Шығын 430 млн долларды құраған.

Бұдан бөлек, А. Сарым Мұндай құрал болуы керек. Егер мұндай жағдай [кибербуллиң-авт.] сізге, сіздің балаңызға, жақындарыңызға қатысты бола қалса, сіз Google-ға емес, біздің полицияға, біздің сотқа келесіз және сотта осы механизм болуы керек дейді. Алайда бұл тұста депутат ақпаратты бұрып алып кетіп отыр. Сарым мырза қылмыскердің өзімен емес, қылмыс болатын кеңістікпен күресуді ұсынады. Оның үстіне, әлеуметтік желіде кибербуллиңмен (тек онымен ғана емес) күресуге арналған өз механизмі бар екенін ұмытпаған жөн.

Мысалы, 2020 жылы ақпанда Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясында, Meta басшысы Марк Цукерберг зиянды контентті реттеу мәселесінде себептің орынды болуы керек екенін айтып, ақпарат кеңістігі туралы ақылға қонымды мысал келтірді.

Қазір бұл үшін [интернетті реттеу-авт.] қолайлы екі құрылым бар. Бұған газеттер мен бұқаралық ақпарат құралдарын және деректерді тасымалдайтын телеком моделін жатқызуға болады. Егер біреу телефон желісі арқылы зиянды нәрсе айтса, сіз жауапкершілікті телефонға жүктемейсіз ғой. Менің ойымша, біз екеуінің ортасында болуымыз керек.

Марк Цукерберг.

Цукерберг әлеуметтік желіні реттеуді талап етті ме?

Оған қоса Айдос Сарым “Meta басшысы Марк Цукерберг сенаторлардың алдында заң шығарушыларға әлеуметтік желіні реттеуді талап етті” деді. Бірақ депутат мырза контекстті толық айтпады.

2018 жылы сәуірде Meta басшысы Марк Цукерберг екі күн қатарынан АҚШ Конгрессінің өкілдер палатасы алдында сөз сөйледі. Отырыста саясаткерлердің бірі “реттеу саласы бойынша бізбен жұмыс істеуге дайынсыз ба?” деген сұраққа Цукерберг “иә” деп жауап берді. Бірақ Сарым мырза Цукерберг ұсынысын толық айтпай, әңгімені контексттен жұлып алғанын ескерген жөн. Конгресстегі отырыста Meta басшысы, реттеуге қатысты бірнеше ұсыныс жасайтынын айтты.

тайм код: 1:14:12

Кейін бір жылдан кейін Washington Post және компанияның ресми сайтында Марк Цукербергтің Facebook-ке қатысты көлемді түсіндірме материалы жарияланып, интернетті реттеуге қатысты төрт түрлі ұсынысын айтты.

  1. Зиянды контентпен күрес;
  2. Сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ету;
  3. Құпия ақпарат;
  4. Деректердің тасымалдануы.

Бұған қоса, Марк Цукерберг интернет ережелерін жаңарту барысында сөз бостандығын, бизнес өкілдерінің бостандығын сақтау арқылы, қоғамды зиянды заттардан қорғауға болатынын айтты. Сонымен қатар, Meta басшысы Цукерберг Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескенде интернетті реттеуге қатысты мәселеде қауіпсіздік пен сөз бостандығы арасында баланс болу қажеттігін айтты.

Factcheck.kz