Қырғызстан “Азаттық” сайтын бұғаттау уақытын ұзартты

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі “Азаттық” сайтын бұғаттау мерзімін ұзартты. Бұл туралы редакцияның өзіне ақпарат және бұқаралық коммуникациялар басқармасының басшысы Салқын Сарногоева хабарлады.

“Азаттық” сайтының қанша уақытқа бұғатталғаны әзірге белгісіз. Заң нормаларында да нақты мерзім көрсетілмеген. Сарногоеваның мәлімдеуінше, редакция бұғаттауға себеп болған материалды өшіргеннен кейін ғана елдегі жұмысын жалғастыра алады.

Контекст

Қырғызстан билігі «Азаттық» сайтын екі айға бұғаттады. Оған Азаттық құзырындағы «Настоящее время» сайтында 16 қыркүйекте жарияланған видео себеп болған. Мәдениет министрлігі мамандарының пікірінше, «Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауыр шайқас» деп аталатын бейнеде өшпенділік тілі қолданылған және Қырғызстанның көрші мемлекетке шабуыл жасағаны туралы расталмаған ақпарат жарияланған.

Журналистерді қорғау комитеті үкіметтің шешімін «цензура» деп атады. Оған қоса олар тәуелсіз медиаға жау ретінде қарауды доғаруға және кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырды.

Кейін Азаттық Мәдениет министрлігінің әкімшілік шағымын қарауы аяқталмайынша бұғаттауды тоқтатуды және редакцияға тағылған барлық айыпты алып тастауды сұраған. Алайда департамент медианың ешбір уәжін қабылдамады.

Factcheck.kz