Құлпынайдағы құрттар: денсаулыққа қауіпті ме?

Әлеуметтік желіде құлпынайды содамен жуған соң, одан құрттардың шығып жатқаны бейнеленген видео тарады. Factcheck.kg-дағы әріптестеріміз видеоның қаншалық шынайы екенін және оның қаншалық қауіпті екенін тексеріп көрді.

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық азық-түлік және ауыл шаруашылығы институтының зерттеуі бойынша, жеміс-жидек жейтін зиянкестердің бірқатарын құлпынай мен басқа да жидектерден табуға болады. Олар: шашақ қанаттылар, жібекөкбелек, ақ шыбындар, бит, Lygus қандаласы, кенелер, дрозофила шыбындарының дернәсілдері және тағы басқа.

Вирустық бейненің кадрларына қарап, бейнеде жидектерде болуы мүмкін ақ шыбын дернәсілдері көрсетілген деп болжауға болады. Олар Оңтүстік-Шығыс Азияда анықталған және бүкіл әлемде кездеседі. Шыбынның бұл түрі 20-30°С температураны жақсы көреді.

Шыбын дернәсілдері жидектің өзімен қоректенеді. Олар бастапқыда кішкентай болады, бірақ тамақтанған сайын өседі. Жидектер жұмыртқа салынғаннан кейін жиналса, жидектер тоңазытқышта сақталса да, ондағы дернәсілдер өсе береді. Кейде дернәсілдердің ұзындығы шамамен 1/8 дюймге (3,2 мм) жетеді. Дернәсілдер өсіп болған соң, жидектен шығып кетеді.

Фактчекерлер шыбын дернәсілдерімен зақымдалған жидектердің денсаулыққа тигізетін зияны туралы ешқандай зерттеу таба алмады. Дегенмен энтомолог және Корнелл университетінің профессоры Грег Лобтың айтуынша, шыбын дернәсілдері денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірмейді.

«Сіздің жемістеріңізде ағзалар бар, ол адамдарға ыңғайсыздық тудырса да, зиянын тигізбейді. Сіз жәндіктерді жесеңіз, сіз ауырмайсыз. Бұл жәндіктердің көпшілігі жемістердің сыртында тіршілік етеді, құлпынай да бар», – деді ол.

Құлпынай және ұсақ жеміс энтомологы, Ph.D, Флорида университетінің ассистенті де Шриянка Лахири осындай пікірде.

«Құрт бар жемістерді жеу денсаулыққа теріс әсер ететіні туралы ешқандай дәлел жоқ және адамдар мұны ғасырлар бойы сондай жемісті жеп келе жатқан шығар», – деді Лахири.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік жүйеде пайдалы микроорганизмдерді сақтай отырып, зиянкестермен күресу жұмыстары жүргізілетінін айта кеткен жөн.

Жемістегі құрттардан құтылу үшін құлпынайларды салқын суда 1 минуттай шаю керек. Осылай сіз паразиттердің орташа есеппен кемінде 80%-ін жуып тастай аласыз.

Сондай-ақ Норвегияның қоршаған орта және өмір туралы ғылымдар университетінің зерттеуі сірке суымен шаю 80% жағдайда жидектердегі зиянкестермен күресуге көмектесетінін көрсетеді.

Factcheck.kz