Қырғызстан Жоғарғы сотының азаматтық және экономикалық істер бойынша алқасы “Клооп Медиа” қоғамдық қорын жабу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Kloop.kg хабарлады.
“Клооп Медиа” өкілдерінің айтуынша, сот отырысына тараптар қатыспаған, шешім сол күні күшіне енген. “Клооп” сайтының негізін қалаған Ринат Тухватшин шешімнің өзгермейтінін сезгенін айтты.
“Клооп” жұмысын жалғастыра береді. Сот кезінде әлеуметтік желідегі қолданушыларымыздың саны артты. Ең терең зерттеулеріміз бен ең объективті жаңалықтарымызды, ең өткір айдарларымызды шығара береміз”, – деді Ринат Тухватшин.
Басылым өкілдерінің айтуынша, бұған дейін қор заңгерлері Октябрь аудандық сотының шешіміне шағым түсіруге тырысқан. Алайда қалалық сот “шағым түсіру уақыты өтіп кеткен” деп апелляциялық шағымды қараудан бас тартқан.
“Клооп Медианы” жабу туралы шешімге Журналистерді қорғау комитеті реакция білдіріп, Қырғызстан билігін тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды доғаруға шақырды.