Фактчек | Динара Закиева «буллиңі бар ақпаратты» өшіру процедурасы туралы

Материал 01.04.2022 толықтырылды: Материалдың бірінші абзацына Қазақстан Республикасы заңының «Байланыс туралы» 41-1-бабына қатысты түсініктеме енгізілді. Сондай-ақ материалдың Қорытындысы, нақтырақ айтқанда бірінші абзацы түзетілді.

ҚР Мәжілісінің депутаты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, Ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (яғни, Сарым-Закиев түзетулері) Заң жобасы авторларының бірі Динара Закиеваның түсіндірулеріне фактчек жасауды жалғастырамыз. Еске сала кетейік, олардың айтуынша, түзетулер кибербуллиңі бар контентті бұғаттау арқылы қазақстандық балалардың құқын қорғауға бағытталған. Ол заң қабылданған жағдайда тәулігіне орташа есеппен 100 мыңнан аса қазақстандық қолданушысы бар интернет-платформалар, әлеуметтік желі мен мессенжерлер өкілетті орган, нақтырақ айтқанда АҚДМ (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) сұрау салғаннан кейін 24 сағат ішінде өкілетті орган көрсеткен (құқыққа қарсы) контентті өшіруге немесе Қазақстан аумағында оған шектеу қоюға міндетті болады. Ал егер әлеуметтік желі оны орындамаса шы? – Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» (41-1-бап) заң нормасы қолданылуы мүмкін. Яғни өкілетті орган тыйым салынған ақпаратқа шектеу қоюға, интернет-ресурсқа қолжетімділікті тоқтатуға немесе жандандыруға құқылы болады (№20 түзетуді қараңыз). Жалпы «Байланыс туралы» заңның қазіргі редакциясы бойынша да мемлекеттік органдар құқыққа қарсы контентке байланысты интернет-ресурсқа уақытша шектеу қоя алады. 11 наурызда түзету авторларының бірі Динара Закиева өзінің Facebook-тағы постында осы бастамасын түсіндіре отырып, мынадай мәлімдеме жасады:

Кибербуллиң балаларға қатысты болған жағдайда уақыт пен жедел әрекет ету маңызды. Осыған байланысты заң жобасында балаларға қатысты кибербуллиң анықталған жағдайда шара қабылдауға уақыт бекітілген – 3 күн: үш күн ішінде Өкілетті орган ақпаратты тексереді, өкілмен байланысады, ол байланысқаннан кейін 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллиңі бар ақпаратты өшіруі қажет.

Динара Закиева

Үкім: Манипуляция

Бұл түзетулер ҚР заңнамасына алғаш рет «кибербуллиң» ұғымын енгізгеніне қарамастан, шектелуі тиіс құқыққа қарсы контент тізімінде ол жоқ.

Өздеріңіз білетіндей, Сарым-Закиева түзетулері ҚР бірнеше заң актілеріне де қатысты. «Ақпараттандыру туралы» заңының №66 түзетуін қарайық.

Осы түзету аясында заңды 18-2 бабымен және мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтыру ұсынылады: «Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өкілетті органмен жұмыс істейтін заңды өкіл (онлайн платформаның – ред.) … Қазақстан Республикасы «Байланыс туралы» Заңы 41-1-бабының 1, 1-1 және 1-2 тармағында көрсетілген талаптарды орындау туралы нұсқау алғаннан кейін … Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзатын ақпаратты жиырма төрт сағат ішінде өшіруге немесе оның Қазақстан Республикасы аумағында таралуын шектеуге міндетті”.

Яғни шынында шетелдік интернет-платформа құқыққа қарсы ақпаратты Қазақстаннан нұсқау алғаннан кейін 24 сағат ішінде өшіруі қажет. Ал енді мұқият болыңыз – бұл қандай ақпарат және қандай тақырыптарға қатысты.

Мәтінде айтылған ҚР «Байланыс туралы» Заңының қазіргі уақытта бар 41-1-бабы тармағының №66 түзетулері жалпы желілер мен (немесе) байланыс құралдарының жұмысын тоқтата тұру тәртібін реттейді. Заң бойынша қандай бұзушылықтар үшін бұл заң күшіне енуі қажет екенін қарайық. 41-1-баптың 1-тармағын келтіреміз:

“Байланыс желілері және (немесе) құралдарын жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасын бұзатын, экстремистік және террористік әрекеттерді жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге, сол сияқты бұқаралық (жария) іс-шараларға қатысуға шақыратын ақпаратты тарату үшін пайдаланылған жағдайда, кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын, электрондық казино, интернет-казино жарнамасы бар, Қазақстан Республикасында ойын бизнесі саласында қызметпен айналысуға құқығы жоқ адам ұйымдастыратын және өткізетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің жарнамасын жасау мақсатында пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасарлары Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарына байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс жібереді, осы баптың 1-2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, интернет-ресурстарға және (немесе) оларда орналастырылған ақпаратқа қолжетімділікті уақытша тоқтата тұру жөнінде талап қойып, заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізеді не ақпарат саласындағы өкілетті органға ұсынады…».

Ескерту: 1-2-тармақта жедел-іздестіру қызметіне байланысты интернет-ресурстарға қолжетімділікті тоқтата тұру тәртібі туралы айтылады және бұл тармақтың біздің талдауымызға қатысы жоқ.

Көріп отырғанымыздай, ескі редакцияда интернет-ресурстарға немесе онда орналастырылған ақпаратқа қолжетімділікті уақытша тоқтата тұру себептерінің қатарында кибербуллиң айтылмайды. Дегенмен осы ұғымды ҚР заңнамалық базасына енгізгенімен, ол Сарым мен Закиева ұсынған редакцияда да жоқ («Байланыс туралы» заңның 41-1-бабындағы №19-22 түзетулерді қараңыз). 41-1-бабындағы түзетулер тек өкілетті органның қызметін түсіндіріп, кейбір анықтамалардың аясын кеңейтеді, мәселен, «ақпарат саласындағы» тіркесі «бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы» сөзімен ауыстырылған және т.с.с.

Балаларға қамқорлық туралы айтып отырғаннан кейін кибербуллиңді бұзушылықтар қатарына қосып, осындай құқыққа қайшы контент уақытша өшірілетінін – яғни желіге уақытша қолжетімділік шектелетінін нақтыласа мұндай әңгіме болмас па еді. Дегенмен қазіргі тұжырымдамалардың ауқымы кең, оның аясына кез келген контентті кіргізіп жіберуге болады.

Контекст

Сарым-Закиева түзетулері «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңның 1-бабына (4-1 тармақша) – «Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы»: «…баланы қорлау (буллиң) — кемсіту сипатындағы жүйелі (екі және одан да көп) іс-әрекеттер, ізге түсу және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір іс-әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған іс-әрекеттер, сол сияқты көпшілік алдында бұқаралық ақпарат құралдарын және (немесе) телекоммуникация желілерін (кибербуллиң) пайдалана отырып дәл сол іс-әрекеттерді жасау» – толықтырулар енгізу арқылы кибербуллиң дефинициясын енгізеді.

Сонымен қатар бұл ұғым «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның түзетулерінде де айтылады: « … кибербуллиң деп – балаға қатысты кемсітушілік сипаттағы жүйелі іс-әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту… оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып, қандай да бір іс-әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер түсіндіріледі.

Қорытынды

  • «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның ұсынылып отырған түзетулеріне сәйкес (№10 түзету) өкілетті органның кибербуллиң туралы мәлімдемені қарап, жауап беруіне 3 күн беріледі.
  • Ал интернет-платформа немесе мессенджерге «Ақпараттандыру туралы» Заңның № 66 түзетуіне сәйкес, мұнда нақтыланбаған контентті өшіруге тек 24 сағат беріледі. Осылайша интернет-платформа ішінара оқиғаны өзі зерттеу немесе контенттің құқыққа қайшы еместігін даулау мүмкіндігінен айырылады. Интернет-платформалардың біздің реттеуші органдармен үнемі келісе бермейтіні және біздің заңға олардың қалай қарайтыны айтылған алдыңғы материалымызды оқыңыз.
  • Заңнамаға енгізіліп жатқан кибербуллиң ұғымы «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабында көрсетілген құқыққа қайшы контенттер (қазақстандық мемлекеттік органдардың нұсқауы бойынша интернет-платформалар қолжетімділікті шектеуге тиіс контенттер) тізімінде жоқ. Ұсынылып отырған түзетулер әзірге кибербуллиңді бұл тізімге енгізуді қарастырмаған.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz