Айдос Сарым балаларды булиңнен қорғауға қатысты заң жобасы туралы айтқанда нені бұрмалады?

9 наурызда Мәжілістің екінші оқылымында депутат Айдос Сарым және Динара Закиеваның ұсынған заң жобасының түзетуі мақұлданып, Сенатқа кетті. Депутаттар бұл заң жобасы балаларды кибербуллиңнен қорғау үшін әзірленді дегенді алға тартса да, кейбір тұсы тым күмәнді, ал белсенділер заң жобасы желіні бұғаттауға мүмкіндік береді, бұл, цензураға алып келеді деп алаңдайды. Осы тұста, Айдос Сарым журналист Нартай Аралбайдың YouTube каналына сұхбатқа барып, заң жобасына қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесіне анализ жасады.

Айдос Сарымның сұхбаты (тайм-код: 1:19:23)

Meta мен Словакия

Айдос Сарым Словакаияда 2 млн адам тұратынын, және ол елде Facebook-тың өкілдігі барын айтады. Алайда бұл жалған ақпарат.

Словакияда 2 млн емес, 2021 жылдың 31 желтоқсанындағы дерегіне сай, 5 434 712 адам тұрады. Бұдан бөлек, дептутаттың не меңзегені белгісіз, алайда Meta-ның өз дерегіне сай, Словакияда бұл корпорацияның кеңсесі де, деректерді өңдеу орталықтары да жоқ.

Балалар арасындағы суицид және әлеуметтік желі

Депутат тағы Баламыздың TikTok-ты көріп алып терезеден секіргенінің керегі жоқ немесе “Синий кит” болғанының керегі жоқ, у ішкенінің керегі жоқ деген мәлімдеме жасап, әлеуметтік желі мен жастар арасындағы суицид тақырыбын байланыстырып, балалалардың өз-өзіне қол жұмсауының басты факторы TikTok (немесе кез келген басқа әлеуметтік желі) дегенді айтқысы келеді. Алайда бұл проблема терең және жан жақты зерттеуді талап етеді, сөз бостандығына қол сұғу арқылы шешімін таппайды. Ал деректер суицидтің жиілеген кезі 1996 жылға келгенін көрсетеді, ал ол кезде әлеуметтік желі болмағанын ескеру маңызды.

Одан бөлек, Қазақстанның Google-ға контентті жою туралы жолдаған сұрауларынан суицидке алаңдаушылық білдіргені байқалмайды. 2021 жылдың қаңтар-маусымындағы ақпаратқа сай, Google-ға Қазақстан контентті жою туралы сұрауларының ішінде ұлттық қауіпсіздік (34) және билік өкілдерін сынау (34) санаты бойынша ең көп сұраныс жіберген. Ал алалайтын мәлімдемеге қатысты 3, қалған санат бойынша 13 сұраныс жолдаған. Осыдан соң “билік өкілдері расымен әлеуметтік желідегі буллиңге алаңдай ма не оларға халықтың сын айтқаны ұнамай ма?” деген заңды сұрақ туындайды.

Балалар мен жастар арасындағы суицид — еліміздің саясаткерлері ақпаратты бұрмалау үшін жиі пайдаланатын тақырып екенін ескерген жөн. Алайда жағдайды толық түсінетіндері сирек кездеседі.

Біз бұған дейін суицидтке бір ғана себеп болмайтынын, ондай проблемаға жан-жақты қарау керектігін жазғанбыз. Оның ішінде кибербуллиң көп себептің бірі ғана болуы мүмкін, алайда толық жауапкершілікті әлеуметтік желіге арта алмаймыз.

Әлбетте, суицидке итермелейтін ойдың әлеуметтік желіге мүлде қатысы жоқ деп кесіп айтуға да келмес. The Wall Street Journal-дың Facebook-тың ішкі зерттеуіне сілтеп жазған ақпаратына сай, кейбір жасөспірім қыздардың психикалық жағдайына не өз-өзін қабылдауына Instagram кері әсер еткен, кейбір жасөспірім қыздар замандастарының суретіне қарап өзін кемшіл санай бастаған. Яғни виртуалды әлемде мінсіз образ жасау басқалардың уайымы мен депрессиясына себеп болуы мүмкін. Алайда бұл жердегі проблема әлеуметтік желіде емес, қоғамға сіңіп кеткен “сұлулық стандарттарында” екенін түсіну маңызды. Осындай себеппен әлеуметтік желіні бұғаттау, битке өкпелеп, тонды отқа жағуды еске салады.

Адамды суицидке депрессия, түрлі психикалық ауытқу мен ауру, бала кездегі травмадан қалған стресс, оның ішінде физикалық және сексуал зорлық (мүмкін суицидпен күресу үшін Ішкі істер министрлігінің реформасымен айналысу керек шығар?), есірткі мен алкоголь ішу секілді түрлі экономикалық, әлеуметтік, психологиялық проблемалар итермелейді. Тіпті адамның суицид жасауға жақын болуына оның генетикасы да әсер етуі мүмкін. 

Психологтар жасөспірімдер арасындағы суицидке қатысты түрлі пікір айтқанымен, ойлары бір жерден шығады: бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, оның ішінде психо-эмоцианал байланыстың болмауы, ата-ананың тарапынан зорлық-зомбылық, баланың жалпы психологиялық жағдайы, баланың пікірін елемеу, тұлға ретінде санаспау және тағы басқа.

Сондықтан Қазақстандағы жастар арасындағы суицидпен күресу мақсатында мемлекеттік органға кез келген контентті өшіруге мүмкіндік беру – кем дегенде проблеманың түп тамырын білмеу және ой еркіндігіне қауіп төндіру. Бәлкім заң шығарушылар зорлық-зомбылықпен, оның ішінде тұрмыстық-зорлық зомбылықпен күресуге, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге, коррупция және алалаудың түрлі формаларымен күресуге арналғар заң шығарса, суицид расымен аз болар ма еді?!

Factcheck.kz