2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

Жыл сөзін таңдау — бүкіл әлем бойынша филологтардың, лингвистер мен тіл энтузиастарының жыл сайын дәстүрге айналған ермегі. Кей жеңімпаз сөздер маңызы бойынша таңдалса, кейбірі өте көп айтылған сөз, басқасы ерекше дыбысталатын немесе ең көкейкесті сөз болуы мүмкін.  

Жасанды интеллект және қаржы дағдарысы — беделді сөздіктер мен тіл институттарының пікірінше, биылғы жыл осы сөздермен есте қалмақ.

2023 жылда сипаттайтын сөздер туралы дәстүрлі топтамада айтып береміз.

Ғажап және үрейлі жасанды интеллект

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

Бірнеше басылым мен баспа Жыл сөзі деп жасанды интеллектіге байланысты ұғымдарды атады. Ағылшын тілінің Collins Dictionary сөздігі жыл сөзі деп AI — Artificial Intelligence — «жасанды интеллект» аббревиатурасын таңдады. Басылым авторларының сөзінше, нағыз революция санала алатын технология 2023 жылы қарқынды дамып, ең жиі талқыланатын тақырыпқа айналған.

Cambridge Dictionary сарапшылары инновациялық бағдарламалардың танымал екеніне келіседі, бірақ ЖИ-дің ең мәселелі аспектілерінің бірін сипаттайтын ұғымға назар аударған. Басылым Жыл сөзі деп нейрожелі жұмысы контекстінде жаңа мағына тапқан hallucinate — «елестету» етістігін таңдады.

Елестету — жасанды интеллекті (адам миына тән, мысалы, адам сияқты сөйлей алатын бірқатар қасиеттерге ие компьютер жүйесі) елестеткен кезде, ол жалған ақпарат өндіреді.

Ағылшын тілінің Cambridge Dictionary сөздігіндегі анықтаманың аудармасы

Ағылшын тілінің ең үлкен онлайн сөздігі саналатын Dictionary.com да әріптестерімен келіседі. Ол да hallucinate Жыл сөзі деді. Олардың анықтамасы мәселелерді нақтырақ көрсетеді: ЖИ елестете отырып тек жалған ақпарат таратпайды, өндірушінің қалауына қарамастан, сол жалған ақпаратты шындай етіп көрсетеді.

Лингвистер ЖИ дәл осы кемшілігі жаңа технологияның қоғамдық пікірталас тудыруына негізгі себеп болды дейді және қолданушыларды оны ақылмен және абайлап қолдану керек деп ескертеді:

Генеративті ЖИ — қуатты құрал, бірақ оны тәуелсіз әрі тиімді қолдануды әлі үйреніп жатырмыз. Демек, оның мықты жақтарын ғана емес, әлсіз тұстарын да білуіміз керек.

Dictionary.com лексикографтары

Бір қызығы, А.С.Пушкин атындағы Орыс тілі институты мамандарының сөзі де батыс әріптестерімен бір жерден шықты. Ресей лингвистері «нейрожеліні» Жыл сөзі атады. Номинацияның шорттізіміне ЖИ-ға байланысты басқа да сөздер енген: «джипити» (немесе GPT аббревиатурасы), «промпт» (тұтынушы белгілі бір нәтиже алу үшін нейрожелі алдына қоятын талаптар мен сипаттамалар жиыны, мысалы: Эдвард Мунктің «Айқай» картинасы стилінде фактчекерлердің суретін сал).

Пушкин атындағы институт таңдауында ирония бар деуге де болады, себебі РФ Мемлекеттік думасы 2023 жылдың басында мемлекет деңгейінде орыс тілінде баламасы жоқ шетелдік сөздерді қолдануға тыйым салатын заң қабылдаған еді.

Виртуалды әлемде шынайы болу

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

Ағылшынтілді Merriam-Webster сөздігінің нұсқасы бойынша таңдалған Жыл сөзі де жасанды интеллектіге ішінара байланысты — authentic. Контекстіне қарай бұл сөз «шынайы, түпнұсқа» немесе «ерекше» деген мағына білдіреді. Илон Маск Дубайдағы Дүниежүзілік үкіметтік саммитте сөз сөйлегенде саясаткерлер мен корпорация басшыларын әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында authentic («шынайы») болуға, «айту керек нәрсені емес, шын мәнінде не ойлайтынын айтуға» шақырды.

Лексикографтар ЖИ өте қарқынды дамып жатқанын, технологияның дипфейк видеоларға, шығармашылық және академиялық ортаға қатты ықпал етіп жатқанын айтады. «Шынайы және жасанды дүниені ажырату ерекше қиын болып кетті» деп жазылған Жыл сөзіне арналған материалда.

Салықтар, климат және өршіп жатқан дағдарыс

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

2022 жылғы Жыл сөзіне шолуда соғыс және қарулы қақтығыстар басты әлеуметтік ауыртпалық ретінде сипатталса, 2023 жылы қаржылық және экологиялық проблемаларға назар ауды.

Неміс тілі қоғамы (GfdS) таңдаған кейінгі екі жылдағы Жыл сөздері жаманнан өте нашар жағдайға қарай өзгерістер тенденциясын көрсететіндей. 2022 жылы Жыл сөзі Zeitenwende — «дәуірдің ауысуы» немесе «жаңа дәуірге өту» болса, 2023 жылғы Жыл сөзі Krisenmodus — «дағдарыс режимі» атанды.

Лингвистердің сөзінше, дағдарыс белгілі бір деңгейде қай заманда болсын болғанымен, қазір шыңына жеткендей. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, ХАМАС пен Израиль арасындағы жағдайдың ушығуы, климаттың өзгеруі, энергетикалық дағдарыс және инфляция, Германиядағы бюджет дағдарысы мен білім беру жүйесіндегі проблемалар сияқты жаһандық дағдарыстарды еске алудың өзі жеткілікті.

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz
Буддалардың Киотодағы «Таза су храмындағы» иероглифтер жазу салтанаты. Дереккөз: nippon.com

Жапонияда халықтың дауыс беруі нәтижесінде 税 /дзей/ — «салық» жыл иероглифі атанды. Осылайша таңдау жапондардың салықты көбейту және инфляция мен төменгі күнкөріс шегінің артуына орай салық есебінің жаңа жүйесін енгізу секілді жағдайларға байланысты үрейін көрсеткендей болды. Шорттізімде ең танымал екінші сөз 暑 /сё/ — «ыстық» деген иероглиф болды. Ол Жапониядағы ерекше ыстық жазды және Жер шарындағы ең жылы жылды сипаттайды.

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

Француз тіліндегі Жыл сөзі де экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіреді. Le Soir және RTBF басылымы оқырмандарының таңдауынша, 2023 жылғы Жыл сөзі bombe climatique — «климаттық “бомба”» болды. Климаттық немесе көміртектік «бомба» деп эксплуатация кезінде атмосфераға миллиард тонна көміртек газын шығаратын газ, көмір немесе мұнай кен орнын атайды. Басылым дерегінше, әлемде қазір мұндай 425 кен орны бар.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның қарашада шыққан баяндамасына сәйкес, әлем бойынша негізгі парниктік газ —  көміртек газының (СО²) орташа концентрациясы 2022 жылы алғаш рет 50% индустриалды кезеңге дейінгі деңгейге жетіп, 2023 жылы артып келеді. Ұйым өндірістік СО² қалдықтарының арта беретінін болжап отыр.

Қытайдың Жыл сөзі

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz
Эмэйшань тауындағы будда храмы, Сычуань провинциясы. Фото Loïc Manegarium

Былтыр айтқанымыздай, Қытайда жыл сөзі екі номинация бойынша таңдалады. Оның бірі мемлекеттің ішіндегі, ал екіншісі әлемдегі жағдайларды сипаттайды. Бұл екі ұғым қатты ерекшеленеді және 2023 жылдың сөздері де соны көрсетті.

Жаһандық жағдайларды сипатату үшін 危 /вэй/— «қауіп» иероглифі таңдалды. Ол Палестина-Израиль шиеленісі, Фукусима АЭС резервуарынан су кету, ЖИ байланысты қауіптерді сипаттайды.

2023 жылдың Қытайдағы жағдайды сипаттайтын сөзі 振 /чжень/ – «өзін жігерлендур», «шабыттандыру» иероглифі болды. Ол «қиындықтар алдында өзіне адал болып қалу, кедергілерге қарамастан жолдан шығып қалмау» деген мағына білдіреді.

«Америка дауысы» басылымының жазуынша, жыл сөзін барлығы бірдей қолдай қоймағанға ұқсайды. Қытайдағы әлеуметтік желі қолданушылары мұны «өзін алдауға» балап, мұндай ұғым алдағы жылға үміт білдіретінімен, кетіп бара жатқан 2023 жылды сипаттамайтынын айтты.

Жастарға жол беріңіздер

2023 жылғы Жыл сөздері: дағдарыс, жасанды интеллект және rizz

Бұл тізімді жағымды нотада аяқтайық.

Oxford Dictionaries жыл сөзі деп жастардың rizz деген слең сөзін таңдады. Ол мінезіне, сырт келбетіне және флирт жасай алуына қарай адамдарға тартымды бола білу қабілетін білдіреді. Көбіне романтикалық сипатта қолданылады.

Rizz тек ағылшынтілді орта үшін ғана маңызды болғанымен, мәдени феномен ретінде бірнеше себеппен қызық. Біріншіден, бұл сөз Gen-Z, яғни, зумерлер ұрпағына тән және сөзсіз жастар слеңі саналады. Соның өзінде ағылшын тілдерінің сөздіктеріне еніп үлгерген (1, 2).

Екіншіден, ол өте сирек кездесетін жолмен жасалған. Rizz — «charisma» (қаз — харизма) сөзінен қысқартылған деген болжам бар. Бірақ әдеттегі қысқартулар сөздің басынан алынса, charisma сөзінің тек ортасын қалдырып, оның жазылуын сәл өзгерткен.

Үшіншіден, оның кең тарауы кімнің арқасында екенін жақсы білеміз.

Маусымда актер Том Холланд сұхбат беріп, қыздарды өзіне тартатын құпия техникасы немесе қабілеттері жоқ екенін айтты. Актриса, әнші Зендеяны өзіне қалай ғашық қылғанын айта келе, актер «бұл ұзақ ойын болды, фильмде бірге ойнағанымыз, бір-біріне ғашық адамдарды ойнағанымыз әсер еткен шығар» деді.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz