Тоқаев паспорт туралы айтып, неден шатасты?

25 сәуірде президенттің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, еріктілер қатысты. Тоқаев сөйлеген сөзінде паспортымызға қатысты дерек келтірді.

Factcheck.kz редакциясы оның сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұр. Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді. Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Henley & Partners компаниясының паспорт индексі рейтиңіне сай, 2024 жылдың I тоқсанындағы жағдай бойынша, Қазақстан 66-орында емес, 68-орында тұр. Компанияның жазуынша, қазақстандықтар визасыз 78 елге бара алады.

Тоқаев, бәлкім, Henley & Partners рейтиңінің ескірген көрсеткішіне сүйенген. 2024 жылдың қаңтарында қазақстандық ақпараттық сайттар (1, 2) компанияның жарияланымына сілтеп, Қазақстан паспорты 66-орында екені туралы жазған.

Henley & Partners Passport Index – мемлекеттердің азаматтарына ұсынатын қозғалыс еркіндігі деңгейіне негізделген халықаралық рейтиң. Индекс 200-ден астам ел мен аймақтың визалық ережелерін талдап, оларды визасыз елдер саны бойынша белгілейді.

Қазір көрсеткіште 68-орында Қазақстанмен қатар Индонезия мен Косово тұр.

Тоқаев паспорт туралы айтып, неден шатасты?
Henley & Partners Passport Index көрсеткіші

Рейтиңде төрт Еуропа елі мен екі азиялық мемлекет бірінші орында тұр. Олар: Франция, Германия, Италия мен Испания және Сингапур, Жапония. Ал Орталық Азия елдерінен Қырғызстан 79-оранда (визасыз 65 елге баруға болады), Өзбекстан 80-орында (визасыз 64 елге баруға болады), Тәжікстан 82-орын (визасыз 61 елге баруға болады), Түркіменстан 90-орын (визасыз 52 елге баруға болады). Ауғанстан тізімде 107-орында соңғы болып тұр. Ауғандықтар 28 елге бара алады.

Алайда Тоқаевтың “табанды жұмысы” туралы сөзі күмәнді. Себебі Henley & Partners Passport Index дерегінше, рейтиңдегі 68-орын — бұл Қазақстанның 2006 жылғы көрсеткішіне тең. Қазақстанның ең жақсы көрсеткіші 2014 жылы болды, ол кезде еліміз 64-орынға көтерілген еді.

Тоқаев паспорт туралы айтып, неден шатасты?
Henley & Partners Passport Index-тің Қазақстан көрсеткіші

Тағы қандай рейтиңдер бар?

  • Әлемдегі визалардың тағы бір рейтиңі The VisaGuide Passport Index деп аталады. Оның көрсеткішіне сәйкес, Қазақстан паспорты қазір 34,55 баллмен 111-орында тұр. Ең мықты паспорт — Сингапурдыкі, баллы — 91,06. Henley Passport Index пен VisaGuide Passport Index-тің методологиялық айырмашылығын мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.
  • Visaindex.com сайтының ақпаратына сай, паспорттар рейтиңінде Қазақстан 67-орында тұр. Авторлардың жазуынша, рейтиң 229 бағытқа визасыз саяхатты ұсынатын паспорттың мүмкіндігіне қарап негізделген. Бұл бағыттар тәуелсіз төлқұжат жүйесі бар елдер мен аумақты қамтиды.
  • Паспорттың қауқарын көрсететін тағы бір рейтиң — Passport Index дерегінше, Қазақстанның әлем бойынша көрсеткіші 53-орын, ал қозғалу еркіндігінің көрсеткіші — 90.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz