Феминизм туралы жаңсақ ой мен мифтер

Кейінгі кезде феминистік қозғалыс пен феминистік іс-шаралар қоғамда жиі талқыланатын болды, ал 2021 жылы Алматы қаласында өткен әйелдер маршынан соң күшейе түсті десе болады. Осы тұста қоғамда феминизмге қатысты нақты көз қарастың жоғын, ал адамдар қозғалысқа қатысты түрлі аңызға сенетінін не тақырыпты бұрмалап жеткізетінін байқауға болады. Fаctcheck.kz назарларыңызға феминизм мен феминистер туралы көп тараған миф пен олардың рас-өтірігі туралы материал ұсынады.

1-миф. Феминизм мақсаты — әйелдер билігін орнату

Үкім: Манипуляция

Феминистік қозғалыс — жүйелі түрде кездесетін теңсіздік және әділетсіздікпен күрес, оның мақсатына саяси, экономикалық, заңды және әлеуметтік теңдік орнату кіреді. Яғни, феминизм расымен әйелдердің билікке келуін қолдайды, алайда бұл бір жыныстың абсолют билігі емес, гендерлердің біріге жұмыс істеуіне күш жұмсау дегенді білдіреді. Демек, феминизм жыныстардың (гендердің) әлеуметтік, экономикалық және саяси теңдігіне сенім

2-миф. Феминизм тек [гетеросексуал — авт.] әйелдердің құқығы үшін күреседі

Үкім: Шындыққа жақын және манипуляция

Феминизмнің бірінші және екінші толқыны, негізінен, ақ нәсілді гетеросексуал, жоғарғы оқу орнында оқыған әйелдердің құқығын қорғаумен шектелгені рас. Бірақ ол қара нәсілді, лесбиян, иммигрант және діни азшылық тобындағы әйелдердің мәселесін шеше алмады. Кейінгі толқынның феминистері екі толқынды өзара әрекеттестік пен инклюзивтігі әлсіз болды деп сынады. 

Дегенмен, феминизмнің үшінші толқынына қара нәсілді феминистер, лесбияндар, гейлер, бисексуалдар, трансгендерлер, квирлер және интерсекс (ЛГБТКИ+) адамдар, азшылық тобындағы әйелдер жаңа дем беріп, ұйымшылдықпен қатар жүрді. Сондықтан қазіргі феминизм тек гетеросексуал әйелдердің құқығын қорғайды деген қате түсінік.

3-миф. Феминизм еркектерге бағытталған сексизм, еркектердің проблемасына бей-жай қарайды

Үкім: Манипуляция

Айтып өткеніміздей, феминизм әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік теңдік орнатуына бағытталғанымен, үшінші толқындағы феминизм инклюзивтікке ұмтылады. Феминизм ерлерді де алалау мен әлеуметтік гендерлік рөлдердің құрбаны ретінде қарастырады. 

Сондықтан, жалпы, қазіргі феминизмді барлық адамның құқығы үшін болашақтың гуманистік қозғалысы ретінде қарастыруға болады. Өйткені, әр адам жынысына, гендеріне, нәсіліне, дініне, ұлтына, тіліне қарамастан құрметке лайық және әркім кез келген мәселеде өз таңдауын жасауға құқылы дегенге сенеді.

4-миф. Феминистер — еркектерден сексте көңілі қалғандар немесе өмірге ренжіген (ұсқынсыз) лесбиян әйелдер

Үкім: Манипуляция

Мұндай тұжырым жалпы формалды логика тұрғысынан қате:

біріншіден, адамның өмірге “ренжуі” өте субъектив әрі нақты емес, әркімде түрліше көрініс табатын құбылыс.

Екіншіден, сұлулық пен ұсқынсыздық мемлекет пен мәдениеттегі норманың өзгеруіне байланысты бірге өзгеретін, құбылмалы түсінік. Оның үстіне «сұлулық стандарты» гендерлік иерархияның күшейуіне, дискриминацияға және әйелдерді бақылауға алуға талпыныстың көрінісі. Одан бөлек, адамның келбетіне қарап сынау (лукизм), тағы да формалды логикалық қате.

Үшіншіден, феминистің (жалпы адамның) сексуал орентациясы оның көз қарасына байланысты болуы міндетті емес. Мысалы, гетеросексуал әйел феминист болуы, ал лесбиян әйел феминист болмауы мүмкін. Бұл да субъектив көзқарас пен жағдайға байланысты. 

5-миф. Егер еркек пен әйел биологиялық тұрғыдан әртүрлі болса, теңдік туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?

Үкім: Манипуляция

Әлбетте, әйел мен еркектің жынысынан бастап биологиялық ерекшеліктері бары сөзсіз. Жалпы адамның жынысына қарамастан биологиялық мүмкіндігі әр түрлі болуы мүмкін. Алайда бұл біріне негізсіз көп мүмкіндік беріп, келесісінің мүмкіндігіне шектеу жасауға болады дегенді білдірмейді. Феминистердің де алғашқы және бүгінге дейін жалғасып келе жатқан мызғымас талабы — экономикалық, әлеуметтік, саяси және заңды тұрғыдан теңдік. 

6-миф. Әйелдердің білім алуға, дауыс беруге құқы бар. Демек, феминистік қозғалыстың қажеті жоқ және мақсаты орындалды.

Үкім: Манипуляция

Феминизмнің алғашқы толқыны, яғни біз қазір білетін феминизмнің бірінші көрініс тапқан кездегі әйелдер талабы көп елде орындалды деуге келеді. Оның ішінде Қазақстанда азаматтар жынысына қарамастан бірдей білім алады, сайлауға қатысады. Алайда, зорлық-зомбылаққа қатысты ресми статистиканың өзі көңіл көншітпейді. 2020 жылы әйелдерге қатысты 63 447 тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген (тіркелгені ғана!). Ал Бірікен ұлттар ұйымының хабарлауынша, жыл сайын елімізде 400-ге жуық әйел жақынының қолынан қаза табады.

Одан бөлек, әйелдер мансаптық өсімде шыны төбеге, отбасында гендерлік стереотипке (ақысыз еңбегі), жұмыста харассментке, қоғамның өзінде әйелдерді кемсіту, еркектен төмен санау, еңбегін жоққа шығару сынды жағдай жиі кезігеді. 

7-миф. Феминизм Батыстан келген

Үкім: Манипуляция

Қазір біз білетін феминизмнің формасы расымен де алғаш рет Батыс елдерінде қалыптасты, қозғалыстың жаңғырығы әлемге тарап, қазір адамзат білетін басты құндылықтардың біріне айналды. Классикалық фемнизмнің талабы адамзатқа тән құқық болғандықтан, оны батыстық не шығыстық деп бөлуге келмейді. Бұл адам өмірге келе салысымен автоматты түрде берілетін (Қазақстанда) Конституциялық құқық.

Контекст

Елімізде әр 3 сағатта бір әйел, бір тәулік сайын кәмелет жасына толмаған 2 бала зорланады, жыныстық зорлық көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіште 2-орында. Түрлі көрсеткіштер бойынша әлемде тек 8,4%-тен 35%-ке дейінгі зорлау оқиғалары тіркеледі. Ал жәбір көрген адамдардың көбі әртүрлі себеппен болған оқиғаға арызданбайды. Демек, зорлық саны біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Ал пандемия уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші тағы артқан. Елімізде осындай қорқынышты статистика шарықтап тұрғанда Сенат депутаты Дана Нұржігіт «қазақ әйелі» туралы айта келе, оның образын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көнбіс әйел ретінде көрсетті. Осындай көрсеткіш пен селебрити, сенаторлар барда, феминизмді бөліп-жармай, жалпы адамзаттық гуманизм ретінде қабылдау маңызды.

MediaNet-тің “Қазақстандықтардың әйелдердің ақысыз еңбегіне қатысты ойлары” сауалнамасының деректеріне сәйкес, қазақстандық әйелдердің 44%-і күн сайын ақысыз жұмысқа алты сағаттан астам уақытын жұмсайды. Бұл ретте респонденттердің 14%-і өзінің отбасындағы әйел адам үй шаруасына күніне шамамен 3-4 сағатын; 12%-і 2-3 сағатын; 11%-і 4-5 сағатын; 9%-і 5-6 сағатын; 7%-і 1-2 сағатын және әйелдердің тек 3%-і бір сағаттан аз уақытын жұмсайтынын айтқан. 

Ал респонденттердің 87%-і әйелдердің ақысыз еңбегінің үлесін қоғамдық және мемлекеттік деңгейде бағалау қажет екеніне сенімді. Респонденттердің тек 9%-і әйелдердің ақысыз еңбегінің құндылығын мойындау маңызды деп санамайды.

Қазақстандағы қоғамда қалыптасқан гендерлік рөлдер тек “еркектік” міндеттерді айқындайтынын атап өту маңызды.

Одан бөлек, респонденттердің көбі (67%) үй шаруасымен айналысу әйелдің табиғи және ерікті міндеті екеніне сенімді. Бір қызығы, мұндай оймен ер адамдар да (47%), әйел адамдар да (53%) келіседі. Респонденттердің 26%-і әйелдердің үй шаруасымен айналысуы көбіне мәжбүрлі міндеті екеніне сенімді.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктіліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Думан Терликбаев
Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы. Қазақ-Америка университетінде журналистика мамандығын оқыған. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.