Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға арналған 16 күндік науқан жүріп жатыр

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға арналған 16 күндік науқан бастады. Ол 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Биылғы ұран – «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты бірге тоқтатамыз!».

БҰҰ мәлімдеуінше, дүниежүзінде әрбір үшінші әйел гендер зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Бұл көрсеткіш кейінгі онжылдықта іс жүзінде өзгеріссіз қалып отыр. Сонымен бірге әр сағат сайын бес не одан көп әйел (қыз) өз отбасы мүшелері қолынан өледі.

COVID-19 пандемиясы басталғалы бері әйелдердің 45%-і өзі немесе танысы гендерлік зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрін бастан өткергенін хабарлаған.

Біз әйелдер мен қыздардың өмірдің барлық саласынан ығыстырылып, негізгі құқығы мен бостандығынан айырылып жатқанын көріп отырмыз. Ал бұл нәрсе әлемге қажет экономиканың қалпына келуіне және тұрақты өсуіне кедергі келтіріп жатыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы

Сонымен қатар ол мемлекеттерді 2026 жылға қарай әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар мен қозғалыстарды қаржыландыруды 50%-ке арттыруға шақырды.

Үкіметтер бұл зұлымдықпен күресу үшін ұлттық іс-қимыл жоспарларын әзірлеуі, қаржыландыруы керек. Халық және азаматтық қоғам ұйымдарын шешім қабылдаудың әрбір сатысына қатыстыру қажет. Жәбірленушілерге әділдік пен көмекке деген құқығының сақталатынын көрсету үшін заңдардың орындалуын қадағалау керек. Патриархал нормалар мен еркектік құндылықтарды насихаттайтындарға қарсылық білдіретін қоғамдық науқандарды ынталандырған жөн. Нақты ұстанымымызды бекітіп, ашық түрде әйелдердің құқығын қорғайық! Феминист екенімізді мақтанышпен мәлімдейік! Әйелдер мен қыздарға деген зорлық-зомбылықты тарих кітаптарында ғана қалатындай жасайық!

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы
Factcheck.kz