БҰҰ-дың Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек берумен айналысатын агенттігі (UNRWA) Израильдің Газа секторының орталығындағы мектептерінің біріне жасаған соққысынан алты қызметкері қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.
«Қаза болғандардың арасында UNRWA баспанасының менеджері және қоныс аударған адамдарға көмек көрсеткен басқа да топ мүшелері бар», – делінген хабарламада.
Агенттіктің айтуынша, бұл – Израиль мен ХАМАС тобы арасында соғыс басталғалы бері бір оқиғадан өте көп қызметкер қаза болған жағдай.
Израиль әскерилері мектеп маңында болған және сол жерден шабуыл жоспарлаған содырларға соққы бергенін, бейбіт тұрғындарды қорғауға шаралар қабылдағанын айтты.
“Бұл – ХАМАС террористік ұйымының халықаралық құқықты сақтамай, азаматтық инфрақұрылымды жүйелі түрде қолданып жатқанының тағы бір мысалы”, – деп мәлімдеді Израиль қорғаныс армиясы. ХАМАС ұйымы АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған.
БҰҰ-ның ресми өкілі Стефан Дюжаррик журналистерге ұйым “бейбіт тұрғындарға, БҰҰ нысандарына бағытталған әуе шабуылдарының бәрін” айыптайды деді.
Соққыға дейін БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі мәліметі бойынша, соғыс басталғалы Газа секторында 214 қызметкері, БҰҰ мектептері мен оның басқа да нысандарын паналаған кемі 563 босқын қаза болған.