Формалдық логика негіздері: манипуляцияға ұрынбас үшін не істеу керек?

Біз манипулияциялық техникаларға байланысты материалдар топтамасын бастаймыз. Оның авторы – белгілі журналист, редактор (философия пәнінің оқытушысы) Дмитрий Шишкин, топтаманы қазақ тіліне аударған – аудармашы, журналист Балнұр Қожагелді. Бірінші бөлімде соңғы уақытта болған қазақстандық медиа жанжалдар мен ежелгі гректер Протагор мен Аристотель арасындағы байланысты анықтап алайық.

Себебі оларды көп нәрсе байланыстырып тұр, яғни 2500 жыл бұрын «софизм» деп аталған сөз алаяқтығының әдіс-тәсілдері. Ежелгі гректер өтірікті формалды белгілер арқылы анықтауды үйренген еді, енді біздің де кезек келген сияқты.

Адамдардың пікірін бұрмалап, оларды манипуляциялау өнері сөйлеумен бірге пайда болды. Дұрыс таңдалған сөздердің көмегімен адамдарды шабуылға аттандыруға да, жаудан қорқытып қаштыруға да, қандай бір іске жігерлендіруге де немесе керісінше мысын басып тастауға болады. Бірақ, жалпы, манипуляцияның мағынасы бір – өзіміз істегіміз немесе ойлағымыз келмеген нәрсені істету және ойлату, яғни өзімізді пайдалану.

Көк Жайлау шатқалын табиғи күйінде қалдыруды қалайтын табиғат жанашырлары мен ол жерге құрылыс салғысы келетіндер арасындағы текетіресте бәрі дұрыс па? Бір қарағанда, бұл урбанистер мен экологтар арасындағы кәдімгі азаматтық дау-дамай. «Экологтар» құрылысқа қарсы дәлелдер келтірсе, оларды қарама-қарсы топ «экологиялық талибан» деп атап жатыр. Осындай кей детальдарға назар аударып, ежелгілер жасап кеткен логикалық айла-тәсілдердің тізімін қарайтын болсақ, бұл Argumentum ad hominem («адамға/тұлғаға бағытталған аргумент» немесе «адамға қарсы шабуыл») айласын пайдаланудың классикалық үлгісі екенін байқаймыз.

Формалдық логика негіздері: манипуляцияға ұрынбас үшін не істеу керек?

Тағы бір мысал, елімізде менингиттің таралуы туралы ақпарат тарап, күллі ел дүрлігіп жатқанда, белгілі бір сайтта «Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты аяқтан шалып жатқан кім?» деген мақала шықты. Бұл дегеніңіз – Ignoratio elenchi («білмей жоққа шығару» немесе тезисті әдейі ауыстыру) классикалық айласы. (Бұл мысалды материалымыздың екінші бөлімінде тарқатамыз).

Мұндай мысалдар күнделікті кездеседі. Сондықтан біз сізге оларды ғылыми тұрғыда түсініп алуды ұсынамыз.

Тарихқа үңілсек

Софистика

2500 жыл бұрын Ежелгі Грекияда софистика мектептері белсенді түрде ашыла бастады. Ол жерде саясатқа жаңадан араласқандар үшін сабақтар өтетін, яғни адамдар шешендік арқылы мақсатқа жетуді меңгеретін. Софистердің бұрынғы полистарда тұратын философтардан басты ерекшелігі – олар қандай да бір әмбебап міндеттер мен теориялық ойларды маңызды деп санамайтын, олар үшін тек практикалық мақсаттардың нәтижесі ғана маңызды еді.

Қызығы, софистика нақты ғылым ретінде логикадан бұрын пайда болды. Сондықтан да, оның дүниеге келуі (өз мақсаттары үшін халықты алдаған демагогтарға қарсы құрал ретінде) тікелей софистерге байланысты.

«Ол (Протогор – Аристотельге дейін 100 жыл бұрын, біздің заманымызға дейін 485-410 жылдар аралығында өмір сүрген) кез келген нәрсенің мағынасын бұрмалап немесе қарама-қарсы қылып айтуға болады деп мәлімдеген алғашқы адам… Оған ой маңызды емес еді, ол тек сөз туралы ғана дауласатын. Сондықтан да қазір барлық жерде сөз таластырушылар қаптап кетті», – деп жазады ең ерекше софист туралы Диоген Лаэртский өзінің «Атақты философтардың өмірі, ілімі және нақыл сөздері туралы» кітабында.

Бәрін жеңген Аристотель

Софистерді кезінде Платон сынаған, ал оның оқушысы Аристотель халықты алдаушыларды мүлдем тоқтатқысы келді (не болса да ол барынша тырысты, себебі біз 2500 жыл бұрын пайда болған қулықтарға бүгін де алданып қалып жатамыз). Ол формалды логиканың (Аристотель оны «Аналитика» деп атаған) ғылыми негізін жасап, софистер пайдаланатын логикалық қателерді түр-түрге жіктеп берді.

Негізінде, логикалық қате мен логикалық айла-тәсіл – бір нәрсе. Алайда қателікті адам байқамай жібереді, ал айла-тәсілді сөйлеген сөзінде әдейі пайдаланды.

Аристотель өзінің «Софистерді жоққа шығару» кітабында кез-келген софизмді талдап көрсе, онда әдейі жіберілген қателерді тауып алуға болатынын нақты көрсетті. Себебі сол қатенің арқасында софистердің тұжырымдары логикаға сай болып көрінетін.

Аристотельден кейін формалды логиканы дамытуға римдік Цицерон мен Квинтилиан, олардан кейін ортағасырлық схоластар зор үлес қосты. Мұнан былай біз дәл осы схоластар жасаған логикалық қателердің типологиясын пайдаланамыз, сондықтан латын терминдеріне таң қалмаңыздар.

Теорияға тоқталсақ

Теория – формалды логиканың ең қызықсыз бөлігі. Сондықтан менің алдымда қиын міндет тұр: институт қабырғасында бір жыл оқытылатын курсты қазіргі кездегі «лонгрид» (көп оқылатын) форматына сыйғызу. Сол себепті интернетті пайдаланып, қажет мәліметтерді өзі-ақ таба алатын бүгінгі заманның адамына керек емес нәрселерді алып тастаймыз.

Формалды логиканың ең маңызды бөлігі – ол оның төрт заңы.

Оның үшеуін кезінде Аристотель анықтап кеткен:

  • тепе-теңдік заңы,
  • қарама-қайшылық заңы,
  • оңашаланған үшінші заңы.

Ал төртінші – толық негіздеме заңын XVIII ғасырдың басында неміс математигі әрі философы Лейбниц қосқан еді.

Тепе-теңдік заңы

«…көп мағына болған жерде, мүлдем ешқандай мағына болмайды», – деп жазады бұл мәселе туралы Аристотель өзінің «Метафизикасында». Яғни пікірлесу барысында әр ой мен терминнің мағынасы бірдей болуы қажет. Пікірлесу кезінде ұғымдарды өзгерту – бұл классикалық логикалық қате (айла-тәсіл).

Мысалы: 

– Пәленше атты азамат жақсы әрі сыпайы адам және ол велосипед айдауды ұнатады.

– Пәленшеден мықты қала әкімі шығады!

Бұл жерде біз бірінші сөйлемде адамның жеке басының қасиеттері айтылып тұрғанын, ал екінші сөйлемде оның кәсіби қасиеттері туралы қорытынды шығарып көріп тұрмыз. Бұл екі ұғым тепе-тең емес.

Қарама-қайшылық заңы

Бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар шындық бола алмайды. Кем дегенде олардың біреуі жалған.

«…белгілі бір зат білгілі бір уақытта білгілі бір затқа белгілі бір қарым-қатынаста болуы және болмауы мүмкін емес». (Аристотель, «Метафизика»)

Мысалы:

Біз ресми тұлғалардан және білдей институттардан келесі мәлімдемелерді кездестіреміз:

– Қазақстан халқы тұрақтылық үшін президент және парламент депутаттарын сайлау кезінде дауыс беріп, талай рет өзінің саяси сауаттылығын көрсетті!

– Сонымен қатар, біздің халық әкімдерді сайлауға және басқа демократиялық өзгерулерге әлі дайын емес.

Бұл жерден қарама-қайшылықты анық көріп тұрмыз: Қазақстан халқы бір жағынан саяси сауатты да, екінші жағынан әкімді сайлау сияқты ең қарапайым нәрселерге дайын емес.

Оңашаланған үшінші заң

Бір-біріне қарама-қайшы ұғымдардың екеуі де шындық немесе екеуі де жалған болуы мүмкін емес.

«…бір зат туралы екі қарама-қайшы ұғымның ортасында бірнәрсе болуы мүмкін емес. Әр жеке предикатты не дәлелдеп, не жоққа шығару керек». (Аристотель, «Метафизика)

Қарама-қайшы ұғым дегеніміз – бір заттың ұғымын дәлелдеп, басқа кезде жоққа шығару.

Мысалы:

– Цензураға тыйым салынған!

–Алайда егер қоғам мүддесі үшін керек болса, онда цензураға рұқсат беруге болады.

Бір зат туралы бұл екі пікір бір мезетте шындық немесе жалған болуы мүмкін емес. Егер бұл пікірлерге қандай да бір өзгеріс енгізілетін болса, онда біріншісі жалған болады. Басқаша болуы мүмкін емес.

Толық негіздеме заңы

Формалдық логика негіздері: манипуляцияға ұрынбас үшін не істеу керек?

Кез келген дұрыс ой шындығы дәлелденген басқа да ой-пікірлермен негізделуі керек.

…толық негізі жоқ, дәлелденбеген кез келген ой-пікір шындыққа жанаспайды әрі әділетті болып саналмайды. Көбінесе, келтірілген негіздемелер бізге белгісіз де болуым мүмкін (Готфрид Вильгельм Лейбниц, «Монадология»).

Жалпы, бұл «Қазақстандағы Фактчек» айналысатын зат, яғни жариялау үшін толық негіздеме іздеу. Басындағы үш заңда формалды тәсілдерді пайдаланып, қандай да бір ұғымдарды ережелермен салыстыруға болады. Ал толық негіздемені анықтау үшін сыни ойлап, кейін ғана күмән келтірген ой-пікірлерді тексеру керек.

Мысалы, біз мұндайды мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы тараған паникалық өсек-өтіріктерден көп кездестіреміз.

Менингит ауруының таралуы жайындағы дау-дамайда эпидемия және профилактика үшін барлығына антибиотик ішу керек деген кеңесі бар «рецепт» туралы (кейін дәрігерлердің айтуынша, ол тек аурулармен байланыста болған адамдарға арналған) ақпараттар жалған болып шықты.

Толық негіздеме заңына «кінәсіздік презумпциясы» деген маңызды заңгерлік принципі де жүгінеді. Ол бойынша кінәсі дәлелденбеген кез келген адам кінәсіз.

Әлеуметтік желіде және тіпті БАҚ-та бұл заң күнделікті бұзылады десе де болады. Оған мысалдарды сіздер өздеріңіз де қиналмай таба аласыздар. Сот болмай тұрып адамдарды еш дәлелсіз «ұры» немесе «қылмыскер» деп атап жатады.

Келесі бөлімдерде төменде көрсетілген заңдарға негізделген логикалық айла-тәслдер туралы оқыңыздар:

  • Ignoratioelenchi немесе «тезисті алмастыру»
  • ArgumentumAdHominem немесе «жеке басқа көшу».

* Материалды орыс тілінен аударған: Балнұр Қожагелді

Журналист, редактор, преподаватель философии. Возглавлял ряд казахстанских общественно-политических изданий.

Factcheck.kz