Селебритилер гендерлік тақырыпты “хайп” үшін көтере ме?

Шоу бизнесте танымал адамдар медиа өнімдерінде (фильмдерде, әнде) не сұхбат бергенде, әлеуметтік желіде гендерге қатысты тақырыпты көтеретінін жиі байқауға болады. Мұндай “өнімдердің” гендерлік бейтараптылық сақтауы не кейбір элементтерімен кемсітуі мүмкін. Біз бүгін мұның қаншалықты дұрыс екенін, селебритилердің аудитория алдындағы жауапкершілігі мен мұның қоғамға қалай әсер ететінін талдадық.

Бұл не үшін маңызды?

Медиада танымал адамдарды пікір көшбасшысы ретінде де қарастыруға болады. Пікір көшбасшысы аудиториясына, адамдар пікіріне айтарлықтай ықпал етеді. Олар екі сатылы коммуникация моделінде маңызды рөл ойнайды. Оған сай, ақпарат бірінші пікір көшбасшысына, одан кейін аудиторияға тарайды. Осылайша, бұл әлеуметтік пікір үшін маңызды. Себебі пікір көшбасшылары ақпаратқа өз ойы мен ұстанымдарын араластыруы мүмкін. Қоғамдық пікір көшбасшысының статусына келесі үш фактор әсер етеді: (1) белгілі бір құндылықтарды персонификациялау (даралау), (2) біліктілік және (3) стратегиялық әлеуметтік жағдай.

Кез келген жаңа элита сияқты, селебритиді де көптеген әлеуметтік топтың қарапайым бөлігі ретінде қарастыруға келмейді. “Элита” бүкіл қоғамның құрылымына әсер етеді, аудиториясын өзінің мүддесі мен өмір сүрі салтына сәйкес қалыптастыруға тырысады. Сондықтан көптеген адам, әсіресе жастар, жұлдыздардың сенімін, сондай-ақ өмір салтын, әдетін, мінез-құлқын және т.б. үлгі тұтады.

Мысалы…

Жақында Нұртас Адамбай феминистер туралы “Ренжуге себеп іздейтін адамдар болады. Оларға ренжу, өзін қаналған сезіну ұнайды”,- деді. Одан бөлек, Н. Адамбай Бейбіт Әлібековтың биліктегі әйел саны аз шығар деген сөзіне “Меніңше, олардың [билікке-авт.] баруының қажеті жоқ та секілді”,- деп жауап берген. Бірақ бұл сөздері үшін тез арада кешірім сұрады.

Ал әнші Ғазизхан Шекербеков бес жыл бұрын “Еркекпін мен” әнін жариялады. Бұл өнім “Әкем жүрген еркекше, мен де жүрем дәл солай” деген сөздерімен патриархал құндылықтарды дәріптейді. Бұл бір жағынан қоғамдағы көңіл-күй мен стандарттарды көрсетсе, екінші жағынан соны қайта трансляциялайды. Тағы бір әнші Төреғали Төреәлі “Қазақ қызға үйленемін” әнімен қыздарға қатысты қоғамдағы патриархал нормаларды ұстанатынын көрсетеді.

Гендерлік стереотип нормаларын жақтаушы саясаткерлер де бар. Мысалы, адамның сырт бейнесін сынау (келеке қылу) арқылы құқыққа қол сұғатын жазбалар саясаткер Санжар Боқаевтың жеке парақшасында да жарияланады. Ол көліктің шамын сынағысы келіп, “кейбір қыздардың осылай боянатынын” жазады. Алайда медиадағы гендерлік тақырыптарды зерттеуші Молдияр Ергебеков ешкім адамның қалай боянатынын сынай алмайтынын, бұған құқығы жоқ екенін айтады. “Себебі адамның денесі оның жеке шекарасы. Әркім қалай боянатынын өзі біледі”,-дейді ол. М. Ергебеков адам құқын сөз қылып жүрген адамдардың мизогиндік көзқарасты таратуына алаңдаушылық білдіреді.

Ал бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан “қазақылық пен қазақы дүниетанымды” алға тартып, феминистік ұйымдарды “жат ұғымды сырттан таңады” деп айыптады. Экс-депутат гендерлік стереотипті сақтап қалуға тырысатыны басқа да риторикаларынан байқалады. Мысалы, ол қоғамның жүздеген проблемасын “ұлдың ұлағатты, қыздың ұятты” болмауынан көретін тағы бір медиадағы танымал адам Мұхамеджан Тазабектің жазбаларын белсенді түрде бөліседі және қолдайтынын білдіреді.

Несімен қауіпті?

Қожа Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры, гендер саласындағы сарапшы Молдияр Ергебеков сөзінше, медиадағы танымал адамдардың гендерлік сезімтал тақырыптарды “хайп” үшін көтеруі жиі байқалады. Оның айтуынша, қоғамның көңілін өзіне аударта алмай жүргендер тұрақты түрде көтеретін төрт тақырып бар: гендер, тіл, Димаш Құдайберген және саяси оқиғаларға байланысты көз-қарасы. Медиада бұл төртеуі де жиі кездеседі. Танымал адам мұны жазған соң, әлеуметтік желіде көп комментарий жинап, арты өшпенділік тіліне ұласып жатады.

“Бір қызығы”,- дейді М. Ергебеков,-“Саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, билік басындағы тұлға да, опозиционерлер де осы тақырыптар төңірегіндегі дауда көзге түсіп жүреді. Алайда одан әлдеқайда маңызды — қоғамдағы жұмыссыздықты жою, мемлекет экономкасын көтеру деген секілді тақырыптар бар”.

Молдияр Ергебеков сөзінше, популистік жолмен көтерілетін тақырыптар шынымен қоғамға кері әсерін тигізеді. Ғалым тіл мәселесін көтеріп жүрген кейбір депутаттарды мысалға келтірді. Оның сөзінше, депутат болмай тұрған кезде көтерілген проблемалар депутат болған соң қайта қозғалмай қалған, мәселелер шешімін таппай отыр. Тиісінше, популистік тақырыптар қоғамдағы күнделікті процестердің біріне айналып кетуі мүмкін.

Не істеуіміз керек?

Батыс қоғамында медиа тұлға адам құқы мен ар-ожданына қарсы пікір айтса не істесе, қоғам тарапынан “бас тарту мәдениеті” (Сancel culture) қолданылады. Мұндай жағдай аз ұшырасады, алайда жоқ деуге де келмейлді.

Бас тарту мәдениеті — жұртқа атағы кең жайылған адам не кез-келген бренд қоғамның қандай да бір моральдық нормасына қайшы, белгілі бір топты қорлайтын, сексисттік не гомофобиялық (қысқаша айтқандай алалайтын) мәлімдеме/іс әрекет/мәтін/өнім жасаса соған қарсы әлеуметтің реакциясы. Көбіне өнімді (кез-келген өнім түрін) пайдаланбауға әлеуметтік желі арқылы шақыру.

Сancel culture көп адамға әлеуметтік әділет орнату жолы көрінгенімен оның айналасындағы дау-дамай да тоқтар емес. Біреулер мұны басқа құралдар жұмыс істемегенде қолданатын ықпал ету амалы ретінде көрсе, енді бірі цензура, басқа ойға төзбеудің жабайы формасы дейді. Басқалары мәселенің байыбына бармай адамның болашағына балта шабумен теңестіреді.

Қазақстан қоғамында бас тарту мәдениетінің алғашқы белгілері байқалады. Мысалы, коммерциялық ұйымдардың қазақша қызмет көрсетуін талап ететін Қазақша жаз қозғалысын айтуға болады. Оның өкілдері әлеуметтік желіде белсенділік танытып, коммерциялық ұйымдардан желідегі парақшаларын тек орыс тілінде емес, сонымен қатар қазақ тілінде жүргізуді, мейрамханалардан мәзірді қазақшалауды талап етеді. Мұны да желідегі белсенділік пен бас тарту мәдениетінің бір бөлігі деп қарастыруға болады.

Алайда гендерлік стереотиптерді өндіретін және тарататын медиадағы танымал адамдарға мұндай талаптар жоқ деп айтпасақ та, этиканы сақтауды қолдаушылар саны аз.

Жалпы, қоғамның саяси және мәдени дамуымен қатар талабы мен тілегі де өзгереді. Яғни, адам потенциалы өскен сайын танымал адамдардан гендерлік кемсіту риторикасын қолданбауды, басқаның құқығы мен шекарасын сыйлауды талап етеді.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz