Феминизм образы | “Діни фундаментализм мен Ресей пропагандасының салдары”

Қоғамда феминистердің талап-тілегін, жалпы феминистік қозғалысты дұрыс түсінбейтіндер көп. Салдарынан бұл туралы жаңсақ, кейде абсурд пікірлер тарап жатады. Мұндай жағдай тек қазақстандықтарға тән емес, бүкіл әлемде бар екенін де ескеру қажет. Осындай нарративтердің қалыптасуына тарихи процестер мен патриархал қоғамның феминистерді түрліше демонизациялауы әсер етеді.

Әдетте феминистер туралы негатив образ қалыптастыруға атсалысатындар анти-феминистшіл, хомофоб, расист және этноцентрист болып келеді. Психологияда мұның ең мықты прекдиктрі “авторитар тұлға” деп айтылады. Ол — қуатты лидерлерге екі етпей қызмет ету, жалпылама моральдық кодекстерді бұзған адамдарды жазалуды қалау және жалпыға ортақ нормалардың бұзылуынан қорқу секілді мінез-құлық жиынтығы.

Сонымен, Factcheck.kz Қазақстан қоғамдындағы феминизмнің образы жайлы белсенді, Feminita тобының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева және социолог Серік Бейсембаевпен сөйлесуді жөн деп тапты.

Factcheck.kz: Қазақстан қоғамындағы феминизм не феминистер жайлы стереотиптік ойлар, нарративтер қандай?

Жанар Секербаева: Феминизм жайлы, жалпы Қазақстандағы феминистік қозғалыс туралы стереотип өте көп. Мысалы, [кейбіреулердің ойынша-авт.] біз еркектердерді жек көреді екенбіз. Бірақ біздің де атамыз, ағамыз, әкеміз бар ғой. Кейбіреуінің жақсы көретін адамдары да бар. Себебі барлық гетеросексуал әйелдер феминист емес қой. Мысалы, кейбір әйелдер феминист болса да гетеросексуал болмауы мүмкін.

Тағы бір стереотип — бізді көбі бақытсыз деп ойлайды. Яғни, осындай қозғалыстың арқасында өзімізге жеткіліксіз дүниелерді толтырады екенбіз. Шынтуайтында, әрқайсымыздың интеллектуалды, әлеуметтік және мәдени тұрғыда баймыз. Яғни, біз өз өмірімізді күреңдікке теңеп, жағдайымызды айтып, шағымданбаймыз. Феминистер қозғалысының арасында түрлі әйелдер бар: алыстағы аймақтардан бастап, үлкен қалаларға дейін, лесбиян әйелдер, бисексуалдар, куирлер, транс-әйелдер, гетеросексуал әйелдер, аналар. Сонымен бірге, профессорлар мен мұғалім әйелдер де бар. Айтқым келгені, феминистер қозғалысының арасында түрлі топтағы әйелдер. Мұнда мына жайтты түсіну керек: барлығымыз әртүрліміз.

Жанар Секербаева.
Феминизм образы | "Діни фундаментализм мен Ресей пропагандасының салдары"
Серік Бейсембаев, Социолог. Фото paperlab.kz, авторы – Дмитрий Мазоренко

Серік Бейсембаев: Феминизмге қатысты бірнеше нарративті байқауға болады. Бірінші нарратив“феминизм батыстан келген идея, идеология және оны таратушылар батыстық құндылықтарды жақтайтындар” деген түсінік бар. Бұл идеяны көбінесе дәстүрлі құндылықтарды ұстанатын, онын ішінде дін ұстанатындар арасында кең тараған. Олардың түсінігінде “феминизм қазақ қоғамына, жалпы қазақ мәдениетіне сай келмейтін, жат идеология ретінде” көрсетіледі. Бұл феминистік митиңге шығатын әйелдердің образына байланысты. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Алматыда бірінші рет феминистік марш өткен еді. Содан кейін коғамда түрлі дискуссия пайда болды. Оған дейін феминизм туралы ешқандай түсінік болған жоқ. Қоғамдық пікір енді-енді қалыптасып жатыр. Бірақ дегенмен де негативті образ жалпылаған кезде басымдырақ сияқты.

Алайда феминизмге қатысты позитивті пікір аздап-аздап, жастардың арасында, оның ішінде мектеп оқушылары арасында бар екенін айту керек. Мысалы үшін менің қызым Астана каласының қазақ мектебінде тоғызыншы сыныпта оқиды. Олардың арасында феминизмге өте жағымды пікір қалыптасқан. Олар мынау әлеуметтік желілер арқылы феминизмнің негізгі идеяларын колдайды. Бұған қоса өмірлік принциптеріне айналдырған қыздар да бар.

Серік Бейсембаев.

Социологтың айтуынша, феминизм жайлы позитив ойдың қалыптасуына, қазақ тілді феминизм жайлы айтып жүрген қоғамдық пікір лидерлерінің, азаматтардың, белсенділердің орны ерекше. Сонымен қатар, феминизм жайлы ақпараттандырып жүрген медиалар да позитив ой қалыптастыруға ықпал етіп жатыр.

Factcheck.kz: Қоғамдағы феминизм образы қандай деп ойлайсыз? Позитив ой басым ба, әлде негатив пікір басым ба?

Феминизм образы | "Діни фундаментализм мен Ресей пропагандасының салдары"
Жанар Секербаева, белсенді. Фото: adamdar.ca, авторы – Малика Ауталипова

Жанар Секербаева: Қоғамда феминизм образы әртүрлі қалыптасқан. Көпшілігі бізді агресив немесе бақытсыз деп санайды. Тағы бір қате пікір, сағат сайын жылаймыз не жастан көзіміз құрғамайды-мыс. Әрине бұл шындыққа жанаспайды. Дәл осылай ойлайтын болсақ еркектер жайлы [стереотип ой -авт.] да айтуға болады.

Factcheck.kz: Қоғамда феминизм десе, тек ЛГБТК+’пен байланыстыратындар өте көп. Феминизм мен ЛГБТК+ бір-бірімен байланысты ма?

Жанар Секербаева: Неліктен феминизм жайлы сөз қозғаған кезде ЛГБТК+ қауымдастығымен байланысты байқауға болады? Себебі лесбиян, бисексуал, куир және транс-әйелдер әрдайым феминизм қозғалысын ұйымдастырып, басшылық еткен. Әлем тарихына көз жүгіртсек, қара нәсілді әйелдердің бірінші феминист болғанын ұмытпау керек. Нақтырақ айтқанда, транс-әйелдер, секс-жұмысшылар өте белсенді әрі алғашқы феминист болған. Сондықтан таңғалудың қажеті жоқ. Феминистер жайдан-жай пайда болмайды. Олар сіздің құқықығыңыз тапталғандықтан, қоғамда дискриминация болғандықтан, сізге әділетсіздік болып жатқанын көрсетеді.

“Ресейлік пропаганданың рөлі зор”

Серік Бейсембаев: Бұл жерде пропаганданың рөлі зор сияқты. Онын ішінде осы бағытта ресейлік пропаганда көп жұмыс істеді. Білесіздер кейінгі жылдары Ресей мен батыстың арасындағы текетірестін нәтижесінде ресейлік медиада “батыс құндылықтарына” қатысты теріс пікір қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатыр. Пропаганда батысты, ЛГБТК+, оның ішінде, феминистік қозғалысты “дәстүрлі отбасыға” қарсы мадениет деген образ қалыптастырып жатыр.

Екіншіден, жалпы қоғамды исламмен де байланыстырамын. Қазіргі ислами дискурс негізінен консервативті дискурс. Ислам әйелдің рөлін көбінесе дәстүрлі түсіндіруге және де соны қалыптастыруды насихаттайды. Әрине бұл жерде діни дискурстың рөлі өте көп. Мен енді сол тақырыпты зерттеп жүрмін. Байқағаным осы уағыз айтушылардың да феминизмге қарсы өте мықты дискурстары бар. Олар да “батыс құңдылықтары” ислами құндылықтарға қарсы деген бағытта өте көп пікір айтады.

Серік Бейсембаев.

Серік Бейсембаевтің айтуынша, Қазақстан қоғамында жаһандану процесі жүріп жатыр. Мұны қазіргі қоғамның консерватив бөлігі қабылдай алмайды. Оның сөзінше, феминизмді норма ретінде қабылдау алдағы бес-он жыл ішінде шешілетін мәселе.

Контекст

  • Феминистерге қатысты мифтердің бірі олардың “еркектерден сексте көңілі қалғандығы немесе өмірге ренжіген (ұсқынсыз) лесбиян әйелдер екендігі”. Бірақ мұндай тұжырым жалпы формалды логика тұрғысынан қате: біріншіден, адамның өмірге “ренжуі” өте субъектив әрі нақты емес, әркімде түрліше көрініс табатын құбылыс. Екіншіден, сұлулық пен ұсқынсыздық мемлекет пен мәдениеттегі норманың өзгеруіне байланысты бірге өзгеретін, құбылмалы түсінік. Оның үстіне «сұлулық стандарты» гендерлік иерархияның күшейуіне, дискриминацияға және әйелдерді бақылауға алуға талпыныстың көрінісі. Одан бөлек, адамның келбетіне қарап сынау (лукизм), тағы да формалды логикалық қате. Үшіншіден, феминистің (жалпы адамның) сексуал орентациясы оның көз қарасына байланысты болуы міндетті емес. Мысалы, гетеросексуал әйел феминист болуы, ал лесбиян әйел феминист болмауы мүмкін. Бұл да субъектив көзқарас пен жағдайға байланысты. Феминизм туралы мифтерге арналға толығырақ материалымызды оқыңыз.
  • Айтпақшы, кейбір пікірлерге сай, “бақытсыз әйел” мифінің шығу тегі 1968 жылдан басталады. АҚШ-та әйелдер “Америка аруы” байқауына және оның әйелдерді қорлайтын, патриархалды көзқарасына наразылық білдірген. Процесс барысында қатысушылар “әйелдіктің символы” деп санайтын заттарды, соның ішінде төстартқыш пен Playboy журналдарын салтанатты түрде лақтырған. Осы төстартықшқа қатысты жағдайдан соң, екінші толқын феминистері туралы негатив, “феминистер бақытсыз әйелдер” деген секілді пікір қалыптасты. Феминизм тарихы туралы толығырақ тағы бір материалымыздан оқи аласыз.
  • Кейінгі кезде феминистік қозғалыс пен феминистік іс-шаралар қоғамда жиі талқыланатын болды, ал 2021 жылы Алматы қаласында өткен әйелдер маршынан соң күшейе түсті десе болады.
  • Осы тұста қоғамда феминизмге қатысты нақты көз қарастың жоғын, ал адамдар қозғалысқа қатысты түрлі аңызға сенетінін не тақырыпты бұрмалап жеткізетінін байқауға болады.

Материал MediaNet Халықаралық журналистика орталығының «Гендерлік мәселелерді медиада көтеру арқылы бұқараның біліктілігін арттыру» жобасы аясында Қазақстандағы Финляндия елшілігінің қолдауымен дайындалды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz