Апталық шолу: Ресейден келген «елес», аң аулаған арабтар, Сіз кімсіз Төленова ханым?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде тараған маңызды ақпараттарды тексерді. Сонымен бірге, технология жаңалықтар жайлы да жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Фактчек | Мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 29,2 % құрайды

21 қазанда өткен мәжіліс отырысында депутаттар қарыз мәселесін талқылады. Қазақстан және өзге елдердегі ахуал қандай, 2020 жылы мемлекеттік қарыз қанша болғанын журналисіміз Наргиза Ерес тексерді.

Депутат Дания Еспаеваның айтуынша, 2020 жылдың өзінде мемлекеттік қарыздың көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 29,2 процентті құрайды. Қарыз сомасы өскендіктен, республикалық бюджетке түсетін салмақ та артады. Себебі оны өтеуге қажетті шығындар өседі. Еспаева ел үкіметі ұсынған мәліметке сүйенгенін мәлімдеді.

ҚР Қаржы министрлігінің 2020 жылдың І жартыжылдықтағы есебі депутат мәлімдемесімен сәйкес келмейді. Депутат нақты уақытты айтпаған соң, соңғы ресми деректі ұсынамыз. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік борыш – 18 233,3 млрд.теңге немесе ЖІӨ-ге 26,2% құрады. Редакция бұл мәлімдеменің жартылай шындық екенін анықтады.

Маңғыстауда арабтар қарақұйрық аулады ма?

Әлеуметтік желі мен мессенжерлерде белгісіз біреулер қарақұйрықты автокөлікпен қуып жүріп оқ атқан видеосы тарап жатыр. Қоғамның көп бөлігі оларды Маңғыстауда аң аулап жүрген араб ұлтының өкілдері дегенді айтады. Бірнеше оқырманымыздың өтініші бойынша, ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексердік.

Ел арасында тараған видео

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, бұл жалған ақпарат. Бейнетаспадағы қарақұйрық аңын инспекция қызметкерлері мен «Охотзопром ӨБ» РҚК-ы «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік қорық аймағы инспекторлары зерттеп, бұл Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда түсірілмегенін хабарлады. Оның үстіне жануар Қазақстан аймағындағы қарақұйрықтан өзгешелеу екенін айтады. Үкімі — манипуляция.

Біз InVID қосымшасы арқылы бұл видеоның алғаш қай жерде жарияланғанын анықтауға тырыстық. Біздегі бар дерекке сай, видео алғаш рет 2020 жылдың қаңтар, ақпан айларында жарияланған. Бұл уақытта Маңғыстауда күн суық болатынын, ал адамдардың тым жеңіл киініп алғанын ескерген жөн.

Ресейден келген «елес» БҚО әкімдігін әуреге салды

Өткен аптада Қазақстанның ірі бұқаралық ақпарат құралында куәгерлер БҚО трассаларының бірінен елес түсіріп алған видео таралды. Қаратөбе ауданындағы шағын Ханкөл ауылының тұрғындары ауыл маңында тұрғындарды үрейлендіретін ақ шашты әйелдің елесі пайда болғанын айтты.

Бұл оқиғаға Қаратөбе ауданы, Жусандой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев пікір білдірмеген болса, ақпарат кең таралып кетпес еді. Ол зұлым рухтардан құтылу үшін жергілікті тұрғындармен бірге садақа рәсімін (қошқарды құрбандыққа шалу рәсімін) өткізуге барғанын айтты.

Қысқа іздеу нәтижесінде «елес» түсірілген видеоның Қазақстанға еш қатысы жоқ екені анықталды. YouTube-тегі осы видео астындағы пікірге қолданушылардың өзі видеохостингке 2019 жылдың 12 желтоқсанына дейін жүктелген түпнұсқа жазбаның сілтемесін қалдырды. Ол Ресейдің «Регионы онлайн» интернет-басылымның YouTube-тегі каналында жарияланған. Олардың сайтында видеоны Дағыстан тұрғыны аймақтың адам жоқ трассасының бірімен келе жатып түсіргені туралы жазба бар.

Қазақ қызы АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары ма?

АҚШ-тағы президент сайлауы тұсында әлеуметтік желіде АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болып Әсел Төленова есімді қазақ қызы жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады. Жаңалық бойынша ол бұл қызметте 10 жылдан астам уақыт, яғни Барак Обаманың кезінен жұмыс істеп келеді-міс. Factcheck.kz оқырмандардың сұранысы бойынша бұл ақпаратты тексеріп көруді жөн санады.

Таралған суреттер

Әсел Төленова (қазір Робертс) расымен де АҚШ протоколында жұмыс істейді. Алайда біздің ашық ақпарат көздерінен тапқан деректерімізге сәйкес, ол бастықтың орынбасары емес. Мемлекеттік департаменттің телефон анықтамалығында Сапарларларға жауапты протокол бастығы көмекшісінің орынбасары ретінде көрсетілген (Deputy Assistant Chief of Protocol for Visits). Ал протокол бастығының орынбасары болып қазіргі уақытта америкалық дипломат Мэри-Кейт Фишер жұмыс істейді.

Әсел протоколда ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған FederalPay.org сайтының мәліметіне сай, ол АҚШ-тың мемлекеттік қызметінде кем дегенде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Оның Барак Обамамен бірге жұмыс істегенін Германия Канцлерінің Instagram-ға 2016 жылы жариялаған посты арқылы байқауға да болады.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • iPhone 12 mini-ге шағымданушылар көбейді.
  • Алматыда Бапи соты өтпеді, әкімшілік іс тоқтатылды.
  • Twitter қауіпсіздік қызметін танымал хакер басқарады.
  • «OK Channel» телеграм каналының админі (Қазақстан президентінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Худайбергеновтің каналы) “Bloomberg жарияланған ақпаратпен” бөліскен. Телеграм тобындағы ақпаратқа сай “АҚШ-тың 7 штатында сайлаудағы алаяқтық дәлелденген”. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауымен ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
  • Facebook пен Twitter сайлау кезінде жалған ақпаратпен қалай күрескенін хабарлады.
  • Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавируспен күреске 134 млн еуро бөлді.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.