Ресейден келген «елес» БҚО әкімдігін әуреге салды

Өткен аптада Қазақстанның ірі бұқаралық ақпарат құралында куәгерлер БҚО трассаларының бірінен елес түсіріп алған видео таралды. Қаратөбе ауданындағы шағын Ханкөл ауылының тұрғындары ауыл маңында тұрғындарды үрейлендіретін ақ шашты әйелдің елесі пайда болғанын айтты.

Бұл оқиғаға Қаратөбе ауданы, Жусандой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев пікір білдірмеген болса, ақпарат кең таралып кетпес еді. Ол зұлым рухтардан құтылу үшін жергілікті тұрғындармен бірге садақа рәсімін (қошқарды құрбандыққа шалу рәсімін) өткізуге барғанын айтты.

16 қарашада БҚО-дағы елес ісі бойынша жаңа ақпарат пайда болды. Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев Ханкөл ауылына тексеру жүргізу үшін полиция қызметкерлерін жібергені хабарланды. Аймақ басшысы бұл кадрларға сенбейтінін, бірақ бәрібір ауылға арнайы қызмет жасағын жіберетінін айтқан еді.

Қысқа іздеу нәтижесінде «елес» түсірілген видеоның Қазақстанға еш қатысы жоқ екені анықталды. YouTube-тегі осы видео астындағы пікірге қолданушылардың өзі видеохостингке 2019 жылдың 12 желтоқсанына дейін жүктелген түпнұсқа жазбаның сілтемесін қалдырды.

Ол Ресейдің «Регионы онлайн» интернет-басылымның YouTube-тегі каналында жарияланған. Олардың сайтында видеоны Дағыстан тұрғыны аймақтың адам жоқ трассасының бірімен келе жатып түсіргені туралы жазба бар.

Бұл таралған ролик әлеуметтік желілерге және бұқаралық ақпарат құралдарына бірінші рет шығып тұрған жоқ. Бір жыл бұрын ол Ресейдің интернет кеңістігінде бірнеше рет пайда болды және әр автор сипаттамада жаңа аймақты оқиға орны ретінде көрсетті. Мәселен, дәл осындай видео бар, бірақ Липецк облысында түсірілген-мыс. Дағыстаннан келген фейктер қазақстандық ақпараттық кеңістікте тұрақты пайда болып отыратынын айтып өткен жөн.

Қорытынды: ақпарат жалған. Видео бір жыл бұрын Ресейде түсірілген және оның Қазақстанға еш қатысы жоқ.

Factcheck.kz