Жартылай шындық | Қазақ қызы АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары

АҚШ-тағы президент сайлауы барысында әлеуметтік желіде АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болып Әсел Төленова есімді қазақ қызы жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады. Жаңалық бойынша ол бұл қызметте 10 жылдан астам уақыт, яғни Барак Обаманың кезінен жұмыс істеп келеді-міс.

Кейін бұл ақпаратты Sputnik.kz сайты растады, яғни басылымның тілшісіне дипломатиялық ортадағы бір адам Әселдің расымен АҚШ президенті протоколы бастығының орынбасары болып жұмыс істейтіні туралы айтқан. Осыдан кейін бұл жаңалық басқа қазақстандық БАҚ-қа тарай бастады.

Таралған суреттер

Әселдің қысқаша өмірбаяны бар фотолардың бірінде ол бұл қызметті 2014 жылдан бері атқарып келеді деп жазылған.

Factcheck.kz оқырмандардың сұранысы бойынша бұл ақпаратты тексеріп көруді жөн санады.

Үкім: Жартылай шындық

Әсел Төленова (қазір Робертс) расымен де АҚШ протоколында жұмыс істейді. Алайда біздің ашық ақпарат көздерінен тапқан деректерімізге сәйкес, ол бастықтың орынбасары емес. Мемлекеттік департаменттің телефон анықтамалығында Сапарларларға жауапты протокол бастығы көмекшісінің орынбасары ретінде көрсетілген (Deputy Assistant Chief of Protocol for Visits). Ал протокол бастығының орынбасары болып қазіргі уақытта америкалық дипломат Мэри-Кейт Фишер жұмыс істейді.

Әсел протоколда ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған FederalPay.org сайтының мәліметіне сай, ол АҚШ-тың мемлекеттік қызметінде кем дегенде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Оның Барак Обамамен бірге жұмыс істегенін Германия Канцлерінің Instagram-ға 2016 жылы жариялаған посты арқылы байқауға да болады.

Толығырақ

БАҚ Әсел туралы жарыса жазғанға дейін оның аты-жөні арқылы қандай да бір ақпарат табу мүмкін емес еді, себебі қазір оның тегі басқа. Біз ол туралы ақпаратты Барак Обамамен бірге түскен фотоның оң жағында тұрған адам арқылы таптық. Сурет арқылы мәлімет іздейтін құралдардың көмегімен біз оның аты-жөні Шон Робертс екенін білдік. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, ол – Әселдің күйеуі.

Шон Робертс Қазақстан туралы жақсы біледі. Себебі ол 90-шы жылдардың соңында USAID бағдарламасы аясында Орта Азия өңірінде жұмыс істеген. 2006 жылы ол Джорджтаун университетіне түсіп, Орталық Азияны зерттейді. Ал оның алғашқы алған білімі – орыс тілі және тарих. Қазіргі кезде ол Джордж Вашингтон университетінің Халықаралық дамуды зерттеу кафедрасының доценті және директоры болып жұмыс істейді.

Оның зерттеу жұмыстары көбіне Орталық Азияға, атап айтқанда Қытайдағы ұйғырлардың тағдырына негізделген. Оның жақында ғана «Ұйғырларға қарсы соғыс: Қытайдың мұсылман азшылығына қарсы ішкі науқаны» атты кітабы шықты. Кітап шыққаннан кейін ол тіпті «Азаттықтың» жергілікті редакциясына сұхбат берді.

Әсел Робертст34 протоколда жұмыс істейтіні күмәнсіз. Біз тек оның нақты қандай қызметте екенін анықтағымыз келді. Мемлекеттік департаменттің сайтынан тек бөлім басшылары туралы ақпарат табуға болады, ал басқа қызметкерлердің деректері көрсетілмеген. Өткен жылдан бастап протокол жетекшісі болып Кэм Хендерсон жұмыс істейді.

Біз Әсел туралы ақпарат іздеп жатып 2019 жылғы қазан айында жарияланып, кейін биылғы қарашада жаңартылған АҚШ Мемлекеттік департаментінің телефон анықтамалығына тап болдық. Онда Әсел Робертс Сапарларға жауапты протокол бастығы көмекшісінің орынбасары ретінде көрсетілген. Тура сол жерден протокол бастығының орынбасары Мэри-Кейт Фишер екенін көруге болады.

Фишердің дәл осы қызметте жұмыс істейтінін биыл тамыз айының соңында The Washington Post газетіне шыққан мақала арқылы анықтай алдық, себебі материалда оны Кэм Хендерсонның орынбасары деп атайды. Айтпақшы, мақаланың өзі қызметкерлерге зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған протоколдың бұрынғы бастығы Шон Лоулерге қатысты дау-дамайға арналған.

Мэри-Кейт Фишер бұрын сол Лоулердің орынбасары болып, ол 2019 жылғы маусымда жұмыстан босатылғаннан кейін екі ай бойы протокол бастығының міндетін атқарды. Бірақ кейін оның орнына Хендерсон келіп, Фишер орынбасар қызметіне қайта оралды.

Еліміздің кей БАҚ өкілдері Ақ үйдің (Әсел ол жерде тағылымдамадан өткен) сайтында жарияланған 2017 жылғы мақалада Әсел протокол қызметінің директоры (Director of State Department Protocol) деп аталғанына назар аударған. Осындай ақпараттан кейін көбі Әселдің сол кезден бастап басшылық қызметке келді деп болжам жасауына түрткі болған. Алайда бұл қолда бар ақпаратқа сәйкес келмейді. Өкінішке қарай АҚШ-тағы протокол директорының міндеті қандай екені белгісіз, себебі протокол бастығының қызметі нақты «Chief of Protocol» деп аталады. Сонымен қатар АҚШ-тың бұған дейін болған барлық протокол бастықтарының тізімінде Әсел Робертс деген есім кездеспейді.

Біз Әселдің лауазымын нақтылап алу үшін оның өзімен Facebook, ал оның күйеуімен Twitter арқылы байланысуға тырыстық. Алайда осы материалды жазу кезінде олардан жауап бермеді. Сондықтан егер жаңа деректер табылып не жаңа ақпарат анықталып жатса, мақаламызды жаңартамыз.

Қорытынды: Әсел Робертс (Төленова) расымен АҚШ протокол қызметінде жұмыс істейді, бірақ ол әзірге бастықтың орынбасары емес. Әрине бәрі алда және біз жерлесімізге тек биік шыңдарды бағындырып, қызметінде толағай табыс тілейміз!

Медет Есимханов
Фактчекер, выпускник Онлайн-Академии фактчека (2020). Изучал международные отношения и государственную политику.