16.11 | iPhone 12 mini-ге шағымданушылар көбейді, eGov.kz уақытша істен шықты, Алматыда Бапи соты неге өтпеді?

iPhone 12 mini-ге шағымданушылар көбейді

iPhone 12 mini-дің дұрыс жұмыс жасамауына шағымданғандар көбейіп жатыр. Пайдаланушылар арасында Apple-дің жауабын күтпей смартфонды дүкенге қайтаруға шешім қабылдағандар бар. Бұл туралы news.mydrivers.com хабарлады.

Өткен аптада iPhone 12 mini экранында сезгіштігіне байланысты қиындық туындағаны туралы хабарланған еді. Кейінгі күндері мұндай хабарламаның саны артты.

Еске сала кетейік, смартфондағы құлыптауды ашқан кезде, камера мен жарық функциясын қосқанда қиындықтар туындаған. Ал егер құлыптауды ашсаңыз, мұндай проблемалар жиі байқалмады.

Алматыда Бапи соты өтпеді, әкімшілік іс тоқтатылды

16 қараша таңертең Алматы қаласының әкімшілік сотында демалыс күндері митинг қарсаңында ұсталып, үстінен “әкімшілік іс қозғалды” делінген “ДАТ” жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапидің соты өтуі тиіс еді. Алайда таңертеңгі сағат 10-да сотқа барған Бапи істің тоқтатылғанын сол жерде ғана білген. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

16.11 | iPhone 12 mini-ге шағымданушылар көбейді, eGov.kz уақытша істен шықты, Алматыда Бапи соты неге өтпеді?
Ермұрат Бапи. Сурет: qazaqtimes.com

Оның сөзіне қарағанда, сот отырысының басталуына аз уақыт қалғанда Медеу аудандық полиция басқармасының өкілі келіп “аға, қайта беріңіз, соттамаймыз, іс тоқтатылды” деген. Істің тоқтатылу себебін де түсіндірмеген.

Сенбі күні мені ұстаған кезде “митингіге жібермес үшін ұстады” деген болжам болған. Бірақ олай айтуға көзім жетпегендіктен айтпаған едім. Енді менің үстімнен қалаған уақытта іс қозғап, қалаған уақытта тоқтатқаннан кейін оған 100 пайыз көзім жетті. Осыған дейінгі митингіде елде “Назарбаев кетпей, реформа болады деп үміттенбей-ақ қойыңдар” деп айтқан едім. Мамайдың митингісінде соны жалғастырады деп ойласа керек, – деді Ермұрат Бапи Азаттық тілшісіне.

Елдегі санаулы оппозициялық басылымдардың бірінің жетекшісі Ермұрат Бапи 14 қарашада Алматыда саяси реформаны талап еткен митингіге санаулы сағат қалғанда ұсталған еді. Ол кезде журналистің үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша (“Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу”) іс қозғалғаны хабарланды.

Электрондық үкіметтің сайты жұмысын уақытша тоқтатты

16 қарашада электрондық үкімет сайты eGov.kz жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ хабарлады.

Сайт жұмысын тоқтатқан кезде мынадай хабарлама жарияланды.

Қазіргі уақытта eGov.kz порталының жұмыс қабілеттілігінде шектеулердің бар екендігін хабарлаймыз. Жауапты мамандармен жұмыстар жүргізілуде, жүйелердің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру туралы қосымша хабарлаймыз.

Ұлттық ақпараттық технологиялар Facebook парақшасынан

Не себепті мұндай қиындық туындағаны туралы айтылмады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz