18.11 | Facebook пен Twitter есебі, полиция киіміндегі тиктокер жазасы және Путинді қорғайтын заң

Facebook пен Twitter сайлау кезінде жалған ақпаратпен қалай күрескенін хабарлады

АҚШ Сенатының сот жүйесі комитетінде өткен тыңдауда Facebook негізін қалаған Марк Цукерберг пен Twitter басшысы Джек Дорси президент сайлауы кезінде фейк ақпаратпен қалай күрескені жайлы айтты. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Біз Пойнтер Институты аккредиттеген бірқатар тәуелсіз ұйымдармен жұмыс істейміз. Оның ішінде Reuters ақпараттық агенттіктері, Associated Press, АҚШ-тағы France Presse филиалы, USA Today басылымы, Factcheck.org зерттеу жобасы, Science кері байланыс желісі және бұдан да басқа тәуелсіз ақпарат құралдары бар.

Марк Цукерберг, Facebook басшысы

Ал Дорсидің пікірінше, Twitter жалған ақпаратқа қарсы күресу үшін саясатын айтарлықтай жаңартқан.


27 қазан мен 11 қараша аралығында Twitter әкімшілігі 300 000-ға жуық жазбаны «дау тудыратын» және «адастыруы мүмкін» деп белгіледі. Бұл сайлау кезінде жарияланған барлық посттың 2,2 пайызын құрайды.

Джек Дорси, Twitter-дің басшысы

Путинді қорғайтын заң

Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеуге кепілдік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

Құжат биыл жазда референдум арқылы қабылданған Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінде әзірленген. Жаңа түзетулер президент Владимир Путинге 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік береді.

Заң жобасы бұрынғы мемлекет басшысы мен оның отбасын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салуды қарастырады. Құжат бойынша, оларды ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, тергеуге де болмайды. Тек “мемлекетке опасыздықтық жасады” деп күдікке ілінген бұрынғы басшылар мемлекеттік дума, жоғарғы сот, конституциялық соттың мақұлдауымен жазаға тартылуы мүмкін.

Қазіргі заңға сәйкес, президент құзырет мерзімі аяқталғанша қызмет барысында жасаған істері үшін қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Сейсенбі күні мемлекеттік дума, сонымен бірге, бұрынғы президентке өмір бойы сенатор болуға рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Бұл қызметке келген адам да қылмыстық қудалаудан құтқаратын иммунитетке ие болады.

Полиция киіміндегі тиктокер жазасы

Алматылық азамат полиция қызметкерінің нысанды киімін заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Polisia.kz дерегінше, полиция департаментінің арнайы тобы әлеуметтік желіні мониторинг жасау барысында ішкі істер органдары қызметкерінің киім-кешегін заңсыз пайдалану фактісін анықтаған.

Сюжет бойынша, полиция қызметкерінің киімін киген жас жігіт жауапкершіліктен жалтару тәсілі ретінде көшедегі адамдарды өзімен бірге ТикТок билеуге шақырады.

Бұл факт бойынша Алмалы аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі құқық бұзушының кім екенін анықтап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 675-бабымен (Айырым белгiлерi немесе нышаны бар әскери киiм нысанын, сондай-ақ нысанды киiм мен арнаулы киiм-кешектi заңсыз киiп жүру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz