19.11 | Мяуды түсінетін бағдарлама, Еуроодақтың ОА елдеріне көмегі және 100 теңге

Мысықтың мяулағанын түсінетін қосымша

Амазон компаниясына тиесілі Алекс дауыс тану көмекшісін дамытуға көмектескен инженер Хавьер Санчес мысықтың мяулағанын адам тіліне аударатын қосымшасын жасады. Бұл туралы BBC сайты жазды.

MeowTalk қосымшасы мысықтың даусын тыңдап, мағынасын түсінуге тырысады. Әзірге бағдарлама тек 13 фразаны анықтай алады. Солардың ішінде “маған тамақ бер”, “мен ашулымын” және “маған жолама” дейтін сөздер бар. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, жануарлардың бір-біріне түсінікті ортақ тілі жоқ және әрбір жасалған дыбыстың ерекшелігі бар.

Фото: BBC

Қосымшаны Google Play Store және App Store дүкенінде жүктеуге болады. Бағдарламаның енді жұмысын бастаған соң, кейбір қолданушылардан шағым түсіп жатыр. Олар “мен ғашықпын” деген фразаның жиі шығатынын айтып жатыр.

Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавируспен күреске 134 млн еуро бөлді

Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавирус пандемиясына қарсы күресу амалдарын жасауға 134 миллион еуро қаражат бөлді. Қаржылай көмек туралы ақпаратты Еуропаның сыртқы байланыс қызметі хабарлады.

COVID-19 салдарынан туындаған шектеуге байланысты кездесу онлайн форматта өтті. Кездесу Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өтті. Жиынға Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель төрағалық етті.

“Қаражат Орталық Азия елдерінің шұғыл және ұзақ мерзімді қажеттілігін өтеуге, атап айтқанда денсаулық сақтау жүйесі, сумен қамтамасыз ету, санитария саласын жетілдіріп, дағдарыстың қоғамдық-экономикалық салдарын жоюға бағытталды.

Еуропа сыртқы байланыс қызметінің ресми сайтынан

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Орталық Азия елдерінің билігі COVID-19 пандемиясын ақталу үшін сылтау ретінде қолданып жатыр.

100 теңгелік «JETI QAZYNA» монеталары қолданысқа енді

Ұлттық банк қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры
Жомарт Қажымұратов 100 теңгелік «JETI QAZYNA» монеталарының қолма-қол ақша айналымына енгенін айтты. Бұл туралы Ұлттық банктың баспасөз қызметі хабарлады.

100 теңгелік «JETI QAZYNA» монеталары «ER JIGIT», «SULÝ ÁIEL», «QUMAI TAZY», «AQYL BILIM», «BEREN MYLTYQ», «JÚIRIK AT», «QYRAN BÚRKIT» деп бөлінген. 7 түрлі монета заңды түрде төлем құралы ретінде саналады. Сонымен бірге, төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті. Жаңа монеталарды тауар сатып алуға немесе басқа да қызметтерге төлеуге болады.

Егер кәсіпкерлер монеталарды қабылдаудан бас тартатын болса, ҚР ӘҚБК 206-бабына сәйкес ескерту жасалады. Бір жыл ішінде мұндай жағдай қайталанса, 5-25 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті.

Осыған ұқсас жағдайға кезіксеңіз, Ұлттық Банктің кез келген филиалына шағымдана аласыз.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.