Маңғыстауда арабтар қарақұйрық аулады ма?

Әлеуметтік желі мен мессенжерлерде белгісіз біреулер қарақұйрықты автокөлікпен қуып жүріп оқ атқан видеосы тарап жатыр. Қоғамның көп бөлігі оларды Маңғыстауда аң аулап жүрген араб ұлтының өкілдері дегенді айтады. Бірнеше оқырманымыздың өтініші бойынша, ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексердік.

Ескерту: Видеода жануарларды өлтіру кадры бар.

Ел арасында тараған видео

Үкім: Манипуляция

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, бұл жалған ақпарат. Бейнетаспадағы қарақұйрық аңын инспекция қызметкерлері мен «Охотзопром ӨБ» РҚК-ы «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік қорық аймағы инспекторлары зерттеп, бұл Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстауда түсірілмегенін хабарлады. Оның үстіне жануар Қазақстан аймағындағы қарақұйрықтан өзгешелеу екенін айтады.

Біз InVID қосымшасы арқылы бұл видеоның алғаш қай жерде жарияланғанын анықтауға тырыстық. Біздегі бар дерекке сай, видео алғаш рет 2020 жылдың қаңтар, ақпан айларында жарияланған. Бұл уақытта Маңғыстауда күн суық болатынын, ал адамдардың тым жеңіл киініп алғанын ескерген жөн.

You Tube платформасында жарияланған видеоның құжаты

Tengrinews сайтының жазуынша, бұл Араб елдері аймағында өмір сүретін қарақұйрық түрі болуы мүмкін.

Думан Терликбаев
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.