Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?

9 тамызда «Қазақстандағы интернетті реттеу: азаматтық қоғам мен бизнеске төнетін қауіп» атты онлайн дискуссия өтті. Пікірталас қатысушылары келтірген бірнеше тезисті Factcheck.kz баяндайды.

Бәрі неден басталды?

Қысқаша түсіндірейік: Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне әлеуметтік желі немесе мессенджер қызметін шектеу құқығын берді. Бұл өзгеріс халық арасында “Сарым-Закиева” түзетуі деп танылған заң жобасынан кейін қабылданды. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері заң жобасы былтыр ұсынылған кезден бастап “билік кибербуллиңді сылтау етіп, өзіне ұнамсыз контентті өшіреді” деп алаңдады. 22 шілдеде Қазақстан үкіметінің енгізген түзетуіне сәйкес, Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі “үкіметтік емес ұйымдарды терроризмді қаржыландыру фактісі бойынша” тексере алады.

“Интернет шектен тыс бақыланады”

Адам құқықтары мен сөз бостандығының бұзылмауын қадағалап, интернет пен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету — мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екені белгілі. Осы тақырыпқа қатысты халықаралық тәжірибені талдаған Access Now (АҚШ) цифрлық құқықтарды қорғау бойынша соттың стратегиялық қатысуы бөлімінің басшысы Наталья Крапива көптеген үкімет өз азаматтарының құқығын қорғаудың орнына интернетті шектен тыс бақылайтынын айтты.

Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?
Наталья Крапива. Фото: rightscon2018.sched.com

Наталья Крапиваның айтуынша, үкіметтердің жала жабуға, фейктерге немесе кибербуллиңге қатысты заңдар қабылдап, мониториң жасауы — сөз бостандығының шектелуіне әкеледі. Сонымен бірге, мұндай заңдарда билік “түсініксіз анықтамаларды” қолданған соң цензураның пайда болу қауіпін күшейтеді.

Аccess Now былтыр 34 елде интернеттің бұғаттау фактісінің 184 жағдайын құжатқа түсірген. Биыл мұндай факт Қазақстандағы “Қаңтар трагедиясы” кезінде байқалған.

Интернетті өшіру және бұғаттау сөз бостандығы, ақпаратқа қол жеткізу және басқа да құқықтарды бұзады. Осы орайда, БҰҰ сарапшылары интернетке қолжетімділікті — адам құқықтарының элементтерінің бірі деп көрсетеді. Біз, Access Now ұйымы, Қазақстан үкіметін интернетті бақылап-бұғаттаудың орнына, адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге шақырамыз.

Наталья Крапива, Access Now (АҚШ) цифрлық құқықтарды қорғау бойынша соттың стратегиялық қатысуы бөлімінің басшысы 

“Ресей тәжірбиесінің негізінде жасалған”

Ресейлік «Общества защиты интернета» ұйымының басшысы Михаил Климарев билікке интернетті өшіру үшін бірнеше шарт қажет екенін айтты. Біріншіден, бұған негіз болатын қандай да бір заң керек, сондықтан мемлекет белгілі бір ережені белгілейді. Келесі шарт, монополиялар: шатдаун фактісі байқалған елдерде байланыс қызметтерінің монополиялары болған. Кейінгісі, мемлекетте байланыс қызметінің нарығы дұрыс дамымаса, бұл интернетті бұғаттауға жағдай жасайды.

  • Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?
  • Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?

Оған қоса, Климарев кибербуллиңге қатысты заң жобасының Ресей тәжірбиесінің негізінде жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бастапқыда Ресей билігі “балаларды белгілі бір ақпараттан қорғау” үшін осындай заң қабылдаған. Дегенмен, одан кейін “дербес рунет” заңын қабылдау арқылы сөз бостандығын шектеген.

“Түсініксіз жазылған анықтамалар бар”

Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?
Евгений Жовтис. Фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Пікірталас қатысушылары Қазақстандағы интернетті реттеуге байланысты жаңа түзетулердің әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі контентті цензуралауға мүмкіндік беріп, қазақстандықтардың сөз бостандығы мен цифрлық құқын шектеуі мүмкін деп алаңдап отыр. Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Халықаралық бюро директоры Евгений Жовтис заң жобасындағы “түсініксіз жазылған” анықтамаларға назар аударды.

Мәселен, спикердің сөзінше, халықаралық құқықта “экстремизм” термині заңды тұрғыда мүлдем анықталмаған, бірақ “терроризм” түсінігі бар. Иә, “Violent extremism” термині болса да, оған қатысты нақты конвенциялар жоқ. Ал біздің заң жобамызда “терроризм” сөзінің қасына “экстремизм” сөзі анық жазылған. Яғни, “экстремизм” астарында билік нені меңзейтінін айтпай отыр. Бұл өз кезегінде, министрлікке ұнамаған кез келген ақпаратты бұғаттауға мүмкіндік береді.

“Ресейлік арналар соғысты насихаттап жатыр”

Дискуссияға қатысқан MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жәлилов билік өкілдерін кибербуллиңмен заңнамаға сай күресуге шақырды. Жәлилов кибербуллиңмен күресті ресейлік каналдарды бұғаттап, трансляцияларды тоқтатату арқылы бастауға шақырды.

Ресейден көшіру ме? Кибербуллиң туралы Заң салдары қандай?
Әділ Жәлилов, MediaNet ХЖО / Factcheck.kz директоры

Жәлилов ресейлік арналардың соғысты насихаттап жатқанын айтты. Бұған қоса, ол соғыс салдарынан балалардың да өліп жатқанын алға тартты.

Жәлилов “үкімет бұған көз жұмып қарап отыр” деді. Бұдан бөлек, ол Қазақстан үкіметін қандай да бір шешім қабылдамас бұрын азаматтық қоғаммен диалог құруға шақырды. Жәлилов қаңтар трагедиясында интернеттің бұғатталуы — бизнеске және халыққа кері әсерін тигізгенін еске салды.

Дискуссияға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Михаил Комиссаров та қатысты. Комиссаров дискуссияға қатысқан сарапшыларды “министрліктің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттау жоспарында жоқ екенін” айтты.

Бұдан бөлек, ресейлік «Общества защиты интернета» ұйымының басшысы Михаил Климарев пікірталас соңында “реттеуді қажет етпейтін нәрселерді бақылап қажет емес” деді.

Оқи отырыңыз:

  • Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?
  • Сарым мен Закиеваның түзетулеріне қатысты заңгер пікірі
  • Сараптау | Айдос Сарым тағы нені бұрмалады?
  • «Ресей, Иран һәм Солтүстік Корея»: Сарым-Закиева түзетулері туралы сарапшылар пікірі
  • Айдос Сарым балаларды булиңнен қорғауға қатысты заң жобасы туралы айтқанда нені бұрмалады?
  • Қош бол, Facebook немесе Сарым-Закиева түзетулерінің қауіпі
Factcheck.kz