Цифрлы құқық: еркіндік пен авторитаризм

Адамнан адамзатқа тән еркіндіктен басқасының бәрін тартып алуға болады. Бірақ оның өз жолын, белгілі бір жағдайға көзқарасын тартып алу мүмкін емес.

Виктор Франкл

Кейінгі кезде демократиялық құндылықтардың тоқырауға ұшырап жатқаны не рецессияға тап келгені туралы жиі айтылады. Оның үстіне көп елде демократияның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне көңілі толмайтын адамдар артып келе жатқаны туралы да зерттеу жарияланған. Мысалы, Economist Intelligence Unit есебінде, 2021 жылы авторитар режимдер күш жинағаны жазылған. Алайда мәселеге бір жақты қарауға болмайды. 2017 жылдың аяғындағы жағдай бойынша кемінде 500 000 халқы бар 167 елдің 96-ы (57%) белгілі бір дәрежеде демократиялы, ал тек 21-і (13%) автократиялы ел болған. Әлемдегі үкіметтер арасындағы демократиялылардың үлесі 1970 жылдардың ортасынан бастап өсу тенденциясы байқалады. Ал Қазақстан сол күйі автократиялы мемлекет.

Демократия выросла во всем мире за последние четыре десятилетия
1977 және 2017 жылдардағы басқару формасының ерекшелігіне қарай бөлінген елдер тізімі

Цифрлы құқық және сөз бостандығы

Freedom House жазуынша, авторитар режимдер негізгі бостандықтарды қолдауға арналған нормалар мен институттарды айналып өтіп, осыны жасағысы келетін басқа да елдерге көмек көрсете бастаған. Демократиясы топырағына сіңген елдерде де ішкі күштер жеккөрушілікті, зорлық-зомбылықты көбейту үшін ұлттық саясатты бұрмалау арқылы өз жүйелерінің кемшіліктерін пайдаланған. Осы тұста демократия мен авторитаризм арасында таңдауда тұрған елдер соңғысына көбірек бейім. Ал әлемдік тәртіп шешуші кезеңіне жақындап келеді.

Цифрлық технологиялар адам құқықтарын бұзу үшін қолданылуы мүмкін. Деректерді қорғау және жеке өмірге қол сұқпау, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіру, бақылау технологияларын пайдалану, сондай-ақ интернеттегі харассмент пен қысым көрсету мәселелері ерекше алаңдаушылық тудырады.

Бұл тұста авторитар елдер мүддесіне жету жолында түрлі амалды қолдануы мүмкін. Мысалы, кейінгі жылдары кейбір мемлекет цифрлық құқықтарға нұқсан келтіретін күмәнді заңдар қабылдады. Технология оларға өз азаматтарын бақылауға көмектеседі. Freedom House-тың 2021 жылғы дерегіне сай, әлемде интернеттегі бостандық 11 жыл қатарынан төмендеп келеді. Мұның жарқын мысалы — Қытай. Freedom House-тың есебінде Қытай басқа елдермен салыстырғанда интернет бостандығы бойынша ең сорақы деңгейде екені жазылған. Ұйымның жазуынша, азаматтар жаңалық бөліскені үшін, шетелдегі туыстарымен сөйлескені үшін, діни көзқарасын талқылағаны үшін заңмен қудалауға ұшырайды. 2021 жылы коронавирусқа қатысты контент ең көп цензураға ұшыраған тақырып болған.

Дәл сол есепте Қазақстанда да интернет бостандықтың жоқ екені жазылған.

Цифрлы құқық: еркіндік пен авторитаризм
Әлемдегі интернет бостандығының көрсеткіші. Қазақстан Ресей және Қытай секілді интернетте еркіндігі жоқ ел ретінде белгіленген.

Қазақстан да инетернетті бұғаттау, ой еркіндігіне қол сұғу, аңду бойынша авторитар көршілерінен кем емес. Қазақстанда әлеуметтік желі мемлекет бақылауында. Ал пайдаланушылар әлеуметтік және этникалық араздықты қоздыру, мемлекеттік қызметкерлерді қорлау және сепаратизмді немесе терроризмді насихаттау сияқты айыптар бойынша жиі қудаланады. 2021 жылдың 15 мамырында Instagram-да @qaznews24 сатира парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебек ұсталды. Оған сатиралық посттары үшін “жалған ақпарат таратты” деген айып тағылған.

2021 жылы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшы бағдарламасы арқылы телефондары тыңдалған болуы мүмкін деген бірнеше адамның аты-жөнін жариялаған. Бұл тізім журналистер, қоғам белсенділерінен басталып, артынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сол кездегі премьер-министр Асқар Маминның да есімі қосылған.

Одан бөлек, Қазақстанда митиң өтетін аймақтарда интернеттің өшуі жиі болып тұрады. Интернет байланыстың жаппай өшірілуі қаңтар қырғынында да болды. Соның салдарынан сыртық әлеммен байланыссыз қалған адамдар Алматы қаласында не болып жатқанын білмеді. Әдеттегідей өз ісімен қалаға шыққандар арасында оққа ұшқандары да болды. Ақпараттандыру жағынан билік тиімсіз жұмыс істегенін Қ. Тоқаев та мойындады.

Ой еркіндігі мен сөз бостандығы үшін күресу қажет. Түрлі күштер әрқашан да қоғамның аузына қақпақ болуды қалайды. Мысалы, 2020 жылы 13 мамырда Франция Парламентінің төменгі палатасы әлеуметтік желіллерден «жеккөрініш» тудыратын жазбаны 24 сағат ішінде жоюды талап ететін, өйтпеген жағдайда көп мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүрлейтін заң жобасын мақұлдаған. Одан бөлек, заңға сай, мемлекеттік органдар балалар порнографиясы мен терроризмді насихаттау туралы хабарлаған соң, компания бір сағат ішінде осындай контентті жоюы керек екені туралы тұсы да болған. Алайда, артынан бір топ сенатордың Конституциялық кеңеске жүгінген соң, сот оның әлеуметтік желіллерге қойылатын контентті жою туралы талаптарына қатысты негізгі тұстарын алып тастап, заң жобасын сөз бостандығына шектен тыс араласады деп атаған.

Қазақстанда да заң шығарушылар кибербуллиңнің желеуімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулерді енгізуге талпынған. 2022 жылдың 9 наурызында Мәжілістің екінші оқылымында депутат Айдос Сарым және Динара Закиеваның ұсынған заң жобасының түзетуі мақұлданып, Сенатқа кетті. Депутаттар бұл заң жобасы балаларды кибербуллиңнен қорғау үшін әзірленді дегенді алға тартса да, кейбір тұсы тым күмәнді, ал белсенділер заң жобасы желіні бұғаттауға мүмкіндік береді, бұл, цензураға алып келеді деп алаңдады. Алайда ел арасында қызу талқыланған соң түзетулерді Cенат 14 сәуірде қарастырып, «Сарым-Закиева» заң жобасын мәжіліске қайтарды.

Цензураға қанша төлейміз?

Мемлекет интернетті бұғаттау үшін айтарлықтай шығындалатынын да ұмытпау қажет (бұл қаржы, шындығында, салық төлеушілердікі). Мысалы, Statista-ның ақпаратына сай, қаңтар қырғынында әлеуметтік желінің бұғатталғаны үшін 430 млн доллар төлегенбіз.

NetBlocks Cost Shutdown Tool есептеуінше, Facebook-ты бір сағат бұғаттаудан болатын экономикалық шығын 48 654 700 теңге немесе 113 262 АҚШ доллары. Егер Facebook, Instagram, Twitter, YouTube және WhatsApp сынды басқа да әлеуметтік желілерді қоса есептесек, көрсеткіш өсіп, нәтижесінде 243 273 499 теңге болады.

Демократияны қолдайтын нақты дәлелдерге қарамастан, кейінгі 16 жыл бүкіл әлемде демократиялық идеялардың басым болуы да, демократиялық басқару бағытындағы жаһандық прогреске деген сенім де мұны өздігінен келетіндей қарамау керек екенін көрсетті. Автократтар әлі де өз күшін сақтауға, кеңейтуге талпынады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz