Сарым мен Закиеваның түзетулеріне қатысты заңгер пікірі

Жақында біз мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулер енгізу туралы ұсыныс білдіргенін жазған едік. Оған сәйкес, шетелдік IТ компанияларына Қазақстанда өкілдіктерін немесе заңды тұлға ашуға міндеттеледі. Ал олардың жетекшілері болып Қазақстан азаматтары тағайындалуы тиіс. Түзетулер енгізілгеннен кейінгі 6 ай ішінде міндеттер орындалмаса IT компанияларға тиесілі платформалардың қызметі шектелуі мүмкін.

Жаңа заң нормаларын қабылдау қажет екені туралы пікірталасты жалғастыра отырып, қазақстандық заңгер Игорь Лоскутовтың материалынан алынған үзінділерді жариялауды жөн көрдік. Заң жобасы талданған материалдың түпнұсқасы Zakon.kz сайтында жарияланды.

Игорь Лоскутов мақаласында онлайн-платформалар мен жедел хат алмасу жүйелерінің қызметіне қатысты заң жобасындағы тұжырымдамаларды келтіреді.  Сонымен қатар автор бұл қызметтің қажеті бар ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейді. «Интернет жер жаһанға тарайтынын, ал кез келген интернет-ресурс немесе жүйе Қазақстан аумағында барлық қолданушы үшін қолжетімді (егер оның иесі ол үшін шектеу қоймаса) екенін ескерсек, ол түзету енгізу әрекетін шектеусіз қылады. Қазақстандағы бақылаушы органдар әлемдегі барлық интернет-ресурсты қадағалай алмайтыны анық, ал Қазақстан аумағында бұл қызмет түрі жүзеге аса ма деген сұрақ шешім қабылдайтын шенеуніктің субъективті пікіріне байланысты болады. Бұл «дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі» сыбайлас жемқорлық факторына жатады», деп жазған Лоскутов.

Одан кейін ол туындауы мүмкін екінші мәселе туралы сөз қозғайды. Оның пікірінше, онлайн-платформа иесі ақпараттың да иесі болады.

«Ақпарат мүліктік құқыққа жатпайды. Қазақстан заңнамасында «ақпараттың иесі» деген ұғым жоқ. Яғни, түзету авторлары кімді айтқысы келіп тұрғаны түсініксіз. Тілдесу мақсатында пайдаланылатын онлайн-платформалардың көбі онда орналасқан барлық ақпараттың иесі болуды көздемейді. Оларды Қазақстанда осылай жариялау қосымша құқықтық қайшылықтарға алып келеді», .

дейді Лоскутов

Сондай-ақ заңгердің пікірінше, қазақстандық заңнамада дәл қай интернет-ресурстар шетелдік, ал қайсысы отандыққа жататыны туралы түсінік жоқ. Осылайша, біз тағы да «дискрециялық өкілеттіктердің кеңдігі» сыбайлас жемқорлық факторына тап боламыз», деп қорытындылайды автор.

Шетелдік заңды тұлғалардың өкілдігін есепке алу немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтуді міндеттеуге қатысты да сыни пікір айтылған.

«Егер мәселе заңды тұлға туралы болмаса, не істеу керек екені де түсініксіз. Қазақстанда БАҚ заңды тұлға болуы керек деген міндет жоқ», деп заңгер өз пікірін ортаға салды.

Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзатын ақпаратты жою немесе оны біздің еліміздің аумағында таратуды шектеу туралы ұсынылып отырған нормаға қатысты Лоскутовтың айтуынша, «Байланыс туралы» заңға сәйкес, байланыс желілері мен құралдарының жұмысын тоқтата тұруға және интернет-ресурстарға қолжетімдікті шектеумен ақпарат саласындағы қазақстандық өкілетті орган, ұлттық қауіпсіздік органдары, құқық қорғау органдары, байланыс операторлары және мемлекеттік техникалық қызмет айналысуы тиіс.

«Түзету авторлары бұл Заңда «Қазақстан Республикасындағы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметі» деген 24-бап бар екенін ұмытып кеткені анық».

Сонымен қатар мұндай тыйым салынған ақпаратты тарататын онлайн-платформаны жауапқа тарту мәселесі жақша ішінде қалып тұр, – деп қорытындылады заңгер. Бұдан бөлек, ол ұсынылған түзетудің қолданыстағы заңнамаға сай келмейтінін айтқан. Заң жобасы бойынша, шетелдік платформа немесе жедел хабар алмасу сервисі мемлекеттік тіркеуді жүргізбесе алты ай өткеннен кейін олардың қызметі шектелуі тиіс. Бірақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң бойынша интернет-ресурстар БАҚ-қа жатқызылған. Осы Заң бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруды немесе таратуды уақытша тоқтата тұруды не тоқтатуды көздейді.

 «Егер депутаттар қазақстандық заңнаманы шетелдік онлайн-платформаларға қолдануды жоспарласа, осындай шараларды да жүзеге асыруы керек. Ал оларда қызметін шектеу көрсетілмеген, тек уақытша тоқтата тұру немесе мүлдем тоқтатып тастау қарастырылған», деді Лоскутов.

Оның пікірінше, жоғарыдағы сұрақтарға қазіргі қазақстандық заңнамадағы тәртіп пен терминологияны пайдалана отырып жауап берілмесе, түзету енгізудің қажеті жоқ. 

Factcheck.kz