Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Материал 2021 жылдың 26 қыркүйгеінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан мемлекеттік органдардың Google-ға жүгінгені туралы пресс-релизімен толықтырылды.

Қазнетте қазақстандықтардың танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кіруін шектейтін заңнамаға түзетуді талқылау жалғасып жатыр.

Біз Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында ұсынылған түзетулер туралы айтып отырмыз. Олардың айтуынша, шетелдің алпауыт IT компаниялары Қазақстанда өкілдік немесе заңды тұлғасын ашуға міндетті, ал сол өкілдіктер басшысы болып Қазақстан азаматы тағайындалуы керек. Түзетулер енгізілгеннен кейін 6 ай ішінде шарттар орындалмаған жағдайда, IT-компанияларға тиесілі платформалардың қызметі шектелуі мүмкін.

Жоғарыда айтылған түзетулер заңсыз контентті бұғаттау және жою арқылы Қазақстан балаларын интернеттегі кибербуллингіден қорғау үшін қолданылады деген пікір бар. Дегенмен азаматтық қоғам өкілдері мен журналистер бұл нормаларды билік интернетті бақылауды күшейту үшін қолдана алады деп санайды. Сонымен қатар, түзетулерде көрсетілген талаптарды ескере отырып, IT-платформалар елде филиалын ашудан гөрі Қазақстанда жұмыс істемеуді жөн көреді деп алаңдау бар.

Біз түзетулер, олардың Ресей заңнамасымен қатты ұқсастығы және жаңа өзгерістердің қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер ететіні туралы жеке мақала етіп жаздық.

Қоғам құжатқа мән бере бастағаннан кейін, түзету бастамашылары өз позициясын нақтылауға шешім қабылдады. Депутат Сарым бұқаралық ақпарат құралдарына бірнеше сұхбат берді (мына жерде, мұнда және осында), онда ол ұсынылған түзетулердің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттауға апармайтынын, олардың азаматтар денсаулығы қауіпсіздігін қорғауға арналғанын айтты. Ол журналистерге нормалар өзгеруі немесе толықтырылуы мүмкін екенін де айтты.

15 қыркүйекте Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Толық қабылданғанға дейін ол тағы бірнеше кезеңнен өтуі керек. Factcheck.kz Айдос Сарым сұхбаттарында айтқан кейбір маңызды аргументті тексерді. Ең әуелі, біз әлеуметтік желілерді бұғаттауға және қазақстандық билікке қарсы болатын контентті бұғаттауға қатысты мәселелерді қарастырамыз. Экономикалық мәселелерді де талдаймыз – қазақстандық нарық әлеуметтік желілер үшін соншалық тиімді ме?

Мәлімдеме: Біз үшін мұндай кеңсе емес, тірі адамдар, біздің соттармен немесе шенеуніктермен жұмыс істейтін менеджерлер маңызды. Сондықтан өкілдіктердің теориялық түрде тіпті виртуал болуы мүмкін.

Айдос Сарымның Exclusive.kz сайтына берген сұхбатынан

Үкім: Манипуляция

Теория бойынша, өкілдік виртуал болуы мүмкін, бірақ оның болатыны әлі анық емес – заңда бұл туралы бір де бір сөз жоқ, сондықтан механизм де, формат та, виртуал дәрежесі де көрсетілмеген. Дегенмен де-юре, түзетулер қазіргі түрінде қабылданса (олар 15 қыркүйектегі оқылымда ұсынылған және мақұлданған), өкілдіктер Қазақстан аумағында орналасуға мәжбүр болады. Сондықтан депутат «теориясы» мен практикасы арасындағы алшақтық айқын. Қазақстан заңнамасы бойынша, заңды мекенжай нақты мекенжайға сай келуі керек. Сол себепті бұл домен немесе IP-адрес бола алмайды.

Депутаттар Сарым мен Закиева ұсынған №58 түзетуде былай делінген:

«Қазақстан Республикасы аумағында қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік интернет-платформаның немесе жедел хабар алмасу қызметі иелері және (немесе) басқа заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша шетелдік заңды тұлғаларды міндетті мемлекеттік тіркеуді немесе филиалды (өкілдікті) есептік тіркеуді жүргізеді».

Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе филиалды тіркеу қазірдің өзінде Қазақстан аумағында тіркеуді білдіреді. Егер өкілдік шын мәнінде ел аумағында орналасқаны туралы айтпайтын болсақ, онда, мүмкін, құжатпен жұмыс істеу кезінде осы тармақ тұжырымдамасын өзгерту керек шығар.

Дегенмен Қазақстанда филиал ғимаратаның болуы қажет емес деп есептелуі мүмкін. Гипотетикалық «виртуал» кеңсенің жағдайын үлгілейік. Айталық, Zoom арқылы байланыс орнату (бұл да шетелдік сервис). Қалай болғанда да уәкілетті органға (УО) мойынсұнуға мәжбүр болатын Қазақстан азаматтары түзетулер қабылданғаннан кейін прокуратура мен соттың қатысуынсыз контентті жою туралы бұйрық шығара алады. Ал шешімге келіспеген жағдайда, УО қазақстандық өкілдіктерге қысым көрсетудің ең тікелей мүмкіндігін алады.

Жаһандық тенденциялар мен «интернетті ұлттандыру»

Мәлімдеме: Германияда 2017 жылдан бастап әлеуметтік желілерге қарсы шаралар туралы заң күшіне енген, ол Facebook, Twitter және т.б. сияқты компанияларды дұшпандық пен өшпенділік риторикасын жоюға, кибербуллингіге, әйелдер мен балаларды қорлауға жол бермеуге және қылмыстық кодекстің 22 бөліміндегі заңсыз контентті тез арада жоюға міндеттейді. Ал санкциялар өте қатал: 50 миллион еуроға дейінгі айыппұл! Мұндай жауаптың шарттары мен рәсімдері, контентті жою тәртібі мен регламенті бар. Менің ойымша, біздің мемлекет әлеуметтік желілерде өз азаматтарын неміс бундес үкіметінен кем емес негізде қорғауға құқылы. Осы сияқты заңдар бірқатар елде, соның ішінде Ресейде, Сингапурда, Түркияда және тағы басқаларында қабылданған. Жалпы айтқанда, интернет кеңістігін, әлеуметтік желілерді «ұлттандыру» – әлемдік тәжірибе.

Айдос Сарым Exclusive.kz сайтына берген сұхбатында

Үкім: Шындық және Манипуляция

Шындығы мынау: Германияда шынында да Netzwerkdurchsetzungsgesetz деген заң бар, ол бойынша әлеуметтік желілер неміс заңнамасы тұрғысынан заңсыз контентті алып тастауға міндетті және оларға көп сомада айыппұл салынуы мүмкін. Айтпақшы, прокуратураның немесе соттың шешімінсіз жоя алады. Сонымен қатар, бірнеше жыл бойы интернетті «ұлттандыру» немесе «ерікті интернетті» өзгерту үрдісі байқалғаны рас. Сол себепті бұл бағытта қазақстандық заң шығарушылар ғана ұмтылып жатқан жоқ.

Манипуляциясы мынау: Айдос Сарым неміс заңының Германияның ішінде де, халықаралық ұйымдар тарапынан да үлкен қарсылық пен сынмен қабылданғаны туралы ауыз ашпады. Талқылау кезінде эксперттер оны конституцияға тікелей қайшы деп атады және оны 3 жыл ішінде қолдану нәтижелері үнемі сын туғызады. Бұл заңды Human Rights Watch ұйымы сынға алды, ал БҰҰ баяндамасы бұл заңды «жазалаушы және демократиялық қоғамдағы сөз бостандығына нұқсан келтіруге қабілетті» деп атады. Алайда Германиямен салыстыру барлық жағынан – экономика мен аудитория көлемінен бастап, сөз бостандығы деңгейіне, демократияға, саяси жүйе мен жалпы заңнаманың тепе-теңдігіне дейін Қазақстанға сай келмейді.

БҰҰ баяндамасы

NetzDG-дің негізгі сыны мынада: Өтінім беруші үшін жауапкершілік жоқ, кез келген адам кез келген нәрсеге шағымдана алады. Бұл билікке немесе кез келген әсер ету тобына қарсылық білдіретін, бірақ заңды бұзбайтын контентке жаппай шағымдануға мүмкіндік береді. Платформалардан шағым түскеннен кейін 24 сағат ішінде заңсыз контентті алып тастауды талап еткенде (даулы істер бойынша – 7 күнге дейін), кез келген корпорация контент шынымен заңды бұзып тұрған-тұрмағанын анықтап жатқаннан және 50 миллион еуроға дейін айыппұл төлегеннен гөрі өшіру оңайырақ болады. Бұл дәл осылай болады дегенді білдірмейді, бірақ мұндай (заңды) мүмкіндік бар кезде – ол әсер ету мақсатында қашан қолданылатыны уақыттың еншісінде.

Әділдік үшін айтып өтейік, бұл заңды қорғауға қатысты пікірталастар болса да, бірақ қазақстандық заң шығарушылардың позициясына қарағанда қисынды түрде дәлелденген осы заңды ақтауға қатысты позициялар бар екенін айтып өтейік. NetzDG шеңберінде өтінім беру механизмінің өзі қазақстандық жобадан айырмашылығы айқын және түсінікті. Осы заң бойынша жойылған контент туралы Facebook есептерін қараңыз.

Соған қарамастан, бұл даулы мәселе болып қала береді. Мұндай заң платформаның онсыз да ішкі ережелері бар кезде артық емес пе және ішкі ережелерді өзгерту деңгейінде диалог жүргізу қажет емес пеі? Түсінікті болу үшін: Facebook 2020 жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін жойған немесе бұғаттаған 1 276 посттың 1122-сі платформа ережелерін бұзғаны үшін жойылды, 154-і ғана ережені бұзбады, бірақ Германияда NetzDG аясында бұғатталды. Негізі NetzDG аясында 4 211 шағым жіберілді. Демек, шағымдардың 70%-і қабылданбады, өтінім берушілер ұнатпаған жазбалар қоғамдастық ережелерін де, Германия заңдарын да бұзбаған.

Депутат айтпайтын екінші мәселе мынау: тәуір қоғамдағы «интернетті ұлттандыру» және «ерікті интернет» терминдері негізінен қолданушыларын және олардың ақпарат тарату мен оған қол жеткізу бостандығын шектеуге тырысатын (кейде онысы сәтті шығатын) тоталитар және авторитар елдер туралы айтылғанда қолданылады. Біз «ерікті интернет» деп тырнақшаға алып айтып отырған елдерде әлеуметтік желілер, мессенджерлер, халықаралық медиа сайттар бұғатталған, Қытайда Google мен Facebook-тің барлық өнімі бұғатталған, BBC сайты 2021 жылдан бастап бұғатталған. Үндістан әлеуметтік желілерді бұғаттайды, ал Сингапурдың БАҚ пен әлеуметтік медиа туралы заңдары ешкімге үлгі бола алмайды. Бұл – басқаша көзқарасты басудың үлгісі.

Айдос Сарым айтқан Netzwerkdurchsetzungsgesetz заңның барлық сын-ескертпесін қоса алғанда «интернетті ұлттандыруға» еш қатысы жоқ. Оны ресейлік немесе түрік заңдарымен теңестіру де дұрыс емес. Ресейде, Қазақстанда, Түркияда, Сингапурда интернет онсыз да ерікті емес, ал біздің елдер сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу бойынша аутсайдерлер қатарында, мысалы, «Шекарасыз репортерлар» рейтингісінде Қазақстан – 155 орын, Ресей – 150, Түркия – 153, ал Сингапур 179 елдің ішінде 160-орында тұр, Германиядан айырмашылығын (2021 жылы 13-орын) қараңыз.

Сонымен қатар, біз бірінші әлем елдерінде заңсыз әрекеттерді анықтау үшін қолданушылардың хат-хабарларын бақылау үрдісін байқаймыз. Айтпақшы, бұл да балаларды қорғау қамқорлығымен. Осылайша, Еуропарламент осы жылы қолданушыларға хат алмасуды сканерлеуге мүмкіндік беретін даулы (уақытша болса да) заңды қабылдады. Сонымен қатар, өздерінің IT-компанияларын жаһандық монополистерден қорғау тенденциясы, террористік контентті бұғаттау және жою тенденциясы бар. Бұл көптеген пікірталас пен сын тудырады. Бірақ әлеуметтік желілердің өзін бұғаттау мәселесі әзірше жоқ.

Жарнама нарығы аргумент ретінде

Мәлімдеме: Менің ойымша, ірі нарықтардан түсетін пайда шамалы болса да, технологиялық алпауыттардың табысының бір бөлігі, олардың қазақстандық пайдаланушыларынан түседі. Егер солай болса, онда өзін және өз аудиториясын, қолданушыларын құрметтейтін компания қазақ және орыс тілдерін білетін бірнеше контент-менеджерді жалдап, оларды Купертино немесе Кремний алқабына орналастыра алады.

Айдос Сарымның Exclusive.kz сайтына берген сұхбатында

Үкім: Манипуляция

№58 түзетудің сол тармағында «шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабар алмасу қызметі филиалдарының (өкілдіктерінің) басшысы бола алмайды» деп жазылған.

Бұл арада депутаттың дәлелінде, бұл Кремний алқабында жұмыс істеуге тиіс Қазақстан азаматтары туралы ма, әлде қазақ және орыс тілдерін білетін кез келген адам туралы ма, сонысы түсініксіз. Мысалы, АҚШ азаматтығы бар, қазақша сөйлейтін этникалық қазақ «контент-менеджер» бола ма? Қазіргі формадағы түзетулерге сай, жоқ, бола алмайды: жоғарыда айтқанымыздай, олар заңды тұлғаны Қазақстан аумағында және басшысы ретінде Қазақстан Республикасының азаматын тіркеуді қарастырып жатыр. Олар қазақ тілін білетін қызметкерлерді жалдауды қарастырмайды. Сондықтан мұнда Сарым мырза өзі жазған заңнамалық бастамаларды бұрмалайды.

Жарнама нарығы: технологиялық алпауыттарға Қазақстанда офис қажет пе?

Айдос Сарым Facebook, Twitter, Youtube сияқты технологиялық алпауыттардың жарнама мен қаралымнан миллиардтаған доллар табатынын айтты.

Біз нарықты бағалауға қызыға бастадық: айталық, Facebook қазақстандық сегменттегі жарнамадан қанша табады? Табатын сомасы шынымен жап-жақсы (салыстыру үшін біз ТМД елдері ішінде эконмикалық және мәдени жағынан жақын Ресей нарығын алдық. Сонымен қатар, біздің елдердің жарнама нарықтары пропорционал және жарнама берушінің қолданыспен байланысуға кететін шығыны арасында сәл ғана процент айырмашылығы бар).

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Әлеуметтік желілердегі жарнама нарығы дерегі мен 2025 жылға дейінгі болжам. Деректерде әлеуметтік желілерде жасалған жарнама шығыны мен постқа демеушілік шығыны бар. Мыналар есепке алынбайды: әлеуметтік желілердегі онлайн ойындардағы жарнама; мүшелік жарналар немесе алымдардан алынған кіріс. Толық нұсқа

2021 жылғы болжам – 163 миллион доллар. Бұл сома, мысалы, қазақстандық мемлекеттік ақпарат тапсырысы көлемінен 1,3 есе жоғары. Бұл ретте әлеуметтік желілердегі жарнама нарығының 90%-не дейінгі бөлігі ФБ-ға (және оның өнімі Instagram) тиесілі (YouTube бұл статистикада жоқ). Төмендегі кестеде негізгі ойыншылардың жарнама нарығын қамтуы салыстырылады.

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Солай бола тұра, Facebook ресейлік заң шығарушылардың батылдығына қарамастан, Қазақстанға қарағанда қаржы көрсеткіші 3,5 есе үлкен нарық үлесі бар Ресейде өкілдігін ашуға асығар емес. Бұл – түзетуді жақтаушылар ұсынған аргументтердің бірі. Түркиядағы өкілдіктер де уәделер мен айыппұлдар өсуіне қарамастан, ашық емес.

Ақыры Германия бізге үлгілердің бірі ретінде ұсынылған екен, Facebook пен осы елдегі жарнама нарығы қандай екенін көрейік.

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Елдер бойынша әлеуметтік желілердегі жарнама нарығының жалпы көлемі

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Негізгі ойыншылар үлесі

Германия нарығынан Facebook 2021 жылы 2 миллиард 243 миллион доллар, Қазақстаннан 146,7 миллион, Ресейден 564 миллион алады деп болжанып жатыр.

Өкілдіктер туралы айтар болсақ, IT гиганттарының бүкіл әлем бойынша қайда және қанша өкілдіктері бар екеніне назар аударған жөн. Мысалы, қазіргі уақытта ең танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді басқаратын Facebook компаниясының 34 елде кеңсесі бар (басқа дерек бойынша 37 елде). Бұл елдер тізімінде бұрынғы КСРО құрамында болған ешқандай ел жоқ. Google-дың 39 елде өкілдігі бар (басқа дерек бойынша – 40-50 елде). Бұрынғы КСРО елдерінен бұл тізімде Ресей ғана бар. Twitter, кейбір мәлімет бойынша, 19 елде ғана кеңсесін ашты (бөлек ел ретінде көрсетілген Гонконгты қоспағанда 18). Олардың барлығы да не дамыған елдерде, не стратегиялық маңызды аймақтарда орналасқан.

Сонымен қатар, заң шығарудың қыр-сырын талқылай отырып, бастаманың негізгі жарияланған мақсаты – балалардың кибербуллингіне қарсы күрес екенін ұмытпаған жөн. Біз бұған дейін талқылағанымыздай, Қазақстандағы онлайн-платформаларды тіркеу бойынша түзетулер бұл күрделі және кешенді мәселені шешуге қандайда бір жолмен көмектесетініне күмән бар.

Бұл жерде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бизнес компоненті тек бір бағытта жұмыс істемейтінін айта кеткен жөн. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқасында көптеген қазақстандық бизнеспен айналысып, ақша тауып, қызметін немесе тауарын жарнамалайды. Қайырымдылық мақсатқа қаражат жинау, көмек сұрау, проблемаларды анықтау мен талқылау және халықты ақпараттандыру сияқты маңызды әлеуметтік функциясы – бөлек әңгіме.

Қазақстан Google-ға не нәрселерді жою бойынша сұраным жібереді?

Айдос Сарым сұхбаттарында «қазір үкіметте әлеуметтік желілерді өшірудің технологиялық және басқа да мүмкіндіктері бар» дейді. Ол шынымен дұрыс айтады. «Байланыс туралы заңның» 41-1-бабы бұл мүмкіндікті реттейді және «ажыратқышты» пайдалану шарттарын қарастырады. Демек қазірдің өзінде барлық заңды негіз бар, платформалардың ережелері бар, ал Қазақстан технологиялық алыптарға контентті жою туралы сұраныстарды бұрыннан жіберіп келеді. Әрине, әлеуметтік желілердің мүлдем жабылуы Қазақстанға тиімсіз, ол туралы депутат былай дейді: «Бәрі Facebook-тің, Twitter-дің, YouTube-тің не екенін, олардың қандай роль атқаратынын, соның ішінде білім беру, мәдениет және басқаларын түсінеді. Ешкім өзіне зиян келтірейін деп жатқан жоқ. Біз әлеуметтік салдарды түсінеміз».

Бұл жерде орынды сұрақ туады. Егер депутаттар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қоғам үшін маңызын, олардың жабылуының салдарын түсінсе және жазалаушы «ажыратқышты» мүлдем пайдалануды жоспарламаса, онда олар неге бұл нормаларды ұсынады?

Жаңа түзетулер не үшін керек және әлеуметтік желілер қандай контентті алып тастауы керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз қазақстандық мемлекеттік органдар Google-ға жоюды сұрап жіберген контент сұраныстар бойынша статистиканы ұсынамыз. 2011 жылдан бері мұндай 373 сұраныс болды, олардың ішінде сұраныстарға сілтеме жасалған 192 503 котент элементтері бар.

Көп жағдайда сұраныстар Google-ға тиесілі Youtube платформасындағы контентті жоюға қатысты болды. Көп жағдайда жою сұрауының себебі «ұлттық қауіпсіздік» деп аталды (біз қандай контентті көрсеткенін білмейміз). Екінші және үшінші орындарда «билік өкілдерін сынау» мен «жала жабу» тұр. 2020 жылдың екінші жартысынан бастап басқа себептерге қарағанда, мемлекеттік қызметкерлерді сынауға байланысты сұраныстар көбірек болды.

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Мемлекеттік органдардың 2020 жылдың екінші жартыжылдығында контентті алып тастау туралы өтініштері бойынша статистика (дереккөз: transparentencyreport.google.com)

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Мемлекеттік органдардың 2011 жылдан бері өнім бойынша контентті жою туралы сұраныстар бойынша статистикасы (дереккөз: transparentencyreport.google.com)

Google өнімдері туралы мәліметтер Facebook-тегі мәліметтерден өзгеше болуы мүмкін екені түсінікті (Өкінішке қарай, Цукерберг компаниясы қазақстандықтан өтінімі бөлімінде Google сияқты сұраулары ашық емес, сондықтан біз оларды салыстыра алмаймыз). Алайда бұл статистика әлі де біздің мемлекеттік органдардың не нәрсеге алаңдайтыны туралы ойландырады. Көріп отырғанымыздай, бұл балалар мен кибербуллинг жайлы емес.

Сонымен қатар, Google 2020 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында мемлекеттік органдардың жоюға сұраған элементтерінің көбін (98,4%) өшіруден бас тартқаны қызық. Дегенмен, Google-дің өзі сұрауларда жиі нақты ақпарат жоқ екенін көрсетеді немесе автор контентті өз бетінше жойған болып шығады.

Айдос Сарымның әлеуметтік желілерді реттеуге қатысты аргументтері дәлелді ме?

Дереккөз: transparentencyreport.google.com

2021 жылдың 26 қыркүйгеінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан мемлекеттік органдардың Google-ға жүгінгені туралы пресс-релизінен: Қазақстан заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау шеңберінде Министрлік тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде Интернет желісінің өнімдеріне мониторинг жүргізеді. 2020 жылдың II жартыжылдығында жүргізілген мониторинг барысында Google әлеуметтік желісінде 13838 құқық бұзушылық фактісі анықталды, атап айтқанда Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтамаудың төмендегідей негізгі түрлері бойынша 105 ескерту хаттары жолданды:

  • “терроризм мен экстремизмді насихаттау бойынша – 13 643 факті тіркеліп, 37 хат жолданды;
  • БАҚ-ты қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында пайдалану бойынша – 94 құқық бұзушылық тіркелеп, 4 хат жолданды;
  • этносаралық алауаздық тудыратын ақпаратты тарату бойынша – 40 факті тіркеліп, 17 хат жолданды;
  • нақты жалған ақпарат тарату бойынша – 21 құқық бұзушылық тіркеліп, 17 хат жолданды;
  • Елбасы және ҚР Президентінің” абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты тарату бойынша – 18 факті тіркеліп, 18 хат жолданды;
  • бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы ҚР заңнамасын бұзатын ақпаратты тарату бойынша – 6 құқық бұзушылық тіркеліп 4 хат жолданды;
  • азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату бойынша – 3 құқық бұзушылық тіркеліп, 3 хат жолданды;
  • зұлымдық пен зорлық-зомбылықты насихаттау бойынша — 2 факті тіркеліп, 1 хат жолданды;
  • баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру, жеке немесе биометриялық деректерді, кәмелетке толмаған адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін басқа ақпаратты тарату бойынша – 3 факті тіркеліп, 2 хат жолданды.
    Қолданыстағы заңнамада «кибербуллинг» ұғымы әлі көзделмеген, осыған орай кибербуллинг құқық бұзушылық фактілері бойынша заңнамалық шектеулер жоқ.
    Осыған байланысты, министрліктің статистикалық мәліметтерінде «кибербуллинг» фактілері бойынша құқық бұзушылықтар жоқ.

Ақпарат министрлігі “Google-дің 2020 жылдың екінші жартыжылдығы туралы есебінде ұсынылған статистикалық мәліметтер қандай принцип бойынша есептелетін және материалдарды қарау әдістемесі қалай жүргізілетіні белгісіз” дейді және factcheck.kz сайтына барлық хатты ұсынатынын жеткізді.

Қорытынды және редакция тұжырымы

  • Айдос Сарымның дәлелдерін тексеру олар өзі енгізген түзетулердің мазмұнына біршама сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз оларды манипулятив деп санадық. Дегенмен депутат соған қарамастан, түзетулердегі шарттар келіссөз позициясын білдіреді және болашақта олар (шарттар) өзгеруі мүмкін екенін ескертеді. Бұл жай сөздер емес деп үміттенеміз.
  • Қазіргі қолда бар мәліметтер бізді Facebook, Twitter, Youtube және тағы басқа шетелдік IT -компаниялар Қазақстан үкіметімен ынтымақтастық орнатуға және Қазақстан азаматтарының басшыларын тағайындай отырып, өз өкілдіктерін ашуға дайын екеніне күмән келтіреді. Мәселе нарық көлемінде ғана емес. Бірнеше жыл бойы авторитар мемлекеттердің қысымына тап болған бұл корпорациялар қазақстандық юрисдикцияда болудың нәтижесі қалай болуы мүмкін екенін түсінеді. Үлгі боларлық жағдай тұрғысынан да. 
  • Сонымен қатар, Сарым мырзаның сөзіне сүйенсек, технологиялық алпауыттарға елде бірде-бір өкілдік ашуға тура келмесе де, бұл компаниялар уәкілетті органның ықпалы артуына қатысты алаңдайды. Ол орган ірі компаниялар жалдаған болашақ қазақстандық өкілдіктерге қысым көрсетуі мүмкін.
  • Сонымен қатар, Google-дың мемлекеттік органдардан контентті алып тастау туралы сұраныстарының саны мен сипаты туралы баяндамасы көрсеткендей, қазақстандық билікті көбінесе ұлттық қауіпсіздік мәселелері (біз оның қандай контент екенін білмейміз), мемлекеттік қызметкерлерді сынау мен жала жабу мәселелері алаңдатады. Басқа елдердің есептерінде ұлттық қауіпсіздік пен жала жабу сияқты факторлар жиі кездесетініне қарамастан, «билікті сынау» тармағы әлдеқайда сирек кездеседі (мысалы, Бразилия мен Филиппин сияқты елдерде) және бұл бізді алаңдатады.
  • Шындығында, қазақстандық қолданушылар бұл түзетулерді қабылдаған кезде мына нәрселерді жоғалтады: Facebook және басқа әлеуметтік желілер шарттарды қабылдап, филиалдар немесе өкілдіктер ашуға келіссе, а) әлеуметтік желілердегі кез келген қарама-қайшылықты басуға толығымен «заңды» негіздер пайда болады; b) платформа айыппұлдан қорқып, контенттің заңдылығын тексеруге ерекше ықылас танытпаған кезде; мұндағы айыппұл жалған шағым үшін санкциялар болмаған кезде, бұл манипуляция мен тұрақты түрде дискредитациялау науқанын бастауға жағдай жасайды; в) нәтижесінде, цензура өседі. Егер платформалар түзетулерде көрсетілген шарттармен келіспесе, бұл УО-ға «ажыратқыш» деңгейінде ақпаратты алу мен таратуға қол жеткізуді шектейтін қосымша құқық береді.

Материал орыс тілінен аударылды.

Factcheck.kz