Қош бол, Facebook немесе Сарым-Закиева түзетулерінің қауіпі

MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры және Factcheck.kz сайтының негізін қалаушы Әділ Джалилов бірер күн бұрын Сенатқа кеткен заң жобасының түзетулері не себепті әр қазақстандыққа қатысы барын және олардың қабылдануына жол бермеудің маңызын түсіндіреді.

Сарым-Закиева түзетулері деген атаумен танылған дәлелі әлсіз заң жобасы туралы біз былтыр да жазған едік. Биыл сол заң Сенаттың қарауына жетті. Бұл, шынтуайтынында, алаңдарлық жағдай. Екі кезең ғана қалады, содан кейін жағымсыз өзгерістер басталуы мүмкін. Қарапайым қазақстандықтар, оның ішінде блогерлер, БАҚ пен белсенділерге емес, шенеуніктерге ғана пайдалы өзгеріс. Қазіргі уақытта біз жергілікті билік салыстырмалы түрде бақылай алмағандықтан әлеуметтік желі мен мессенджерлерді еркін пайдаланып жүргенімізді ойланбаймыз. Егер осы заң жобасы қабылданса – еркіндік қалмайды. Сондай-ақ бұл нормалардың балаларды кибербуллиңнен қорғауға мүлдем қатысы жоқ. Неліктен екенін түсіндіремін. Төменде – ең негізгі және ең жағымсыз үш бөлік:

Біріншіден, барлық әлеуметтік желі мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға міндеттеледі. Бұл, мәселен, Фейсбуктің Қазақстан бойынша жеке менеджері болады деген сөз. Ал ол менеджер Қазақстан билігінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болары сөзсіз.

Екіншіден, Өкілетті орган (ӨО, нақтырақ айтқанда – АҚДМ (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) «заңды өкілдерге» қай контентті 24 сағат ішінде өшіру керегі туралы нұсқау жіберіп отырады немесе оған Қазақстан аумағында шектеу қойылады.

Үшіншіден, егер әлеуметтік желі немесе мессенджер контентті өшірмесе, қазақстандық соттың шешімін, бұйрығын, мемлекеттік органдардың шешімін орындамаса ӨО/АҚДМ «олардың қызметін Қазақстан аумағында шектеуге құқылы». Қысқаша айтсақ, “тілді алмағандарды” әп сәтте өшіре салады.

Заң жобасында бұл бұйрық пен шешімдер балаларды қорғау үшін екені жазылмаған. Басқаша көзқарастағы азаматтар мен сыни пікірмен күресу үшін балаларды қорғағандай кейіп танытып отыр. Алда экономикалық дағдарыс, сайлау мен басқа да жағдайлар болатынын ескерсек, сынның көп болатыны анық. Мәтінде өкілетті органның әлеуметтік желі мен мессенджерлерді Қазақстан Республикасы аумағында шектей алатыны анық жазылып тұр.

Шектеу деген не? Мәселен, мүлдем баяулатып тастау. Абаев айтқан танымал тіркес естеріңізде ме? – «Білмеймін, менде бәрі жақсы жұмыс істеп тұр». Енді бұл заңды болады. Кез келген наразылық, талаптың, желідігі жазбаның жолы кесіледі.

Депутат Сарым бұғаттау болмайды деп Құдайдың немесе басқа біреудің атымен ант берсе де ештеңе жоғалтпайды. Ол ресми түрде бұғаттау болған жоқ деп айтуы мүмкін. Оған қоса, егер ешқандай әлеуметтік желі істемесе қалай наразылық танытпақсыз? Ары кетсе ас үйіңізде балағаттап аларсыз. Қолжетімділікті шектейтін – ӨО/АҚДМ. Ал депутаттардан не сұрайсыз?

Google-ға шенеуніктер негізінен қандай контентті өшіру туралы сұраныс жіберетінін көргіңіз келсе, кіріп көріңіз. Көңіл көтеріп, балалар кибербуллиңі туралы ештеңе жоқ екеніне көз жеткізесіз. Балалар бұл нормада солдаттар, террористер немесе ұры-қарылар қорғанатын қалқан секілді болып тұр.  

Қош бол, Facebook немесе Сарым-Закиева түзетулерінің қауіпі
Қазақстандықтардың контентті өшіру туралы сұраныстарының Google статистикасы

Болашақта бізге ресейлік ВК мен «Одноклассники» ғана қалуы да әбден мүмкін немесе Инстаграмның ресейлік баламасы («Россграм») немесе сол секілді «импортты алмастырушы құрал» келеді. Сонымен қатар YouTube пен Telegram-ның қазақстандық баламалары пайда болады. Елестету қиын ба? Ал бір ай бұрын сіз Украинадағы соғыс пен қазіргі болып жатқан жағдайларды елестетіп көріп пе едіңіз? Егер заң шығарушылар сіз бен бізге не ұсынып жатқанына көз жеткізгіңіз келсе – мен сіздерге сілтемеге өтіп, заң жобасын (14-16 беттер) оқып шығуға кеңес беремін. Үзінді келтіремін:

«Шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) жедел хат алмасу сервисінің өкілетті органымен өзара іс-қимыл жөніндегі заңды өкілі: 1) Қазақстан Республикасы «Байланыс туралы» Заңының 41-1-бабында белгіленген мемлекеттік органдардың талаптарын, ұсынымдарын, хабарламаларын немесе шешімдерін орындауды және қарауды, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді; 2) Қазақстан Республикасының заңдарында таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өкілетті органның нұсқауымен уақытша тоқтатыла тұрған ақпарат көзіне қол жеткізуді шектейді және (немесе) ақпаратты жою жөнінде Қазақстан Республикасының аумағында шаралар қолданады».  

Бұл заң тек шенеуніктер үшін тиімді екеніне сенімдімін. Сондай-ақ бұл заңмен қорғалатын да тек сол шенеуніктердің балалары болмақ. Себебі оларға тергеу мен жанжал қорқынышты болмайды. Әлеуметтік желідегі кибербуллиңнің ауқымы кең екенін дәлелдейтін ешқандай жөні түзу алдын ала зерттеу жасалмағанына сенімдімін.

Оған қоса, балалар, мәселен, Facebook пайдаланбайтынын білеміз. Бірақ заң аясында айына тәуліктік орташа трафигі 100 мың пайдаланушыдан асатын барлық интернет-платформалар қамтылған.

Бұл компаниялардың барлығында деструктивті контентке қарсы өзінің тиімді саясаты бар, сондай-ақ оған шағым түсіру мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ барлық шетелдік платформаның біздің билік пен цензорларға тудыратын мәселесі – олар әзірге Қазақстанның құзыретінде емес. Сол себепті шенеуніктеріміз олардан ештеңені талап етіп, бұйрық бере алмайды. Мәселен, сыни постты немесе жемқорлықты әшкерелейтін видеоны өшірте алмайды.

Шетелдік юрисдикция арқасында біз сөз бостандығын сезініп, оны әлеуметтік желі мен мессенджерлерде қолданып жүрмі және дәл осы сөз бостандығын шенеуніктеріміз қысымға алғысы келеді. Бұл заң жобасының ешкімге қажеті жоқ: БАҚ-қа тіптен керек емес, олардың әлеуметтік желілерде өз парақшалары мен арналары бар, блогерлер мен қарапайым тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де қажеті жоқ.

Бұл АҚДМ-нен интернет-жандармерияны немесе ҰІІК (Ұлттық ішкі істер комиссариатын) жасайтын және тек шенеуніктерге керек өте қауіпті заң жобасы. Мен бәрін қарсы шығуға шақырамын. Өйткені ол әрбірімізге қатысты.

Директор Международного центра журналистики MediaNet, медиа-тренер, консультант, журналист. Инициатор и разработчик нескольких обучающих проектов: «Практическая журналистика», Медиа-Школа (независимая школа журналистики) и др. Основатель Factcheck.kz

Factcheck.kz