Төтенше жағдай министрлігі жер сілкінісін болжау мен ақпарат беруге 700 млн теңгедей жұмсаған

Қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні Қазақстан мен Қырғыстан шекарасында магнитудасы 6,7 балл жер сілкінісі болды. Оның толқыны Алматыға да жеткен, жер асты дүмпуі – 5 балл. Сол түні тұрғындардың басым бөлігін үрей билеп, қиранды астында қаламын деп қорыққандар көшеге жүгіріп шыққан, қаладан шыға берісте кептеліс болып, мессенджерлерде дүрбелең тудыратын хабарламалар тараған.

Қалада дыбыс белгілері жұмыс істемей, тұрғындарға жер сілкінісі туралы хабарламалар келмеген, алайда Алматының ТЖД автоматтандырылған ерте ескерту жүйесін орнату үшін 1,1 млрд теңге жұмсағанын айта кетейік.

Дегенмен мұндайға қомақты қаржы алғаш рет жұмсалып отырған жоқ. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісін болжау мен ақпаратпен қамтамасыз етуге 700 млн теңгедей бөлгенін айтып берейік.

Болжау мен ақпараттандыру қалай жоспарланған еді?

2023 жылдың сәуірінде ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-мен сейсмологиялық ақпаратты мониториңдеу қызметін алу үшін 696 510 714 теңгеге келісімшартқа отырған.

Қызмет көрсетуші болмай қалған сатып алудың бір көзінен таңдалған, яғни ашық конкурс өтпеген. «Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы» – ТЖМ-ге қарайтын, есеп беретін компания. Бұл туралы олардың ресми сайтында жазылған.

Техникалық талаптарға сәйкес, қызметті сатып алудағы мақсат – «жер сілкінісін замауи болжау әдістері мен ақпараттандырудың арқасында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», сондай-ақ еліміздің сейсмоқауіпті аймақтарында бақылау мен зерттеу жүргізу.

Жер сілкінісін бақылау Алматы мен басқа облыстарда 25 сейсмостанция мен жер қыртысының қозғалысын тіркейтін 15 пунктің көмегімен жүзеге асады. Анықтамаға қарасақ, мамандар аз ғана тербелістің өзін үздіксіз бақылап және тіркеп, бірден тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ қызметкерлеріне жеткізіп отыруға тиіс. Келген ақпарат күні, уақыты, координаттары, ошағы мен энергетикалық классы бойынша сұрыпталады.

Тіпті, мамандар жер сілкінісі кезінде кейбір жануарлардың қандай әрекет істейтінін де бақылап отырады. Оның ішінде кесірткелер, геккондар, шығыс айдаһар жыланы, өрнекті жылан, тотықұстар, бентам тауықтары мен қояндар бар. Оларды Алматыдағы биостационарда ұстайды.

Бұл министрлік пен «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» арасындағы жалғыз келісімшарт емес екенін айта кетейік. 2023 жылы меморган жерсілкінісіне мониториң жасау үшін тағы екі келісімшартқа қол қойған, бірақ бұлардың құны арзанға шыққан: біріншісі74 626 148 теңге, екіншісі7 995 658 теңге.

Анықтамаға сенсек, екеуінде де жер сілкінісін болжау мен мемлекеттік органдар мен тұрғындарды уақытылы ақпараттандыру қызметі бойынша келісімшартқа отырған. Айырмашылығы сол, бірінші келісімшартта Алматы облысындағы екі станцияда және Түркістан облысындағы бір станцияда мониториң жүргізілсе, екіншісінде Алматы облысындағы тағы бір нысанда мониториң жүргізілген.

Болжам неге жұмыс істемейді?

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік бюджеттен миллиондарды игеруге тырысқанымен, отандық сейсмологтар 23 күні түнде болған жер асты дүмпуін болжай алмады, соның кесірінен жаппай сынға ұшырады. Он күн бұрын, 12 қаңтардағы Алматы ТЖД брифингінде құтқарушылар мен сейсмологтар қала мен облыста қатты сезілетін, одан қалса ғимарат қирайтындай жер сілкінісі болмайды деген еді.

Сонымен қатар жиналыста сейсмикалық қауіп төнгенде барлық телевизиялық арналар мен радио толқынында қауіп туралы ақпарат тарайды деп мәлімдеді. «Ақпараттандыру 100% жүреді», – деді Алматы қаласының ТЖД жою басқармасы бастығының міндетін орындаушы Бекболат Бұғабаев. Дегенмен мұндай жағдай қауіптің қай деңгейінде болатынын айтпады.

Ғалымдардың пікірінше, жер сілкінісін дәл болжау мүмкін емес екенін де ескеру керек. Салыстырмалы түрде ұзақ мерзімді болжам сенімдірек болады, онда қауіпті жер сілкінісін белгілі бір аймақта белгілі бір уақыт аралығында болуы мүмкін екені айтылады. Ал қысқа мерзімді болжам тиімділігі бойынша кездейсоқ айтқан болжам секілді.

Камбридж университетінің ғылым департаментінің басшысы Джеймс Джексон 2014 жылы «Власть» интернет-басылымына берген сұхбатында жер сілкінісін болжау мүмкін емес екенін және оның қауіпсіздік үшін әрекет істеудің орнына ойды бөлетінін, себебі аса қауіпті жер сілкінісі кез келген сәтте болатынын айтқан.

Жер сілкінісін болжағанда саясаткерлер, қоғам, сәулетшілер де жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Бәріні айтатыны бір – бұл проблеманы ғалымдар шешуі керек. Бірақ, шынтуайтында, бұл проблеманы шешуде жоғарыда айтқан тізбек бірге жұмыс істеуге тиіс.

Джеймс Джексон

Сондықтан, Джексонның ойынша, жер сілкінісін болжау маңызды емес, оған дайындалу маңызды. «Мынаны түсінгеніміз жөн, адам өмірін сақтап қалу үшін жер сілкінісін болжап үйренудің сізге қажеті жоқ. Сіз мұны жер сілкінісіне төтеп беретін ғимарат салумен-ақ жасай аласыз. Адамды жер сілкінісі емес, үйлер өлтіреді. Сізге тек жер сілкінісі қауіпін түсінгеніңіз дұрыс», – дейді ғалым.

Мұның бәрі бізге, мысалы, сейсмологиялық станциялардың қажеті жоқ деген сөз емес, себебі олар жер сілкінісі кезіндегі толқындарды тіркеп, жақсы жұмыс нәтижесінде тұрғындарды ақпараттандыруға қажет болады.

Дегенмен олай болмай шықты

Неге халыққа хабарлама уақытылы келмеді?

23 қаңтар күні PROTENGE журналистері Алматы ТЖД күшті жер сілкінісі туралы автоматтандырылған қоғамды ерте ақпараттандыру жүйесіне 1,1 млрд теңге жұмсағанын анықтаған. Құжаттарда бұл жүйе дауыстық дабыл және мобильді қосымшалар арқылы төніп келе жатқан қауіп туралы тұрғындарды ақпараттандыруы керек деп жазылған. Дегенмен жер асты дүмпуі болған түні бұл жүйе жұмыс істеген жоқ. Ал ТЖМ жіберген хабарламалар алматылықтарға жер сілкінісі аяқталған соң келген.

Осыдан кейін шенеуніктер жүйе не үшін жұмыс істемегенін түсіндірумен айналысты. Алдымен Алматының ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалалық электродабылдар тек 5,5 баллдық жер сілкінісі кезінде іске қосылатынын, сондықтан оны қосудың еш мәні жоқ екенін айтты. Сондай-ақ ол СМС хабарламалардың халыққа кешігіп жетуі мегаполистегі халық тығыздығымен байланыстырды – ұялы байланыс операторлары ақпаратты өңдеп үлгермеген.

Содан кейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі Асхат Оразбек журналистерге жер сілкінісі туралы хабарламалар уақытында жіберілгенін, тек  жетпей қалғанын түсіндіріп әлек болды. Вице-министрдің сөзінше, СМС-ті жаппай тарату кезінде әр хабарлама кезекке тұрғандай тізіліп, соның кесірінен уақыты жетпейді екен.

Сондай-ақ ол жауапкершілікті байланыс операторларына артып, олар СМС-тің жылдам жетуі үшін жұмыс істемейді, себебі СМС – тегін деп мәлімдеді. «Азаматтық қорғау» туралы заңға сәйкес, байланыс операторлары 112 келген СМС-ті кезексіз жіберуге міндетті. Оразбектің ойынша, сол үшін хабарлама бірнеше сағат ішінде жетеді және ақпаратты жылдам тарату мүмкін емес.

Tele2/Altel операторлары «Алматы ТЖД-дан хабарлама таратуға деген алғашқы өтініш жер сілкінісі болғаннан кейін бір жарым сағаттан кейін келді» деп хабарлаған. Мұндай жағдайда, оператордың ойынша, СМС – ақпараттандыру үшін қолайсыз тәсіл, бұл төтенше жағдайда емес, тек алдын ала ескертуде ғана тиімді болмақ, мысалы: тұман болуы мүмкін немесе қар көшкіну болуы мүмкін деген хабарламалар. Бұл СМС хабарламалардың техникалық мүмкіндігі себебінен болып отыр, мысалы хабарламаларды жіберу жылдамдығына байланысты.

Оған қоса Алматының ТЖД баспасөз қызметі жер сілкінісі туралы хабарландыру жүйесі әлі де тексеру кезеңінде екені айтылған хабарлама таратқан. Ведомстваның ақпаратына сай, қаладағы құрылысты былтырғы жылдың соңында біткен, қазір ерте ескерту жүйесі тестік режимде, бұл кезең 2024 жылдың алғашы жарты жылдығы біткенше созылады.

Мемлекеттік органдардың ақталғанына қарамастан, бұл жағдай тұрғындардың ғана емес, биліктік де тарапынан сынға алынды. Оның ішінде мәжіліс депутаттары жер сілкінісі кезінде азаматтарды ақпараттандыру жүйесіндегі айтарлықтай қателер бар екені туралы айтты, ал ТЖМ төтенше жағдай кезінде азаматтарға ешқандай ақпарат бере алмаған. Сондай-ақ дәл осы уақытылы ақпараттандырмағанның кесірінен қалада хаос орнады деген пікірдің де ұшы шықты.

Нәтижесінде 24 қаңтарда Қазақстанның коррупцияға қарсы қызметі тексеріс бастаған, содан кейін 1,1 млрд теңгеге жұмыс істемейтін хабарландыру жүйесін орнатқан компанияның иесі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немесересі Нұрәлі Әлиев екені белгілі болды.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz