Алматы әкімдігі шетелдік блогерлерді шақыруға 90 млн теңге жұмсамақ

Бұған дейін Алматы әкімдігінің шетелдік блогерлерге пресс-тур ұйымдастыру үшін бюджеттің 60 млн теңгесін жұмсағалы жатқанын жазған едік. Ол кезде билік қалаға 13 мемлекеттен 30 блогер әкелмек болған. Шенеуніктердің жоспары бойынша олар әлеуметтік желілерде қаланы мақтауы керек еді.

Бұл тендер мемлекет қаржысын осындай мақсатта жұмсауға қатысты көп дау туғызды. Алайда әкімдік онымен тоқтап қалмапты, себебі біз 2024 жылға да жарияланған сондай тендер таптық. Бұл материалда шетелдік блогерлерге қанша қаржы жұмсалғалы жатқанын айтамыз.

Адам басына 1000 доллар және бес жұлдызды қонақ үй

8 ақпанда Алматы туризм бюросы шетелдік блогерлерге пресс-тур ұйымдастыру туралы хабарландыру жариялады. Бұл мақсаттарға әкімдікке қарасты ведомство 89 285 710 теңге жұмсамақ. Материал жазылып жатқан кезде жеңімпаз туралы ақпарат жарияланбады.

Жалпы ведомство қалаға БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия, Катар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай мен Малайзиядан 50 блогер шақырмақ. Талаптарға сәйкес, қонақтар Instagram, TikTok, Weibo немесе басқа да танымал әлеуметтік желілерде Travel, Food Blog немесе Lifestyle блог жүргізуі керек. Блогерлердің әрқайсысында кемінде 300 000 оқырман, ал көрілім 500 000 аз болмауы керегі айтылған. Статистиканы әлеуметтік желілердегі жеке кабинет деректерімен растау талап етіледі.

Пресс-тур төрт сатыға бөлініп, әрқайсысы төрт-бес күн өткізіледі. Әкімдік блогерлерге Алматыны төрт мезгілде көрсеткісі келеді. Бірінші тур наурыздың аяғында, екіншісі маусымда, үшіншісі қыркүйекте, ал төртіншісі желтоқсанның алғашқы жартысында өткізіледі.

Осы уақытта қонақтарға қала бойынша экскурсия жасалады, сондай-ақ оларды қазақ халық аспаптары музейіне, Алматы музейіне, 28 панфилофшылар саябағына, «Көк-төбеге», Көк базарға, Шарын каньонына, «Медеу» мұз айдынына, «Шымбұлақ» тау курортына, Көлсай, қайыңды көліне, мешіттерге, соборлар мен басқа да көрікті жерлерге апарады.

Блогерлердің әрқайсысына эконом класспен келу-кету билеті, әуежайдан Алматы орталығындағы төрт немесе бес жұлдызды қонақүйге жеткізу қызметі, жеке көлік, күніне үш рет тамақтану, аудармашы беріледі және контент түсіру үшін кәсіби фотограф пен мобилографтар еріп жүреді. Бұдан бөлек оларға естелік сыйлықтар беріліп, адам басына 1000 доллар (шамамен 450 мың теңге) төленеді.

Тур қорытындысы бойынша, блогерлер аккаунттарында Reels форматында кемінде үш видео, Instagram және TikTok аккаунттарында кемінде 15 Stories салуы керек. Блогер YouTube платформасында жұмыс істесе, қала туралы бір көлемді видео мен Shorts форматында кемінде 5 видео жариялауға тиіс. Қытайдан келетін блогерлер Weibo желісінде кемінде 5 толық форматты жазба мен Stories форматында 15 видео салуы керек.

Өкінішке қарай, туризм бюросы блогерлер тізімін жарияламаған, себебі мұны тапсырыс берушімен келісу керек.

Бір жылда не өзгерді

Алматы әкімдігі шетелдік блогерлердің мақтауы арқасында қаланың танымалдығын арттыруды жоспарлап отырған бірінші жағдай емес. 2023 жылғы қазанда туризм бюросы осыған ұқсас тендер жариялаған еді, бірақ бір жылда жағдай аздап өзгерді.

Біріншіден, былтыр пресс-тур ұйымдастыруға әкімдік 60 млн теңге бөлген. Биыл сома шамамен 30 млн теңгеге артқан. Екіншіден, бұған дейін әкімдік қалаға 30 блогер әкелсе, енді олардың саны 20 адамға көбейген. Былтырғы тәжірибені сәтті өтті деп бағалау қиын болғандықтан, бұл бастаманы да түсіндіру қиын. Үшіншіден, былтырғы тендерде туризм бюросы блогерлердің гонорарларын нақтыламаған, ал биыл ашық айтылған.

Басқа жағынан алғанда талаптар өзгермеді деуге болады. Алматы билігі былтырғы тізімдегі мемлекеттерден блогерлер шақырып, оларды былтырғы блогерлерге көрсеткен жерлерге апаруды жоспарлап отыр. Блогерлерге жазылған адам саны мен көрілім көрсеткіші бойынша талаптар да еш өзгермеген.

Мұндай тендерлер неге проблема?

Бұрын жазғанымыздай, мұндай тендерлердің елімізге келетін туристер санының артуына қалай әсер ететінін, шетелдік блогерлерге берілетін жарнаманың қаншалық өзін ақтайтынын тексеру қиын. Мемлекет бұл мәселе бойынша ешқандай статистика бермейді, әрі «туристік өнімді алға жылжыту» шығындары да жыл сайын артып қана жатыр.

Былтыр қазақтандықтарға Алматыны қандай блогерлердің жарнамалап, қандай контент салғанын білу қиынға соқты. ProTenge журналистері екі айдан астам уақыт бойы әкімдіктен қаланы мақтап жазуы керек адамдардың тізімін сұраумен болды. Нәтижесінде тізімді берді, бірақ ол кезде блогерлер елден кетіп үлгерген еді.

Туризм бюросы алдын ала тізімді жарияламағанын ескерсек, журналистерге Алматыны жарнамалайтын адамдардың кім екенін білу үшін тағы да әкімдіктің «мазасын алу керек» сияқты.

Бұл ақпарат өте маңызды, себебі қала билігі шетелдік промоутерлерді дұрыс таңдамағанымен көзге түскен еді. Мысалы, 2021 жылы әкімдік 20 млн теңгеден астам қаржыға блогерлерді алып келгенде, журналистер кейбір қонақтардың сапардан ешбір жазба салмағанын, ал жартысының аудиториясының 90%-і өлі екенін, яғни, аты бар, заты жоқ оқырмандар жинап алғанын анықтаған еді.

Кейбір блогерлер әкімдікпен жұмыс істеудің қиындықтары туралы да айтқан-ды. Мысалы, Алматы билігі шақырған Серафима Лаптева «ұйымдастырушылардың кәсіби қарым-қатынасы көңілінен шықпаған соң» бас тартқанын, ал Катардан шақырылған екі блогер ұшақ билетін өздері алғаны айтылды. Олардың сөзінше, билеттер Катар әуе компаниясы есебінен сатып алынған, ал қазақстандық тарап бұған атсалыспаған.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz