Алматы әкімдігі шетелдік блогерлердің мақтау постына 60 млн теңге төлемекші

Жыл сайын Алматы әкімдігі қаланың туристік имиджін көтеруге бюджеттен ірі сома бөледі. Әдетте ол ақша шетелдік БАҚ-та жарнамалауға я болмаса көрме ұйымдастыруға жұмсалады. Көптеген сұрақ тудыратын тағы бір шығын түрі – әлеуметтік желілерде қаланы мақтау үшін шетелдік блогерлерді шақыру.

Factcheck.kz редакциясы осындай тендерлердің бірі жайлы сөз қозғайды.

Шетелдік блогерлерге не үшін және қанша төлейді

24 қазанда Алматы қаласы туризм басқармасына қарасты Алматы туризмі бойынша бюро шетелдік блогерлерге пресс-тур ұйымдастыруға байқау жариялады. Әкімдік іс-шараға 60 млн теңге бөлуді көздеген. Қазір орындаушы әлі таңдалған жоқ, өтініш қабылдау 1 қарашада аяқталады.

Техникалық сипаттамасы бойынша, билік өкілдері БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания мен Қытайдан 30 блогерді әкелуді жоспарлап отыр. Әрқайсының жазылушысы 300 мыңнан, қамтитын аудиториясы 500 000 қолданушыдан кем болмауы тиіс.

Әкімдік шақырылған қонақтардың эконом санаттағы келу-қайту билетін төлейтіні нақтыланған. Сондай-ақ олардың бес және төрт жұлдызды қонақүйде тұруы, тегін үш мезгіл тамақтануы, күн сайынғы су қоры қамтамасыз етіліп, тур біткенде естелік сыйлықтар табысталады.

Пресс-турдың өзі тапсырыс берушінің қалауына қарай үш күннен бес күнге созылады және оған Алматы бойынша экскурсия, Қазақ ұлт аспаптары музейі, Алматы музейі, 28 Панфиловшы саябағы, «Көк Төбе» саябағы, Жасыл базар, «Сұңқар» тәлімбағы, «Ғұн» не «Номад» этно-ауылы, «Лесная сказка» тау курорты, Шарын каньоны, Медеу мұзайдыны, Шымбұлақ курорты мен Көлсай көлдеріне саяхат кіреді. Сондай-ақ қонақтарға қазақ ұлттық асханасының тамақтарын пісіруден шеберлік сағаты мен қолөнер шеберханасына бару ұйымдастырылған.

Тур аяқталғаннан кейін әр блогер негізгі парақшасына кемінде үш мақтау фото, reels немесе бейнеролик, сонымен қатар Instagram я TikTok желісіне Stories форматында кемінде 10 видео жүктеуі тиіс. Егер блогер негізгі материалдарын YouTube желісіне жарияласа, кемінде екі минуттық классикалық форматтағы бір видео мен Shorts форматында үш видео салуы керек.

Өкінішке қарай, Қазақстанға шақыруды жоспарлап отырған блогерлер тізімі жарияланбаған, себебі ол тапсырыс берушімен өзара келісе отырып таңдалады.

Бір қызығы, бұл Алматы қаласына биыл шетелдік блогерлерді әкелу жоспарының алғашқысы емес. Қыркүйек соңында туризмді дамыту бюросы 60 млн теңгеге осыған ұқсас тендер өткізбек болған, бірақ өтініш берушілер болмағандықтан жоспар іске аспады.

2021 жылғы блогерлермен болған мәселелер

2021 жылы туризм бюросы Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, БАӘ мен Гонконгтан 20 блогерді шақырып, оларға 5 күндік пресс-тур ұйымдастыру үшін «GLOBAL AIR» ЖШС-мен 20 400 000 теңгеге келісімшарт жасасты. Әуелде 28 560 000 жұмсау жоспарланғанымен, кейінірек сома азайды.

Техникалық сипаттамасында блогерлерді төрт және бес жұлдызды қонақүйге орналастырып, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп, жол шығыны төленеді және Алматының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырады делінген. Қаладағы көретін орындар тізімі 2023 жылғы тендермен бірдей деуге болады. Тек екі жыл бұрын қонақта қосымша Arba Wine жүзімдігіне барып, ұлттық киіммен суретке түскен-ді.

2021 жылғы пресс-тур бірнеше қызық оқиғамен есте қалды. Ол аяқталғаннан кейін ProTenge журналистері әкімдік шақырылған қонақтар тізіміне шетелдік блогерлерді ғана емес Қазақстанның Румыниядағы құрметті консулы Корина Мартинді, Turkish Airlines компаниясының Румыниядағы бас менеджері Али Ормаган Отлаканы қосқанын анықтады. Бұдан бөлек кей қонақтар Алматыға келіп-кеткеннен кейін бірде-бір пост жарияламағаны белгілі болды, ал жартысының 90% аудиториясы «өлі» екенін, яғни жазылушының саны бар, сапасы жоқ болып шықты.

Оған қоса блогерлердің кейбірі әкімдікпен жұмыс істеудің қиын болғанын айтқан. Мәселен, Алматы билігі шақырған Серафима Лаптева «ұйымдастырушылардың біліксіз қарым-қатынасы» салдарынан сапардан бас тартқан, ал Катардан шақырылған екі блогер ұшу билеттерін өздері төлеген. Олардың айтуынша, билеттер катарлық әуе желісі есебінен алынды, ал қазақстандық тарап оған қатыспаған.

ProTenge журналистерінде қалыпты сұрақ туды: тізімге келуден бас тартқан адамдар неге қосылған және олардың кейбірі неліктен жол ақысын өзі төледі?

Пайдасы бар ма?

Біз бірнеше рет сыртқы туризмді дамытумен қатар, іштегіні де сақтап тұру үшін мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөлінетінін жаздық. Бірақ әртүрлі туристік тендерлер бойынша Алматы әкімдігі көш бастап тұрғанын сеніммен айта аламыз.

Жақында қалалық туризм басқармасы 2023 жылдың бірінші жартысында Алматыға келген шетелдік саны 72,6%, 261,6 мың адамға дейін көбейгені туралы мақтана баяндады. Билік өкілдерінің дерегінше, БАӘ, Қатар, Кувейт, Иран, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Германиядан келетін турист ағыны артқан. Дегенмен ақпараттың рас әлде жалған екенін тексеру мүмкін емес, себебі оны растайтын статистика жоқ. Ал статистика бюросында тек ел көлеміндегі туризм туралы дерек ұсынылған.

Сонымен қатар Factcheck.kz редакциясы осы ведомство 2022 жылы қызметкерлерінің әлемнің 27 еліне іскерлік сапарына миллион долларға жуық ақша жаратқанын анықтады. Ресми деректер бойынша, туризм басқармасы шенеуніктері «Алматы қаласының туристік әлеуетін таныстырған».

Негізгі мәселе мұндай шығын елге келетін туристер санын арттыра ма және келетін шетелдіктер есебінен шығын қаншалықты ақталады деген сұраққа, оны тексере алмайтынымызға келіп тіреледі. Мемлекет бұл мәселеге қатысты статистика ұсынбайды деуге болады, соған қарамастан «туристік өнімді таныту» шығындары жыл өткен сайын артып жатыр.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz