Алматы әкімдігі қаланы БАҚ-та жарнамалауға 176 млн теңге жұмсамақ

Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігі қаланың имиджін шетелде (1, 2, 3, 4, 5) және ел ішінде (1, 2) көтеру үшін мемлекеттік бюджеттен жүздеген миллион теңге жұмсайтыны туралы бірнеше рет жазған. Сәуір айында мемлекеттік сатыпалым сайтында ішкі туризмді дамытуға бағытталған тағы бір тендер пайда болды. Ондаған қазақстандық БАҚ-тың мақтау мақалаларына қала билігінің қыруар қаржыны қалай жұмсағанын айтып берейік.

Мақтау мақалаларға 176 млн теңге

26 сәуірде Алматы туризм бюросы БАҚ-та жарияланатын ақпараттық материал дайындау бойынша қызметтерді сатып алу туралы тендер жариялады. Басқарма осыған арнайы 176 854 460 теңге бөлді. Материал жазылып жатқанда тендер әлі өткізілген жоқ, өтінімдер әлі қабылданып жатыр. Әлеуетті кандидаттардың құжаттарын тапсырудың соңғы мерзімі 30 мамыр.

Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, басылымдар Visit Almaty, Алматы Туризм департаменті және Алматы қаласы әкімдігінің жұмысы туралы жазып, қала тұрғындары мен қонақтарының Visit Almaty брендіне, Алматы қаласына адалдығын арттыруға тиіс. Жалпы, билік 19 қазақстандық басылымда 215 жарнамалық материал жариялағысы келеді. Алайда бірқатар қызықты нюанстар бар.

Әр мәтін сайттың негізгі бетінде PR деген таңбасыз жариялануы керек. Жарияланатын материалдар: «Алматы туралы пайдалы ақпарат», «Алматыда қандай тамақ жеуге болады», «Алматыда не істеуге болады» және т.б. тақырыптарда жазылуға тиіс. Мұндай мәтіндердің көлемі басылымға және тапсырыс берушінің қалауына байланысты екі мыңнан бес мың таңбаға дейін болады. Әрбір басылымға 5-тен 20 данаға дейін мәтін жазуға тапсырылады.

Бір қызығы, тапсырыс беруші PR науқанына қандай нақты басылымдар қатысатынын еш жерде көрсетпейді. Дегенмен, техникалық сипаттамада оны анықтауға болатын әрбір сайттың егжей-тегжейлі сипаттамасы бар. Мәселен, NUR.kz порталы былайша сипатталады: «Қазақстандағы және дүние жүзіндегі жаңалықтарды жариялайтын қазақша ақпараттық портал. Сайт айдары: саясат, қаржы, қоғам, отбасы және шоу-бизнес. Порталда Android және IOS платформаларына арналған өз музыкалық қосымшасы бар».

Ал «Қазақстандық және халықаралық жаңалықтарды, оқиғаларды, хабарландыруларды, аналитикалық материалдарды, мәдени өмірге, саясатқа, қаржыға, экономикаға қатысты ақпаратты, сондай-ақ заңнамалық актілерді, заңнамадағы өзгерістерге шолу жариялайтын ірі қазақстандық ақпараттық портал…» деп сипатталған сайт Zakon.kz туралы деп топшылап отырмыз.

БАҚ-тағы материалмен қатар, жеткізуші кемінде 50 000 жазылушысы бар танымал әлеуметтік желілерде кемінде 60 мақтау материалдарын жариялауы керек. Бүкіл PR-компания бәрін қосқанда 35 миллион қаралым жинаға тиіс. 

Бұрын қалай еді

Алматы билігі жергілікті басылымдарға арналған мұндай ауқымды жарнамалық науқанды сирек өткізгенмен біршама тәжірибесі бар. 2023 жылы Туризм бюросы «РА “TWELVE CREATIVE”» ЖШС-мен отандық интернет-басылымдарда жарнама мақалаларын орналастыру үшін 175 500 000 теңгеге келісім-шарт жасаған.

Техникалық ерекшелікке сәйкес, Қазақстандағы 20 ірі БАҚ қазақ және орыс тілінде кемі 2 500 таңбаны қамтитын жалпы саны 185 мақтау мақаласын жариялаған. Олардың қатарында Tengrinews.kz, Inform.kz, Zakon.kz, Forbes.kz, 365info.kz, Nur.kz, Informburo.kz, Orda.kz, Time.kz, Kaztag.kz және т.б. бар. Порталға байланысты материал саны 5-тен 25-ке дейін өзгеріп отырған. Басылымдағы жарнама құны әртүрлі болуына қарамастан, бір жарнамалық мақаланың құны салық төлеушілерге 632 046 теңгеге шыққан.

Былай, ештеңе өзгерген жоқ. Былтыр да туризм бюросы «PR» және «Жарнама» деген таңбамен материал жариялауға тыйым салды, 50 позитив мәтін танымал қазақстандық парақшаларға жарияланып (бір посттың құны 600 мың теңге), оқырмандарға Visitalmaty.kz, Алматы туризм басқармасы және Алматы әкімдігінің жұмысы туралы хабарлап, қала тұрғындары мен қонақтарының билікке деген сенімін арттыруды мақсат тұтан.

Туризм бюросы сол жылы Tengrinews.kz сайтына иелік ететін «Effective Media Liaison» ЖШС-мен Алматы қаласына онлайн гид жасау үшін 39 406 250 теңгеге бөлек бір келісім-шартқа отырды.

«Нұсқаулық» үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын), көлемі 2 500 таңбадан тұратын 25 және 4 000 таңбадан тұратын алты мәтіндік материалдан жасалуға тиіс. Әрбір мәтін фотосуретпен беріліп, бірқатар тақырыптарға сәйкес болуы керек: «Алматы қаласы туралы ақпарат», «Алматы қонақтары мен тұрғындары үшін пайдалы ақпарат», «Алматыда қандай тамақ жеуге болады», «Алматыда не істеуге болады», «Алматыда не көруге болады», «Алматыда не сатып алуға болады» және т.б.

Tengri GUIDE (нұсқаулықтың атауы), 2023 жылғы желтоқсанда іске қосылды.

Шетелдегі жарнама

Өткен материалымызды оқысаңыз, Алматы туристік бюросы қалаға туристерді тарту үшін жарнамалық науқандарды жиі жүргізетінін байқаған шығарсыз. Дегенмен, ішкі туризмді дамытуға қарағанда, шетелдік жарнамаға көп қаржы жұмсалады.

Бұған дейін біз 2024 жыл аяқталмай тұрып, жергілікті билік: бейнероликтер түсіруге және шетелдік туристерге арналған танымал сайттарда қаланы жарнамалауға 521 миллион теңгеден астам, Google, Яндекс жүйелерінде visitalmaty.kz интернет-порталын жарнамалауға 106,5 миллион теңге, BBC телеарнасындағы жарнамаға 82 миллион теңгеден астам ақша жұмсағанын жаздық

Небәрі екі шетелдік сайттағы жарнама қала бюджетіне қазақстандық БАҚ-тағы бүкіл пиар-науқанмен пара-пар шығын әкелетін жағдайлар да болды. Алғашқы келісім-шарттың сомасы 62 миллион теңге. Жеткізуші Tripadvisor сайтына қаланың көрікті жерлерін көрсететін баннерлік жарнама мен 15 секундтық бейнеролик орналастыру керек. Екінші келісім-шарт 69,5 млн теңгеге жасалды. Бұл жерде де 15 секундтық бейнеролик түсіріп, Expedia деп аталатын танымал порталда баннерлік жарнаманы орналастырады. Жоғарыда атап өткеніміздей, жарнамаға мұндай зор шығын туристерді тартуға көмектесетінін анықтау қиын. Демек, қазақстандық БАҚ-тағы жарнаманың Алматыға қонақтардың келуіне септігін тигізетіні де күмәнді.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz