Алматы әкімдігі 90 млн теңгеге блогерлерді тағы да шақырмақ

Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігінің қаланың имиджін жақсарту үшін интернет, телеарна мен танымал журналдардағы жарнаманы қалай қолданатынын бірнеше мәрте жазған еді. Мұның барлығына жүздеген миллион кетеді, ал нәтижесі бұлыңғыр. Алайда билік шетелдік блогерлер шақырып, пресс-тур ұйымдастыруға ерекше құмар.

Бізге жақсы таныс Алматы туризм бюросы қаланы жарнамалау үшін үшінші рет блогерлерді шақырмақ.

Жаңа тендер — бұрынғы шарттар

12 сәуірде ведомство шетелдік блогерлерге 89 285 710 теңгеге пресс-тур ұйымдастыратыны туралы хабарландыру жариялады. Бір аптадан соң өтініш қабылдау аяқталып, қазір қарастырылып жатыр. Оған жалпы үш компания өтініш берген.

Жалпы қалаға БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия, Қатар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания, Қытай мен Малайзиядан 50 блогерді әкелу жоспарланып отыр. Олар Instagram, TikTok, YouTube немесе басқа да әлеуметтік желілерде танымал Travel, Food Blog немесе Lifestyle блог жүргізулері керек. Әр блогердің кемінде 300 мың жазылушысы, 500 мың көрілім болуы керек. Статистиканы жеке аккаунттардағы деректермен растау міндеттелген.  

Пресс-тур төрт кезеңге бөлінеді және олардың әрқайсысы төрт-бес күн өтеді. Әкімдіктің жоспарынша, блогерлер Алматының төрт мезгілде де баруға болатын қала екенін көрсетуі керек. Алғашқы тур наурыздың (Наурыз) аяғында, екіншісі маусымда, үшіншісі қыркүйекте (Қала күні), төртіншісі желтоқсанның алғашқы жартысында (шаңғы тебу кезеңінің ашылуына қарай) өткізілмек.

Қонақтар қаланы аралап, экскурсия өтеді, қазақ халық аспаптар музейіне, Алматы музейіне, 28 Панфиловшы саябағына, «Көк-төбеге», Көк базарға, Шарын шатқалына, Қайыңды көліне, мешіттерге, шіркеулер мен басқа да танымал жерлерге барады.

Сондай-ақ әр блогерге эконом-санатпен барып-қайту билеті сатып алынады, олардың әуежайдан Алматы орталығындағы төрт немесе бесжұлдызды қонақүйге жеткізеді (өткен жолы олардың бір бөлігі Rixos қонаүйіне орналасты), жеке көлік беріледі, үш рет тамақтанады, аудармашы мен контент түсіру үшін кәсіби фотограф, мобилограф ұсынылады. Бұдан бөлек, оларға ескерткіш сыйлықтар беріліп, әрқайсысына 1 000 доллар (шамамен 450 мың теңге) қаламақы төленеді.

Нәтижесінде, блогерлер өз аккаунттарында Reels форматында кемінде үш видео, Instagram мен TikTok аккаунттарында кемінде 15 Stories салуға тиіс. Блогер YouTube платформасында жұмыс істесе, қала туралы үлкен бір видео мен Shorts форматында кемінде 5 видео жариялауы қажет. Қытайдан келген блогерлер Weibo платформасында кемінде 5 жазба жариялап, Stories форматында шамамен 15 видео салуы керек.

Бұл оқылғандардың барлығы сізге таныс көрінсе, бұл кездейсоқ емес, себебі биыл әкімдік тура осындай тендерді өткізіп, аяғына жетпей қалған.

Жарты жылда үш шақырту

Туризм бюросы мемлекеттік сатып алу порталында осындай хабарландыруды 8 ақпанда жариялаған. Ол туралы біз 29 ақпанда жарияланған материалда айтқан едік. Онда да 50 шетелдік блогерге 89 285 710 теңгеге пресс-тур ұйымдастыру туралы айтылған. Бір қызығы, екі тендерді де ұйымдастырушы туризм бюросы емес, Алматы қалалық активтер басқармасы болған. Әдетте ведомстволар қадағалап, шынайы тапсырыс берушіні анықтау қиын болуы үшін осындай амалдарға барады.

Алдыңғы хабарландыру бойынша өтініш қабылдау 26 наурызға дейін ұзарды. Осы уақытта тек екі компания қатысуға ниет білдірген, сондықтан мемлекеттік сатып алу өтпей қалды. Алайда бұл жолы әкімдік блогерлерді қалаға әкелетін сыңайлы, себебі жаңа хабарландыру бойынша үш компания өтініш берген.

Біз кіріспеде биліктің шетелдік блогерлерге махаббаты туралы жайдан-жай жазбағанымызды айта кетуіміз керек. Туризм бюросы кейінгі алты айда осымен үшінші рет пресс-тур ұйымдастырмақ болып отыр.

Туризм бюросы алғаш рет шетелдік блогерлерді 2023 жылдың аяғында әкелді. Тиісті хабарландыру мемлекеттік сатып алу сайтында қарашада пайда болды. Бірақ ол кезде шарттар сәл басқаша еді. Әкімдік 30 шетелдік блогерді әкелуге 60 млн теңге бөліп, пресс-тур үш-бес күнге созылуы керек болған. Сонымен қатар келетін шетелдіктерге қандай ақы төленетіні де айтылмаған.

Содан кейін 2024 жылғы 22 ақпанда мемлекеттік сатып алу порталында осыған ұқсас хабарландыру пайда болды. Онда қоғамдық пікір көшбасшыларын әкелу және кездесу туралы айтылды. Бұған 42 650 000 теңге жұмсау жоспарланды. Оны ұйымдастырушы ретінде де Алматы туризм бюросы көрсетілді.

Техникалық талаптарға сәйкес, «қоғамдық пікір көшбасшылары» деген термин алыс-жақын шетелден келетін блогерлерді, музыканттарды, әншілерді, әртістер мен басқа да медиа тұлғаларды қамтыған. Ведомтсво 50 селебритиді әкелуге ниеттенген. Олар үшін премиум санатта трансфер, төрт және бесжұлдызды қонақүй нөмірі, үш рет тамақтану және гидпен экскурсия ұйымдастырылмақ болды. Жалпы «қоғамдық пікір көшбасшылары» Алматыда 150 күш болады. Біткен соң барлығына ұлттық стильдегі сыйлықтар беріледі.

Осылайша Туризм бюросы Алматыны жарнамалау үшін екі рет мемлекеттік тапсырыс жариялады. Оның бірі сәтсіз аяқталды. Кейінгі жағдайда ведомство берілмей, үшінші сәтті пресс-турды ұйымдастыруды шешкен сияқты.

Күмәнді шығындар

Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, туристік имиджді көтеруге кететін шығын тиімділігі өлшенуге қиынға соғатын мемлекеттік бюджеттің ең екіұшты шығыны. Мемлекеттік органдар статистикасы жылдан жылға туристер санының артып жатқанын айтады, алайда бұған блогерлердің жарнамасы, басқаша айтсақ, бюджеттен кеткен ақшаның қаншалық ықпал етіп жатқаны белгісіз.

Екіұшты туристік тендерлер бойынша Алматы мен Алматы облысы көш бастап тұр. Жыл аяқталмай жатып олар танымал туристік сайттарда қаланы жарнамалау мен видео өндіруге 521 млн теңге, Google мен Яндекс жүйесіндегі visitalmaty.kz жарнамасына 106,5 млн теңге, BBC мен басқа да телеарналардағы жарнамаға 82 млн теңге жұмсаған.

Бұл біз материал арнаған тендерлер ғана екенін атап өткеніміз жөн. Шын мәнінде мұндай мемлекеттік тапсырыстар өте көп, ал олардың жалпы сомасы миллиардтаған теңгеден асып жығылады.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz