Апталық шолу: Назарбаев мәлімдемесіне фактчек, коронафейк, ДДСҰ болжамы және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан медиасында тараған ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге еске түсірейік.

Фактчек | Назарбаев 30 жылдағы Қазақстан жетістіктері туралы

28 сәуірде астанада экс-президент Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы өтті. Сессия «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбына арналды. Назарбаев съезге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері қол жеткізген жетістіктерін айтып өтті. Біз оның мәлімдемесіндегі нақты деректерді тексердік.

Мәлімдеме: Бүгінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына кіреді және әлемдегі кіріс деңгейі ортадан жоғары елдер тобына жатады

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: Назарбаев нақтыламады, бірақ шамасы, әңгіме Дүниежүзілік банк пен Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингілері туралы болып отыр. Олар осы статистиканы жариялайды және Назарбаев осы тақырыптағының бәрін сол статистикаға сүйеніп айтып отыр.  Шынында да, кейбірі 2019 жылы алынған мәліметтерге негізделген болса да, ондай деректер бар. Иә, біз кірісі ортадан жоғарғы деңгейдегі елдер тобына кіреміз.

Манипуляциясы мынада: Қазақстан өте жақын қалғанымен, WEF индексі бойынша, бәсекеге қабілетті ТОП-50-ге кірмейді. Толығырақ мына сілтемеде.

Фейк | COVID-19 вакциналары иммун жүйесін әлсіретіп, тәуелді етеді

Қазіргі кезде түрлі мессенджерлерде белгісіз бір вирусологтардың айтқан мәлімдемесі тарап жатыр. Оған сәйкес, COVID-19 вакциналары адамдарды тәуелді етеді, сондай-ақ кейін вакцина салынбаса адамда жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) пайда болады-мыс.

Төменде тарап жатқан мәлімдеменің мәтінін ұсынамыз (авторлардың пунктуациясы, грамматика мен стилистикасы сақталған).

*_ВИРУСОЛОГТАРДЫҢ COVID-19 ВАКЦИНАЦИЯСЫН САЛУҒА ҚАТЫСТЫ ТҮСІНДІРМЕСІ. Вакцинацияның өзі емес, оның иммун жүйесіне келтіретін салдары қауіпті. Өйткені вирусқа қарсы тек епенің өзі күреседі, ал иммунитет босаңсып, түк жұмыс істмейді. Былай айтқанда, ұйқыға кетеді. Сондықтан вирус мутация ұшыраған кезде қайтадан екпе салдыру керек. БҰЛ ДЕГЕНІҢІЗ… сізді құдды бір нашақордай… инеге байлап қояды. Екпе салынса, өмір сүресіз, ал салынбаса, кез келген вирустан зардап шегесіз. Ал екпенің күші 6-9 айға жетеді.

Тарап жатқан хабардың мәтіні

Үкім: Фейк

Хабарламада ғылыми дәлелденген бірде бір дәлел жоқ. Мәтіндегі жалғыз шындық – вирустардың мутацияға ұшырауы. Қалғаны қастандық теориясымен араласқан жалған ақпарат пен өтірік сөз. Мәтінде қандай да бір ақпарат көзіне сілтеме жоқ, сондай-ақ хабарламадағы вирусологтар кім екені белгісіз. Осының бәріне толығырақ тоқталайық. Толығырақ мына сілтемеде.

Ресей Ішкі істер министрлігі дипфейкті анықтайтын бағдарламаны алады

Ресей Ішкі істер министрлігі 2022 жылдың қараша айында дифейкті анықтайтын “Зеркало” бағдарламасын алады. Бұл туралы министрлік жасаған келісімшартқа сілтеп, ТАСС сайты хабарлады.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, дипфейк көмегімен басқаларға жала жауып, қылмыс көрсетілген видеоға кінәсіз адамды қосуға болады. Бағдарлама жұмысының толық атауы — «Нейрон желісін қолданып, видеомонтаж белгілерін анықтау жолын зерттеу».

Бұған қоса келісімшарттың жалпы сомасы — 3,5 млн рубль (шамамен 20 млн теңге) екені жазылған. Ал ғылыми зерттеу жұмыстары 2022 жылдың қараша айында аяқталады.

ДДСҰ 2022 жылы ересектерге екпе егуге 45 млрд доллар кететінін болжады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус келесі жылы әлемдегі ересек адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина салу үшін шамамен 45 млрд доллар керек екенін айтты. Бұл туралы ДДСҰ-ның ресми сайты хабарлады.

Оның айтуынша, келесі жылы ересек адамдарға вакцина салу үшін әлем ұйымдарына шамамен 35-45 миллиард доллар қажет.

Гебрейесус вакцинация мен коронавирус инфекциясына қарсы күреске даярланған әлемдік ұйымдардың бағдарламаларын қаржыландыру мәселесін G7 мемлекет басшылары ғана шеше алады деп санайды.

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz