Жалған | Ғалымдар Pfizer вакцинасы мидың зақымдануына әкелетінін анықтады

Қазақстандық және ресейлік БАҚ-та «АҚШ ғалымдары COVID-19-ға арналған Pfizer/BioNTech вакцинасын зерттей отырып, олардың Альцгеймер және Лу Гериг сияқты адамның миына әсер ететін аурулардың туындауына әкелетінін анықтады» деген жаңалық тарап жатыр. Ақпаратты таратушылар «Microbiology & Infectious Diseases» журналында жарияланған «РНҚ-ға негізделген вакциналар және прион ауруының қаупі» атты мақалаға сілтеме жасайды.

Осыған қоса ақпарат ресурстарының мәліметінше, «аРНҚ адамның ДНҚ-сын түбегейлі өзгертеді, себебі вакцинада қолданылатын генетикалық түрлендірілген ақуыздар адам геномына еніп, сол жерде қалып қояды».

Жалған | Ғалымдар Pfizer вакцинасы мидың зақымдануына әкелетінін анықтады
Nur.kz-ке шыққан жаңалықтың скриншоты

Үкім: Жалған

Аталмыш ғылыми мақаладағы мәлімдемелерді фактчекинг басылымдары мен ғалымдар жоққа шығарып үлгерді (мысалы мына, мына, мына және мына жерде). Pfizer вакцинасы жоғарыда айтылған немесе басқа да ми ауруларын тудыруы мүмкін дегенге ешқандай дәлел жоқ. Мұны клиникалық сынақтар да растайды. Сондай-ақ біз де вакциналардағы аРНҚ-лар адам ДНҚ-сын өзгертеді деген мәлімдемелерді бірнеше рет тексерген едік. Бұл – жалған.

Бір қарағанда, біз тексеріп отырған мақалада еш күдік жоқ сияқты, алайда бар мәселе оның «жыртқыш ғылыми журналда» пайда болуы, яғни оны адал емес баспагер жариялаған. Әдетте, мұндай журналдар мақала авторларынан ақша алып, оларды толық сараптамадан өткізбейді.

БАҚ таратып жатқан мәліметке сәйкес, мақаланы белгісіз бір ғалымдардың тобы жазған, алайда іс жүзінде оның авторы белгілі, ол – АҚШ иммунологы және вакцинацияға қарсы шығып жүрген Джон Барт Классен. Айтпақшы, ол осыған дейін де бірнеше рет жалған ақпарат таратқан. Бұған толығырақ кейінірек тоқталамыз.

Мақаладағы мәлімдемелерге толығырақ тоқталсақ

Мақала авторының айтуынша, вакциналарда қолданылатын ақпараттық РНҚ немесе аРНҚ қалыптан тыс пішінді ақуыздардың пайда болуына әкеледі. Бұл өз кезегінде приондарды және Альцгеймер мен Лу Гериг (яғни БАС немесе Бүйірлік амиотрофиялық склероз) сияқты басқа да нейродегенеративті ауруларды тудырады.

Прион аурулары – сирек кездесетін нейродегенеративті аурулар тобына жатады, олар прион ақуыздары деп аталатын қалыптан тыс түзілген ақуыздардан пайда болады. Прион ақуыздары олармен байланысқан ақуыздарды да бұзады. Прион ауруына бірден бір мысал – сиыр ауруы. Егер адам ауру малдың етін жесе, онда ол оған да жұғып, Крейцфельдт-Якоб ауруына әкелуі мүмкін.

Алайда Джон Барт Классеннің жазғанына қарамастан, COVID-19 вакциналары прион немесе Альцгеймер сияқты нейродегенеративті ауруларға әкеледі дегенге ешқандай дәлел жоқ.

Осыған қоса приондар Альцгеймер ауруына әкелмейтіні белгілі. Сондықтан бұл екі ұғымды бір-бірімен араластырмау қажет.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер сапасын бақылау басқармасының (FDA) Pfizer вакцинасы туралы есебінде жоғарыда аталған аурулар туралы ештеңе айтылмаған. Сондай-ақ вакциналардың жанама әсерлері туралы хабарлау жүйесіне (VAERS) прион ауруларының қандай да бір жағдайы тіркелмеген.

PolitiFact-қа пікір білдірген АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының өкілі Марта Шаранның айтуынша, VAERS жүйесіне COVID-19 вакцинациясынан кейін прион мен Альцгеймер ауруларына, сондай-ақ бүйірлік амиотрофиялық склерозға байланысты ешқандай хабарлама түспеген. Оның мәлімдеуінше, қазіргі кезде COVID-19 вакциналары мен осы жағдайлар арасында байланыс бар дегенге ешқандай дәлел жоқ.

Классеннің мақаласын ғалым әрі ғылымды насихаттаушы Дэвид Горски жан-жақты талдап, өзінің Science-Based Medicine блогына мақала жариялады. Горски жазған мақаланың қысқаша қорытындысы келесідей:

«Бұл мақала жалған ақпаратқа толы, автор бір-бірімен қабыспайтын байланыстарды табуға тырысқан, ал ол қолданған әдіснама деңгейі нағыз молекулалық биологтың немесе биоинформатика ғалымының деңгейіне жақындамайды».

АҚШ-тың Ғылым және денсаулық сақтау кеңесі мақаланы қарап шығып, Классен өзінің сөздеріне ешқандай дәлел келтірмейді деп мәлімдеді:

«Зерттету әдістеріне арналған бөлімде Классен былай деп жазады: «Вакцинаның РНҚ-сы TDP-43 және FUS-ті тудыра ала ма, жоқ па дегенге талданды». Ол қалай талданды? Оны жасау үшін қандай бағдарлама қолданылды? Ол қандай да бір басқарылатын айнымалыларды, мысалы жасушаның аРНҚ тізбегін зерттеді ме? Ол туралы айтпайды. Ол бізге тек COVID вакциналарында TDP-43 және FUS қалыптан тыс орналасуына әкелуі мүмкін түрлі РНҚ тізбектері бар екенін айтады».

«Microbiology & Infectious Diseases» журналы туралы

Классеннің жалған мәлімдемелерін ескере отырып, оның мақаласы ғылыми журналда жарияланғаны таң қалдырады. Алайда біз бұған дейін бірнеше рет жазғандай, ғылыми журналдың да ғылыми журналы бар. Бұл маңызды. Мәселен біз қазір талдап жатқан мақала «Microbiology & Infectious Diseases» журналында жарияланды, ал ол «жыртқыш журнал» болып саналады. Бұл не деген сөз?

Жыртқыш немесе қоқыс журналдар – өзін ғылыми журнал деп санайтын, бәріне қолжетімді түрде жарияланатын мерзімді басылымдар. Алайда іс жүзінде олар ғылыми баспа қызметінің адал емес жолдарын пайдаланады. Нақты айтсақ, ондай басылымдар редактор немесе баспа қызметін (сараптаманың толық жүйесін қоса алғанда) толық көлемде ұсынбай-ақ, қолжазба авторларынан ақша алуды көздейді. Мұндайды нағыз ғылыми журналдарда (ашық және шектеулі түрде қолжетімді) кездестірмейсіз.

Журналдың баспагері – SciVision Publishing Group. Ол Джеффри Билл (ағылш. – Beall’s list) деп аталатын жыртқыш журналдар мен адал емес баспагерлердің тізіміне кіреді. Билл тізімінде де қателіктер мен қарама-қайшылықтар болды, мысалы 2017 жылы тізім толығымен алынып тасталды. Алайда соған қарамастан, көптеген сарапшы оны әлі күнге дейін сенімді ақпарат көзі деп санайды. Біз бұл тізім туралы да жазған едік.

Біз талдап жатқан мақаланың мазмұны, сондай-ақ оған қатысты ғалымдардың пікірі бұл баспагер мен журнал бойынша Билл тізімі қателеспегенін көрсетеді.

АҚШ вирусологы және микробиологы Анджела Расмуссен USA Today-ге берген пікірінде Классеннің мақаласында ешқандай ғылыми салмақ жоқ екенін айтып, мақала жарияланған журнал беделді де, сенімді де емес деп мәлімдеді.

Джон Барт Классен туралы

Джон Барт Классен – америкалық иммунолог және вакцинацияға қарсы насихаттаушы. 1999 жылдан бері вакциналарға қатысты жалған мәлімдемелерімен танымал. Сол кезде ол тұмауға қарсы вакцина мен бірінші типті қант диабеті арасындағы себеп-салдары туралы мақала жазған еді. Кейін бұл мәлімдеме жоққа шығарылды. Джонс Хопкинс университетінің вакциналар қауіпсіздігі институты «АҚШ азаматтарына ұсынылатын вакциналар (оның ішінде тұмауға қарсы вакцина – ред.) қант диабетіне әкелмейді» деп хабарлайды.

Осы талдауға арқау болған Классеннің жаңа «зерттеуі» вакцинацияға қарсы насихаттаушы әйгілі Роберт Кеннедидің арқасында тарала бастады. Біз бұл туралы жазған болатынбыз.

Классен өзінің мақаласын COVID-19 вирусы биологиялық қарудың нәтижесінде пайда болуы мүмкін деген болжаммен аяқтайды. Оның сөзінше, бұл іске АҚШ үкіметіндегі кей адамдардың қатысы бар. Өз кезегінде Factcheck.kz оқырмандарға «вирус жасанды түрде шықты» деген жорамалды осы жылдың басында Уханьға барған ДДСҰ мамандары жоққа шығарғанын жеткізеді. Ғалымдардың айтуынша, SARS-CoV-2 вирусы табиғи жолмен пайда болған.

Контекст

Біз бұған дейін Стэнфорд ғалымдарына қатысты тағы бір зерттеуді тексерген едік. Ол бойынша маскалар вирустан қорғамайды және өмірге қауіпті. Кейін белгілі болғандай, зерттеудің Стэнфордқа еш қатысы жоқ, сондай-ақ ол радикалды және жалған идеяларды ұстанатын дәстүрлі емес ғылыми журналда жарияланған.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz