Профайл: Сіз кімсіз, Зәкиева ханым?

2023 жылғы 12 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Динара Зәкиева Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. 2019 жылдан бері бұл лауазымда болған Аружан Саин қызметінен босатылды. А. Саин уәкіл болып тұрған тұста сынға да ұшырады, жаңа бастамаларға мұрындық болуға да тырысты. Ал оның орнына келген Зәкиеваның экс-депутаттығынан басқа не білеміз? Factcheck.kz ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйене отырып, жаңа уәкіл мен оның отбасымен жақынырақ таныстырады.

Жалпы ақпарат

Online.zakon.kz дерегіне сай, Динара Зәкиева 1982 жылы туған, күйеуі және төрт баласы бар. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін біледі. Қызметтік жолы 2004 жылы «ТопЮрАудит» ЖШС-ның бас директорының орынбасарлығынан басталған. Бір жылдан кейін кәсіпкерлікті дамыту департаментінің бас маманы болып, қызметі өрлейді: өзінің мейрамхана желісін ашады, президент әкімшілігінде жұмыс істейді. Шындығында Зәкиеваның қазіргі лауазымға тағайындалуы балаларға қатысты алғашқы жұмысы емес: 2017-2019 жылдары Астанадағы балалар үйінің директоры, ал 2019 жылы Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланған.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Зәкиева кеңес төрағасы болып тұрған тұста әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсеткішінің деңгейі кеміген. Бірақ мұны оның еңбек нәтижесі деп айту да қиын, себебі көрсеткіш 2016 жылдан бері азайып келе жатқан.

Оның үстіне тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсеткішінің көп бөлігі ресми статистикаға ілінбейтінін де ескеру қажет.

“Атадан озып туғандар”

Динара Зәкиева — Болат Зәкиевтің қызы. Б. Зәкиев ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы шекара қызметінің директоры болған. 2008 жылы жасы келуіне байланысты зейнетке кеткен. Online.zakon.kz ақпаратына сай, Динара төрт ағайынды: Динара, Шынар, Әлия Зәкиевалар және Әділет Зәкиев.

Зәкиевтің балалары жақсы білім алған. Tengrinews.kz жазуынша, Динара Зәкиева Бейжіңдегі Тіл және мәдениет институтында, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде “Халықаралық құқық” мамандығында, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында және Дубайдағы Hult international business school-да оқыған.

Динараның әпкесі — Шынар Закиева. Шынардың Facebook парақшасында ақпарат аз, ол көбінесе Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti мен сіңілісіне қатысты ақпаратты бөліседі. Ал Narikbaev Universiteti-нің ақаратына сай, Шынар Зәкиева университеттің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы. Ол да Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында оқыған.

Отбасының кенжесі Әділет Зәкиевтің парақшасындағы ақпаратқа сай, ол Лондон экономика және саясаттану мектебінде менеджмент, ұйымдастыру және басқару магистрі білімін алған. Әділет бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып, 2020 жылы президенттік жастар кадрлық резерві арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі қызметіне барған. Ол мүгедектік пен цифрландыру мәселелеріне жетекшілік етеді.

Factcheck.kz бұған дейін мүгедектігі бар адамдарға Алматы қаласының мысалында, қоғамдық көліктердің, банктердің, сайлау учаскелерінің қолжетімсіз екенін, мүгедектігі бар адамдар банктен несие де ала-алмайтынын жазғанын естеріңізге саламыз.

Egov.kz дерегіне сай, Әділет қазір өзінің сол қызметке баруына мұрындық болған «Президент аппаратының жастар кадр резерві» Қоғамдық бірлестігі құрылтайшыларының бірі.

Бірақ ол кәсіпкерліктен кетпеген. Kompra.kz ақпаратына сай, Әділет қазір 4 компанияның иесі.

Online.zakon.kz дерегіне сәйкес, Динара Зәкиеваның күйеуі — Талғат Нәрікбаев. Талғат қазір Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti-нің бірінші басшысы, “ДОМ МОДЫ “ЭЛИТ” ЖШС, “Павлодар Білім” ЖШС құрылтайшысы, одан бөлек К/Х “НАРИКБАЕВ  Т.М.” деп аталатын жеке кәсібі бар.

2008 жылдан бері Болат, Шынар, Динара, Әлия және Әділет Зәкиевтер «M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti» акционерлік қоғамының үлестес тұлғасы. KAZGUU Unıversıteti-нің мемлекеттік сатып алуға қатысатын ірі оқу орны екенін айта кеткен жөн. Kompra.kz ақпаратына сай, ЖОО 2015 жылдан бері 3 млрд теңге салық төлеген: жылына орта есеппен 404 млн теңге салық төлейді.

Ашық дереккөздерде Әлия Зәкиева қатысты ақпарат аз.

Жылу мен суға ақша төлемеген

Kompra.kz ақпаратына сай, Динара Зәкиева мен күйеуі Талғат Нәрікбаев 2016 жылдың тамызы мен 2017 жылдың сәуірі аралығында Астанадағы пәтердегі тұтынған ыстық суының, жылу энергиясының, электр энергиясының ақысын төлемеген. Бұл үшін жұп сотқа тартылып, сот екеуін 264 мың теңге төлеуге міндеттеген.

Профайл: Сіз кімсіз, Зәкиева ханым?

Қазір Динара басқаратын (құрылтайшы) 9 компания бар.

Зәкиеваның компанияларының ақша айналымы жаман емес екенін төлеген салықтарынан байқаймыз:

Мәжілісумен Динара

2021-2023 жылдары аралығында Динара Зәкиева мәжілістің жетінші шақырылымының депутаты, cонымен қатар мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі де болды.

Мәжілісумен болған тұста Динара балалардың мәселесінен алыс кетпеді: әрбір оныншы бала аз қамтылған отбасыда тұратыны туралы, Қазақстандағы жасөспірімдер суициді жөнінде мәселелерді көтерді. Бұдан бөлек, әріптесі Айдос Сарыммен интернеттегі цензураға рұқсат беретін заң ұсынды. Депутаттар бұл заң жобасы балаларды кибербуллиңнен қорғау үшін әзірленді дегенді алға тартты, ал белсенділер заң жобасы желіні бұғаттауға мүмкіндік береді, бұл, цензураға алып келеді деп алаңдады.

Біз әлеуметтік желіге қарсы емеспіз, біз балаларды қорғағымыз келеді! Балалар – еліміздің ең үлкен жетістігі“,- деді Закиева. Дегенмен заң қабылданған жағдайда ірі интернет-платформалар, әлеуметтік желі мен мессенжерлер уәкілетті орган (УО), нақтырақ айтқанда АҚДМ (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) сұрау салғаннан кейін 24 сағат ішінде УО көрсеткен контентті өшіруге я Қазақстан аумағында оған шектеу қоюға міндетті болар еді. Егер әлеуметтік желі оны орындамаса, уәкілетті орган тыйым салынған ақпаратқа шектеу қоюға, интернет-ресурсқа қолжетімділікті тоқтатуға не жандандыруға құқылы. Factcheck.kz Сарым-Зәкиева деген атаумен танылған заң жобасына қатысты бірнеше талдау материалын жариялады, оларды келесі сілтемелерден оқи аласыз (1, 2, 3, 4, 5).

Сөйткен Динара Зәкиева — бала құқықтары жөніндегі уәкіл…

Контекст

Қазір Қазақстандағы балалар құқығы мүшкіл жағдайда. ЮНИСЕФ ақпаратына сай, балалық шақта зорлық-зомбылық көру Қазақстанда кеңінен тараған: отбасында, мектепке дейінгі мекемелерде балаларды ұрып-соғуға әлі күнге дейін заң жүзінде тыйым салынбаған. Балаларды қорғау мамандарының 33%-і балаларды тәртіпке келтіру үшін физикалық күш көрсетуді мақұлдайды. Ал ата-аналардың/ересектердің төрттен үші не 74,3%-і балаларды тәртіпке салу үшін физикалық күш көрсеткен.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz