Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны

9 наурызда мәжіліс екінші оқылымнан Сарым-Закиева түзетулерін мақұлдады. Авторлардың пікірінше, бұл түзетулер буллиң бар контентті бұғаттау арқылы қазақстандық балалардың құқын қорғауға арналған. Бұрын түсіндіргеніміздей, түзету бойынша айына тәуліктік орташа трафигі 100 мың пайдаланушыдан асатын платформалар, әлеуметтік желі мен мессенджерлер Қазақстандағы «заңды өкілдерін» тағайындауға міндетті. Олар өкілетті орган, нақтырақ айтқанда АҚДМ (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) нұсқау жібергеннен кейін 24 сағат ішінде қандай да бір контентті өшіруге немесе оған Қазақстан аумағында шектеу қоюға міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі бұл талапты орындамаса оның қызметін ел аумағында шектеуге құқылы. 11 наурыз күні түзету авторларының бірі Динара Закиева Facebook парақшасына пост жариялап, өзінің бастамасын түсіндіріп, осындай контентке қатысты сауалдар статистикасын келтірді.

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны
Депутаттың постынан скриншот

Депутат жариялаған мәліметтерді қолжетімді деректермен салыстырамыз. Бірден қорытындыны оқығыңыз келсе, мақаланың соңына қарай өтіңіз.

Мәлімдеме: Заң жобасының бірінші оқылымынан кейін АҚДМ 2021 жылдың 1 қаңтары мен 20 қыркүйегі аралығында ҚР Заңнамасының 185 987 рет бұзылғанын анықтап, сол бойынша 2006 сұрау құжатын жіберді <…> Бірақ платформалар өтініштің 20% ғана жауап берген.

Динара Закиева

Үкім: Манипуляция және дәлелденбеген

Не дәлелденбеді: жолданған сауал саны. 2021 жылдың 15 қыркүйегінде мәжіліс балаларды кибербуллиңнен қорғауға арналған осы заңды бірінші оқылымда мақұлдаған кезде сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев басқаша статистиканы келтірген еді. Оның сөзінше, 2021 жылы АҚДМ 140 құқықбұзушылық анықтап, әлеуметтік желі мен мессенджерлерге 1 700 өтініш жолдаған.

Осылайша, егер депутаттың сөзіне сенсек, 5 күн ішінде (20 қыркүйекке қарай) АҚДМ өтініш санын 2006-ға дейін, ал анықталған фактілерді 185 987-ге дейін «арттырған». Яғни мекеме қызметкерлері күніне 9 мың құқықбұзушылықтан анықтап, демалыс күндерін қосқанда күніне 61 өтініш жіберіп отырған. Кім дұрыс айтты: экс вице-министр ме, әлде АҚДМ-ге сілтеме жасаған (айтпақшы, мекеме сайтынан біз мұндай ақпаратты мүлдем таппадық) депутат па? Екі нұсқа да – өтініш саны болсын, негізгі тақырып болсын шынайылықтан алыс секілді. Не десек те, екі спикердің де мәлімдемелерінің рас екенін ашық деректермен дәлелдеу мүмкін болмады. Соған қарамастан, біз төменде 2006 «сұрау құжатына» күмән тудыратын барлық қолжетімді деректерді келтіреміз.  

Манипуляция мынада: Закиева да, Ойшыбаев та Қазақстанның сұрауларына интернет-платформалардың жауап беруіне қатысты бір статистиканы келтірген: 20–30% (Ойшыбаевтың айтуынша), 20% (Закиеваның АҚДМ сілтеме жасап жазғаны). Әзірге техноалыптар жаңа статистиканы жариялаған жоқ, дегенмен бұған дейінгі деректер әлеуметтік желілердің жауап беретін өтініштерінің саны әлдеқайда жоғары екенін көрсетіп тұр.

Мәселені жан-жақты талдаймыз

Алдымен қазақстандық мемлекеттік органдардың қандай IT-платформаларға көбірек сұрау жолдайтынын анықтап алайық. Comparitech.com жүргізген есептеу бойынша, Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан контентті өшіріп тастауға қатысты өтінішті ең көп алатын Google екен.

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны

Төменде біз статистика мен қазақстандық мемлекеттік органдар тарапынан қандай жолданатынын жеке-жеке талдаймыз.

Google

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны
Дереккөз: Google-дың 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы «Мемлекеттік органдардың контентті өшіруге өтініштері» есебі

Материал жазылып жатқан сәтте Google 2021 жылдың екінші жартыжылдығының деректерін жариялаған жоқ. Бірақ алғашқы 6 айдың мәліметтерін көрнекілік ретінде алуға болады деп ойлаймыз. Депутат атап өткен бұзушылықтар: қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау, баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру; порнографияны және басқаларды тарату – «кемсіту сөздері» (ағылшын тіліндегі нұсқада, hate speech, яғни «өшпенділік тілі») опцияларына қатысты болуы мүмкін және «басқалары».

Өтініштердің басым көпшілігі, дәл былтырғыдай, балаларды қорғауға емес, билік пен ұлттық қауіпсіздікті сынауға қатысты.

Жалпы, Google есебі бойынша, жарты жылда Қазақстанның мемлекеттік органдары 85 өтініш жолдаған, оның 79-ы «Ақпарат пен байланыс саласын бақылау ұйымынан» (АҚДМ болуы керек) түскен. Контент бөлігінің 99,3%-на қатысты сұрауды Google қабылдамаған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның мемлекеттік органдарынан дәл осы IT-алыпқа сауалдардың басым бөлігі түсетіндіктен, қаңтар айынан 20 қыркүйекке дейінгі аралықта әлеуметтік желі мен мессенджерлерге жіберілген 2006 «сұрау құжаты» туралы нұсқа күмән тудырады, оған қоса былтыр Қазақстан билігі Google-дың өзіне (IT-алыпқа сенсек) тек 96 сауал жолдаған. 2 өтініш суицидті насихаттауға қатысты, 5 – кемсіту пікірлері және бір-бірден жала жабу мен қорлауға қатысты болған.

Төмендегі суретте қандай да бір мемлекеттік органға жататын қазақстандық сұрау жолдаушылардың жарты жылдағы (2021) жалпы сипаттамасы. Себеп пен платформа өнімдеріне қарай бөлінген (көріп отырғандарыңыздай, негізінен мемлекеттік органдар Google-дан YouTube-тағы контентті өшіруді сұрайды):

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны
Дереккөз: Жалпы 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанның мемлекеттік органдары Google-ға 85 өтініш жолдаған.

Ескерту

Google не себепті өтінішті қабылдамауы мүмкін? – есепте былай делінген: «Кейбір өтініштерде мемлекеттік органның нақты нені өшіруді талап ететіні туралы нақты ақпарат болмайды (мәселен, өтініште URL көрсетілмеуі мүмкін). Кей жағдайларда автордың өзі контентті өшіріп қойған болып шығады». Сондай-ақ компания қандай өтініштерді қанағаттандыратынын, ал қайсысын кері қайтаратынына мынадай үлгі көрсетеді:

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны

Google былай деп түсіндіреді (Айтпақшы, мұны біз жазып кеткен болатынбыз): «Мәліметтердің ақпараттылығы… шектелген. Кейде бірнеше сауал бір материалға қатысты болады… Біздің ережеміз бен жүйе мемлекеттік органдардан өтініш алмасақ та, сексуалдық контексттегі кәмелет жасына толмағандарды анықтап, бірден өшіруге бағытталған. Сол себепті өшірілген қай контент биліктің талабы бойынша жасалғанын бақылау қиын және бұл санаттағы өтініштер біздің статистикамызға енбейді. Біз контенттің басқа барлық түрлеріне қатысты өшіру туралы өтініштерді ескереміз (мәселен, жала жабу және кемсіту, өзін басқа адам ретінде таныстыру және т.б.).

Яғни, АҚДМ өтінішінсіз-ақ Google балалардың сексуалдық эксплуатациясына қатысты құқыққа қайшы контенттерді өшіреді.

АҚДМ сұрауы – Google жауабы

Бір қызығы, 2020 жылдың 2-жартыжылдығында АҚДМ ақпараты бойынша, балаларды және жалпы азаматтардың құқықтарын қорғауға байланысты Google-ға санаулы ғана сұрау жіберілді: азаматтардың жеке деректерін заңсыз тарату – 3 хат; қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттау немесе үгіттеу – 1 хат; баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру, жеке немесе биометриялық деректерді, кәмелетке толмаған адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін басқа ақпаратты тарату — 2 хат. Барлығы: 6 сұрау.

Осы кезеңдегі сұраулардың басым бөлігі үкіметті сынау мен ұлттық қауіпсіздікке қатысты болған. Мысал үшін: терроризм мен экстремизмді насихаттауға байланысты контентті өшіруге – 37 сұрау, Елбасы мен ҚР Президентінің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратқан 18 хат, ұлтаралық араздықты тудыратын ақпаратты тарату бойынша 17 хат жолданған.

Жалпы осы аралықта АҚДМ 105 сұрау жолдаған, Google 49-ы туралы ғана ақпарат берген… Осылайша, 2020 жылдың екінші жартыжылдығында Google Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кем дегенде 47% өтінішіне жауап берген, жоғарыда айтылғандай 20–30% емес.

Facebook (Meta)

Платформаның транспаренттілік орталығының ақпараты бойынша, 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында контентті шектеуге қатысты, оның өзі сырттан қойылған жаһандық шектеулерге байланысты 3 эпизод тіркелген (жай-жапсары айтылмаған) және олар Instagram-дағы 2 аккаунт пен Facebook-тегі 1 топқа қатысты. Айта кетейік, аталған кезеңде Қазақстанның мемлекеттік органдары бұл әлеуметтік желіге мүлдем сұрау жолдамаған. Meta хабарлауынша, 2019 жылдың қаңтар-маусым аралығында Facebook Қазақстанда Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті (кезінде 2018 жылдың соңында қайта құрылған ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты болған) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің абыройы мен қадір-қасиетіне тіл тигізбеу туралы тыйымды бұзады деп мәлімдеген бес материалға шектеу қойды.

Айта кетсек артық болмас, балалардың шешінуі, балаларға қатысты физикалық абъюз және сексуалдық эксплуатациясы бар контенттің 97,5%-дан 99,5% дейін Facebook өзі тауып, ол туралы пайдаланушылар айтқанға дейін бұғаттап қояды. Анықтама үшін: 2021 жылдың қазан-желтоқсан аралығында кәмелетке толмағандардың сексуалдық эксплуатациясына қатысты 19,8 млн және буллиң мен харассментке қатысты 8,2 млн контент (мында 58,8% жағдайды Facebook өзі тіркесе, буллиң туралы 41,2% жайтты пайдаланушылар хабарлаған) анықталды.

Қорытынды: 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында Meta АҚДМ сұрауы бойынша ешқандай контентке шектеу қоймаған. Ал үш шектеу эпизоды біз қарастырып отырған құзыреттің, яғни Қазақстанның сыртында болған. Мүмкін әңгіме Бразилия Жоғарғы сотының жарлығына сәйкес әлем бойынша «үш объектіні» шектеу туралы болып отырған шығар. Сонымен қатар, Meta не өзі, немесе пайдаланушылардың өтініші бойынша (не болса да қандай да бір елдің мемлекеттік органының сұрауынсыз) құқыққа қайшы контентті, оның ішінде бала құқын бұзатын контентті өшіріп отырады. Желі қолданушылары қарапайым тәсілді қолданып өздері буллиң туралы хабарлай алады.

TikTok

АҚДМ жастарға арналған бұл әлеуметтік желіге сұрауды үйіп тастады десек, қателесер ек. TikTok 2021 жылдың қаңтар-маусым аралығында мемлекеттік органдар тарапынан контентті өшіруге сұраулар туралы есебінде мынадай ақпарат береді.

Ақпарат министрлігі өтірік айта ма немесе 2021 жылғы бала құқын бұзуға қатысты сұрау саны

Көріп отырғандарыңыздай, қазақстандық мемлекеттік органдар 4 контентке қатысты 3 сұрау жолдаған, оның біреуінде контент қауымдастық қағидаларын бұзғаны үшін бұғатталса, екеуінде Қазақстан заңнамасына сәйкес шектелді, ал бір жағдайда контент тексеруден өтіп, жергілікті заң жобасын да, TikTok қауымдастық қағидатын да бұзбағаны анықталды. Өшіру жолымен жауап беру дәрежесі – 75%.

Twitter және басқалары

Туиттердің транспаренттілік орталығы 2021 жылдың қаңтар-маусым айларына арналған деректерінде ҚР мемлекеттік органдары тарапынан болған сұрау туралы ештеңе айтпайды, Microsoft-тың контентті өшіру сұрауларына қатысты есебінде де солай. DropBox, Linkedin және Wikimedia есептерінде де ештеңе делінбеген, аталған кезеңде бұл компания жалпы 6 сұрау алған, бірақ Қазақстаннан емес.

Telegram

Жалпыға белгілі, бұл мессенджер цензура және мемлекетпен өзара қарым-қатынас мәселесінде өте талапшыл. «Сұрақ-жауап» бөлімінде жазылғандай, үшінші адамдар тарапынан өшіруге сұраныс түссе, Telegram, мәселен, авторлық құқықты бұзатын стикерлерді немесе порно-боттарды өшіруі мүмкін. Бірақ «бұл сөз бостандығын жергілікті шектеуге жатпайды… егер үкіметті сынау қандай да бір елде заңсыз деп танылса, Telegram мұндай саяси цензураның бір бөлігі болмайды…»

Бір кездері балаларға қатыгездік танытқан сурет тарағаны үшін Telegram біраз уақытқа App Store-дан өшірілген болатын. Бірақ қазір мессенджерде Stop Child Abuse арнасы бар, онда күн сайын бұғатталған топтар туралы есеп беріліп отырады. Сонымен қатар кез келген пайдаланушы өшіруге сұрау жібере алады. Мессенджер террористік бағыттағы арналармен сәтті күресіп жүргені айтылады. Бірақ заңсыз контентті өшіру бойынша Telegram мен түрлі елдердің серіктестігі туралы есепті ашық деректерден таппадық. Сондай-ақ WhatsApp-тың да есебін таба алмадық, тек іздері бар. Бірақ өздерінің саясатына сәйкес, жүйе әлемнің кез келген түкпіріндегі балалар эксплуатациясы туралы Із-түзсіз жоғалған және эксплуатацияланған балалар істері туралы ұлттық орталыққа (NCMEC) хабарлайды. Сонымен қатар мессенджердің құқық қорғау органдарына арналған онлайн-сұрау жүйесі бар. Яғни, танымал екі мессенджер де құқыққа қайшы контент мәселесін өздері шешеді.

Ресейлік әлеуметтік желі мен платформалар

Яндекстің транспаренттілік есебі Қазақстаннан түскен өшіру сұраулары туралы ақпарат бермейді. Жалпы ресейлік әлеуметтік желілердің барлығы («ВКонтакте», «Одноклассники» және басқа жобалар VK экожүйесінің құрамына кіреді) заң бойынша депутат атап өткен контентті өздері анықтап, бұғаттап отыруы керек. VK сайтында 2019-2020 жылдары бұғатталған контенттер статистикасы бар. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде ресейлік ірі интернет-компаниялар, медиахолдиңгілер мен телеком-операторлар балалардың интернеттегі қауіпсіздігі туралы хартияға қол қойып, зиянды және құқыққа қайшы контентті анықтап, балалардың қолжетімділігін шектеу міндетін өздеріне алды.

Қорытынды

  • Материалды жазу кезінде IT-платформалардың қолжетімді есептері 2021 жылдың қаңтар-маусым айларына қатысты болса да, депутат АҚДМ-нің балалар мен жасөспірімдердің құқықтары секілді әлсіз тақырыптарда жолданған сұрауларын асыра сілтеп жіберген тәрізді. Депутат келтірген статистиканың рас-өтірігі дәлелденген жоқ.
  • Деректерден көргеніміздей, Google мен TikTok Қазақстанның 47% және 75% сұрауларына жауап береді, ал 2021 жылдың бірінші жартысында Meta-ға мүлдем сұрау келіп түспеген. Осылайша, АҚДМ-нің 20% сұрауларға жауап беретіні туралы ақпарат – жалған. Осыған байланысты, АҚДМ нұсқауына жауап болмаған жағдайда IT-платформаның қызметін Қазақстан Республикасы аумағында шектеу мүмкін болатын норма кәмелетке толмағандарға қамқорлық таныту емес, саяси құрал болып тұр.
  • АҚДМ сұрауларының басым бөлігі балаларды құқыққа қайшы контенттен қорғау емес, билік пен ұлттық қауіпсіздікті сынауға қатысты болған.
  • Ірі  IT-алыптар мен мессенджерлер балаларға қатысты қылмыстық және құқыққа қайшы контентті өздері тауып, өшіріп отырады. Бұл ресейлік интернет-компанияларға да қатысты.
  • Meta мен басқа да әлеуметтік желілер өздерінің қолданушылар алдында жауапкершілігі бар екенін хабарлап, буллиң немесе кез келген интернет-абъюзге шағымдануға барлық мүмкіндікті ұсынады.
  • Кейбір әлеуметтік желілер сұраулардың аталған елдің заң жобасымен сәйкестігін тексереді және екі жақтың түсіндірмелері үнемі сәйкес келе бермейді, ТикТок мысалын көріңіз.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz