“Өз көзімізбен”: Алматы қоғамдық көліктері мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты ыңғайлы?

2015 жылдың ақпанында сол уақыттағы Қазақстан президенті Назарбаев мүгедектігі бар адамдардың (МБА) құқығы туралы Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды. Құжаттың “Қолжетімділік” деп аталатын 9-бабында МБА еркін өмір сүруі және өмірдің барлық аспектісіне жан-жақты қатысуы үшін Қазақстан тиісті шараларды қабылдауы керек екені жазылған. Конвенцияның 20-бабында үкімет мүгедектігі бар адамдарға мүмкіндігінше ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше қозғала алатындай орта құруы керектігі айтылған. Бұл баптар, өз кезегінде, көлік инфрақұрылымының МБА-ға барынша ыңғайлы болуын меңзейді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның “Автомобиль көлiгi туралы” заңының 27-бабында жалпыға ортақ көлік мүгедектігі бар жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған құрылғылармен жабдықталатыны жазылған.

Бұл талаптар қаншалықты орындалып жатыр? Factcheck.kz командасы мүгедектігі бар арбадағы сарапшы Ернар Сәрсеевпен бірге Қазақстанның ең үлкен қаласы — Алматының қоғамдық көліктері мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты қолжетімді екенін өз көзімен тексерді. Материал объектив болуы үшін көлік маршруттары қаланың барлық ауданынын қамтитындай етіп таңдалды.

Мегаполисте 21 автотасымалдаушы-компания қызмет көрсетеді; 131 автобус маршруты, троллейбус желісінің 8 маршруты және метро бар.

Қысқаша қорытынды: Командамыздың жұмыс нәтижесіне сай, қала инфрақұрылымындағы проблемаларды негізгі 3 топқа бөлуге болады. Олар:

  1. Техникалық мәселелер. Қоғамдық көліктердің арбадағы адамға, естуі мен көруінде проблемасы бар МБА-ларға техникалық жабдықталмауы; жабдықталған күннің өзінде, мысалы, аялдаманы хабарлайтын дауыстың ақырын шығуы не аялдаманың атауы жазылатын тақтаның өшіп тұруы және тоқтап, пандусты ашуы керек екенін білдіретін батырманың жұмыс істемеуі;
  2. Сыйымдылық мәселесі. Қоғамдық көліктегі адам көптігінен арбадағы адамның автобусқа сыюынан бұрын пандусты түсіруге мүмкіндіктің жоқтығы;
  3. Жүргізушілердің құлықсыздығы. Қоғамдық көліктердің аялдамаға жетпей не өтіп тоқтауы, мүгедектігі бар адамды көрсе де тоқтамай, пандусты түсірмей кетіп қалуы және міндетін атқаруға деген құлықсыздығы.

Енді Factcheck.kz тексерген әрбір маршрутты жеке-жеке талдасақ…

119-маршрут, мемлекетік нөмірі 886 MK

Біз жүргізушіге ескерткен соң ғана пандусты ашты. Алайда есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған аялдама туралы ескертетін тақтайша өшіп тұрды. Ал аялдаманы хабарлайтын дауыс бар, жақсы естіледі. Мүгедектігі бар адамның түсуі керек екенін білдіретін батырма бар және ол да істеп тұр. Бірақ жүргізуші оның дауысына назар аудармайды. Біз батырманы басып, түсетінімізді білдірмек болғанда жүргізуші мұны елемей, аялдамадан түсірмей кетіп қала жаздады.

Видео: Factcheck.kz

206-маршрут, мемлекеттік нөмірі 281 MO

"Өз көзімізбен": Алматы қоғамдық көліктері мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты ыңғайлы?
Аялдама хабарлануға тиіс тақтайша, 206 маршрут. Сурет: Factcheck.kz

Автобус жүргізушісі тоқтап, пандус ашты. Түсетін аялдаманы бірден сұрап алды. Автобустағы дауыс аялдамаларды хабарлайды, бірақ есту қабілетінде мәселелері бар адамдарға арналған аялдама жазылып тұратын тақтайша бұл маршрутта да өшіп тұр. МБА түсетінін хабарлайтын батырма бар, алайда оның жұмыс істейтініне көз жеткізе алмадық.

Видео: Factcheck.kz

16-маршрут, мемлекеттік нөмірі 087 CM

Автобусқа міне алмадық. Арбадағы адамға арналған пандус мүлде жоқ.

Видео: Factcheck.kz

37-маршрут, мемлекеттік нөмірі 745 LM

Автобус жүргізушісі мүгедектігі бар адамның қол бұлғағанын көрсе де, пандус ашпай кетіп қалмақшы болды. Біз пандусты түсіруі керек екенін, автобустың аялдамадағы платформадан өтіп кеткенін ескерткен соң қайта артқа жүргісі келді, бірақ бұл 8-10 минуттай уақыт алды.

Видео: Factcheck.kz

Жүргізуші алдын-ала түсетін жерді сұрады. Автобус ішінде есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған аялдамалардың атауы тұратын тақтайша өшіп тұр. Бірақ аялдамаларды дауыстап хабарлау бар. Дегенмен МБА-ның түсетінін білдіретін батырма бүлінген.

Видео: Factcheck.kz

124-маршрут, мемлекеттік нөмірі 490 CS

Автобус жүргізушісі бірден тоқтап, пандус ашты. Есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған аялдаманың атауы жазылған тақтайша бар, жұмыс істеп тұр. Аялдаманы хабарлайтын дауыс та бар. Жүргізушіге МБА-ның түсетіні туралы ескертуін білдіретін батырма да жұмыс істейді.

Видео: Factcheck.kz

19-маршурут, троллейбус, нөмірі — 3016

Алдымен 19-маршруттың 3064 нөмірлі троллейбусының жүргізушісі бізді көрсе де тоқтамай өтіп кеткенін айту қажет. Бұл жағдай кейбір жүргізушілердің мүгедектігі бар адамдарға қатысты міндетіне қалай қарайтынын көрсетеді.

Видео: Factcheck.kz

Біз бұл маршуруттың екіншісін күттік. 3016 нөмірлі троллейбустың пандусы бар, бірақ аялдаманың атауы жазылуы қажет тақтайша өшіп тұр, ал дауыс аялдамаларды хабарлайды. Бірақ оның дыбысы өте ақырын шығатындықтан, кейбір адам ести алмауы мүмкін. Троллейбуста МБА түсетінін хабарлайтын батырма бар, бірақ арбадағы адам үшін биік орналасқан. Оның үстіне ол істеп тұрған жоқ. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарға арналған сүйенгіш те, белбеу де жоқ.

Видео: Factcheck.kz

25-маршрут, мемлекеттік нөмірі 173 LP

Бұл маршруттың бірінші келген автобусына ішіндегі жолаушының көптігінен міне алмадық. Жүргізуші де тоқтап, арбадағы адамды мінгізуге құлықты болмады. Келесі автобусты күтуге туралы келді.

"Өз көзімізбен": Алматы қоғамдық көліктері мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты ыңғайлы?
Фото: Factcheck.kz

Келесі 25-маршрут жүргізушісі пандусты ашты. Алайда автобус ішінде тақтайшада аялдамалар жазылмаған. Аялдама атауын дауыспен хабарлайды, бірақ дыбысы өте ақырын шығады. Арбадағы мүгедектігі бар адамдарға арналған батырма жоқ. Тек тік тұрған адамдарға арналғаны орнатылған, бірақ оның да брайль шрифтіндегі жазуы жоқ.

Жалпы алғанда автобус іші тар, МБА-ға арналған орын қарастырылмаған.

Видео: Factcheck.kz

92-маршрут, мемлекеттік нөмірі 295 LH

Автобус жүргізушісіне аялдаманың алдына келуі керек екені туралы ескертуімізден соң ғана аялдамаға келіп, пандусын түсірді. Маршрут ішінде аялдама жазылып тұратын тақтайша өшіп тұр. Ал аялдаманы хабарлайтын дауыстың орнына музыка қосып қойған.

МБА-ға арналған батырма жұмыс істемейді. Соның салдарынан болса керек, жүргізуші біз түсетін аялдамадан өтіп кетті.

Видео: Factcheck.kz

1-маршрут, троллейбус, нөмірі 3022

Көлік жүргізушісі біздің ескертуімізден кейін пандус түсірді. Троллейбус ішінде аялдама жазылып тұратын тақтайша жоқ, бірақ аялдаманы хабарлап тұратын дауыс пен МБА-ға арналған батырма бар. Бірақ арбадағы адамға арналған сүйенгіш пен белбеу жоқ.

Видео: Factcheck.kz

Метро

Метро — Алматы қаласының көлік инфрақұрылымының бір түрі. Біз Мұхтар Әуезов атындағы театр станциясынан мініп, Жібек Жолы станциясынан түстік. Метроның ішіне кіргенге дейін арбадағы адамға арналған механикалық көтергіш орнатылған. Оны пайдалану үшін арнайы телефон арқылы метро қызметкерін шақыру қажет: қызметкерді күтуге барлығы 6 минут кетті.

Бұдан соң эскалатормен тағы төмен түсу үшін арнайы көтергішті пайдаланады. Жалпы метро вагонына мінгенге дейін барлығы 35 минуттай кетті. Бұл айтарлықтай көп уақыт. Вагон ішінде аялдамаларды дауыстап хабарлайды және аялдаманы тақтайшада көрсетеді.

Діттеген станциядан түсіп, сыртқа шығу да айтарлықтай уақыт алады және өз қиындықтары бар. Мысалы, Жібек Жолы станциясында бізге алдымен көп механиалық көтергіштердің бірі бүлінгенін айтты. Бірақ соңында көтергіш жұмыс істейтін болып шықты, тек оны қолдануға рұқсат болмаған.

Қорытынды

Көріп отырғанымыздай, Қазақстанның ең үлкен қаласы саналатын Алматының қоғамдық көліктерін пайдалануда мүгедектігі бар адамдар бірқатар кедергіге ұшырайды. Бұл қоғамдық көліктердің техникалық жабдықталуынан басталып, олардың саны және жүргізушілердің міндетін толық атқармауы секілді мәселелермен ушығады.

Сарапшымыз, қоғамдық көлікті жиі пайдаланатын Ернар Сарсеевтің сөзінше, кейінгі 5 жылда жүргізушілер көбірек тоқтап, пандус ашатын болған. Бірақ мәселе әлі де шешілмеген, өйткені аялдамасы мүгедектігі бар адамдарға жабдықталмаған тұтас көшелер бар дейді.

Мегаполистың көлік инфрақұрылымы мәселелері жүйелі шешімді талап ететіні түсінікті. Алайда мүгедектігі бар адамдардың конституциялық құқықтары мен қажеттіліктері барын ұмытпау қажет. Factcheck.kz командасы бұл материалда көтерілген мәселелерге тек Алматы әкімдігі емес, орталық билік өкілдері де назар аударады және барлық ел аумағы бойынша проблеманың шешім жолдарын қарастырады деп сенеміз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz