Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі

2023 жылдың 8 маусымында Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында өрт басталды. Бірнеше күннің ішінде катаклизмнің ауқымы ұлғайып, түрлі көрсеткіш бойынша қатты өршіген кезде аумағы 60 мың гектарға дейін жеткен. 11 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі өңір басшысы Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады, бірақ «жаңа облыстың жаңа әкімі екенін» ескере отырып, қызметінен босатпайтынын айтты. Екі күн өткеннен кейін, 14 маусымда ҚР Бас прокуратурасы өртке қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде Төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин және Экология министрі Зүлфия Сүлейменовамен бірге Абай облысының әкімінен де жауап алынатынын мәлімдеді.

«Профайл» айдарында Factcheck.kz редакциясы Нұрлан Ұранхаев деген кім және қазақстандықтардың есінде қандай ісімен қалғанын талдады.

Жалпы ақпарат

Ұранхаев Нұрлан Тельманұлы 1965 жылдың 4 мамырында (58 жаста) Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген. «Инженер-механик», «экономист-менеджер» және «инженер-құрылысшы» мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар. Саясат ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын 1987 жылы «Казпромтехмонтажда» слесарь-монтаждаушысы болып бастады. Екінші жұмысына үш жылдан кейін бірден басшы болып келді — «Зергер» өндрістік-қаржы корпорациясының бас директоры болды. 1994 жылы Ұранхаев «Спартак» футбол клубын сатып алды, сол кезде клубтың атын «Елімай» деп ауыстырды. Кейінгі бес жылда клуб басшысы болды.

Асқар Ұранхаев пен «Семей қаласы футбол қауымдастығы» жетекшісі Александр Борисовтың сөзінше, Нұрлан Ұранхаев «Спартакты» сатып алмаған, тек «банкротқа ұшыраған «Спартактың» орнына құрылған «Елімай» жаңа футбол клубының жетекшісі атанған. Олардың айтуынша, клубты жергілікті футболдың дамуына үлес қосқысы келген кәсіпкерлер қаржыландырған.

Нұрлан Ұранхаев 2003 жылы мемлекеттік қызметке орналасқанға дейін «Аққұс» АҚ президенті, «Сары-арқа» АҚ сенімді басқарушысы, «Сұңқар» ЖШС президенті, «Казиркутсклес» АҚ бас директоры қызметін атқарған.

2007 жылы ШҚО әкімінің орынбасары болғанға дейін 2003 жылдан бастап Ұранхаев энергетика/құрылыс/көлік басқармасының басшысы қызметтерінде болды. ТЖМ (2007-2008), ҚР премьер-министрінің кеңсесі (2008-2009), Президент әкімшілігінде (2009) де еңбек етті. 2010 жылдан 2013 жылға дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. Қызылордада жұмыс істеген кезде облыстық футбол федерациясының президенті болып та үлгерді. 2014 жылдан 2015 жылға дейін ҚР Тұтынушылардың құқын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

10-жылдардың ортасынан Ұранхаевтың есімі архитектура саласымен қатар айтылатын болды. 2015 жылдан бастап 2017 жылға дейін ол “ҚазҚСҒЗИ” АҚ бас директоры болды. 2017-2018 жылдар аралығында Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарды. Ал 2019  жылдан бастап Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып, содан кейін жаңа құрылған Абай облысына әкім қызметіне тағайындалды.

Отбасы

Жұбайы – Ұранхаева Жанна Бекболатқызы. Олардың үш баласы бар: Нұржан, Жандос және Мәриям. Үлкен ұлы – Нұржан Ұранхаев 2019 жылы президенттің жастар кадрлық резервіне енген 300 қазақстандықтың қатарында болды. «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агентігінің Алматы қаласы бойынша департамент» РММ басшысы. 2019 жылдан бері мекеме 19 408 494,58 теңге салық төлеген. Мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы ақпарат жоқ.

  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі

Абай облысы әкімінің жұбайы – Жанна Ұранхаеваның Семей қаласында тіркелген жеке кәсібі бар. Мекеме сусындардың бөлшек саудасымен және азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысады. Мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы ақпарат жоқ.

Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
Kompra.kz сайтынан скриншот

Бұдан бөлек Жанна Ұранхаева «ОКЕАН -ХХI» ЖШС құрылтайшысы және басшысы. Мекеме жекеменшік жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады, сонымен қатар жақында ғана ашылған тәрізді. 2023 жылғы салық аударымдары – 573 865 теңге.

Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
Kompra.kz сайтынан скриншот

Абай облысы әкімінің екінші ұлы – Жандос Ұранхаев туралы ақпарат ашық дереккөздерде аз. Қызы Мәриям Ұранхаеваға қатысты да дәл солай. Дегенмен шенеуніктің мансабындағы беделіне нұқсан келтіретін ең даулы жанжал қызымен байланысты болуы мүмкін.

Абай облысындағы ірі өрт басталғаннан кейін TikTok әлеуметтік желісінде әкімнің қызы өзінің әдемі өмір салтын көрсеткен, яғни қымбат көліктермен қыдырып, түрлі курорттарға саяхаттап, Cartier білезігі мен Hermes сөмкелерін көрсеткен видеолары тарай бастады. Материал жазылған уақытта ең танымал видеолар 180 мыңнан миллион қаралымға дейін жинаған. Ақпарат бірқатар медида жазылды (1, 2, 3, 4).

Factcheck.kz редакциясымен тілдескен Асқар Ұранхаев мемлекеттік қызметке келгенге дейін Нұрлан Ұранхаев Қазақстанда бизнес саласында айтарлықтай жетістікке жеткен танымал кәсіпкерлердің тізіміне енгенін айтты. Дәлел ретінде 1994 жылғы «Наш успех — общее благо» публицистік-жарнама жобасының суреттерін жіберді. Тілдесуші сол арқылы қазіргі әкім отбасын қалай қамтамасыз еткенін түсіндіргісі келген тәрізді.

  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі
  • Профайл: Нұрлан Ұранхаев — Абай облысының әкімі

Бұған дейін мамырдың ортасында Tengrinews басылымына берген сұхбатында Нұрлан Ұранхаев айлығы 1,9 млн теңге екенін айтқан.

Нұрлан Ұранхаев облыстағы танымал саяси қайраткер Тельман Ұранхаевтың ұлы. Тельман Оразғалиұлы партия шенеунігі болған, 1974 жылдан 1983 жылға дейін Семей партиясы Киров аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. 1983 жылдан Жамбыл технологиялық институтының (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз аймақтық университеті) факультет деканы. Өмірінің соңғы жылдары Семей медицина институтында сабақ берді, философия кафедрасын басқарды.

Бұдан бөлек Абай облысы әкімінің туған інісі мен қарындасы бар – Ұранхаев Айдос Тельманұлы мен Ұранхаева Гүлмира Тельманқызы. Айдос Тельманұлы 1999 жылдан 2003 жылға дейін ШҚО мәслихатының екінші шақырылым депутаты болды, қазірг Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті спорт клубының төрағасы.

Гүлмира Ұранхаева – Семей қаласындағы Медицина университетінің Жалпы білім беретін пәндер кафедрасының меңгерушісі. 2019 жылдан 2022 жылға дейін «Тұран» университетінің гуманитарлық-заң факультетінің деканы болды. Философия доценті, саясат ғылымдарының докторы, «Amanat» партиясының мүшесі.

Футбол

Ұранхаевтар отбасында футболға қызығатын Нұрлан Тельманұлы ғана емес. Асқар Ұранхаевтың ұлы әрі облыс әкімінің жиені Дәулет Ұранхаев Швейцариядағы университетті бітіргеннен кейін Еуропа футбол қауымдастығында (УЕФА) жұмыс істейтін бірінші Қазақстан азаматы болды. 2021 жылы жас жігіт «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының финалына жеткен 30 адамның қатарына енді (1, 2).

Футбол және спортпен Абай облысы әкімінің немере інісі – Асқар Ұранхаев та тығыз байланысқан. Ол бұрын Қазақстан Футбол федерациясының бас менеджері қызметін атқарған. ҚФФ-дан кеткеннен кейін «Астана ЭКСПО-2017» жобасында жұмыс істеді (1, 2). 2018 жылы ресейлік заңгерлер Михаил Прокопец пен Юрий Зайцевпен бірге халықаралық SILA International Lawyers компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігін басқарды. SILA Central Asia спортшылардың құқын қорғайды. Құрылған уақыттан бері компания мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізілген екі келісімшарт қатысушысы болды. Екеуінде де SILA Central Asia-ның заң қызметтерін алуға «Ақтөбе» футбол клубы тапсырыс берген. Арбитаж дауы бойынша қызметтерді сатып алатын екі келісімшарт та (1, 2) 2020 жылы 4,2 млн теңге және 11,5 млн теңгеге жасалған. Құрылғалы бері компания 28 629 888 теңге көлемінде салық төлеген.

2022 жылы Асқар Ұранхаев дарынды жас қазақстандық футболшыларды анықтауға бағытталған Super Bol жобасын жасаушылардың бірі болды. Екінші маусымына жеткен жоба барысы Youtube платформасындағы реалити-шоу мен QazSport телеарнасынан көрсетіледі. Жобаның бас демеушісі – Тимур Тұрловтың Freedom Broker компаниясы, ал серіктестері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Футбол федерациясы және SILA.

БАҚ-тағы сұхбатқа назар аударсақ, Семей қаласындағы «Елімай» футбол клубының қайта құрылуына Асқар Ұранхаевтың да қатысы бар тәрізді. Дегенмен оның қандай еңбегі сіңгені нақтыланбаған. «Елімай футбол клубы» Қоғамдық қорының құрылтайшысы – Самат Смақов, Абай облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Семей ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС директоры және Abai IT-Valley- де жоба менеджері Асхат Бейсембеков пен кәсіпкер Денис Сек.

Асқар Ұранхаевтың Астана қаласында тіркелген жеке кәсібі де бар, ол жекеменшік жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады (1, 2). statsnet.co реестрінің нұсқасы бойынша, бағалау мекеменің жылдық табысы – 82,8 млн теңге екенін көрсеткен. Мемлекеттік сатып алуға қатысқаны туралы ақпарат жоқ.

Нұрлан Ұранхаев тағы қандай ісімен есте қалды?

2020 жылы ҚР Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі сол кезде Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ұранхаевты 20 млн бюджет қаржысын ұрлады деп айыптады (1, 2). Бірнеше айдан кейін журналистердің қылмыстық іске қатысты сұрағына Ұранхаев ашуланып жауап берді: «Мен бұл сұраққа сол кезде пікір білдірмегем, қазір де пікірсіз қалдырам, сәйкес органдарға жүгінсін. Мен осы жерде отырғандықтан, маған ешқандай сұрақ болмауы керек».

Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тұрған кезде Кіші Талдыкөл көліне құм құйғандардың бірі болды. Көл ешқашан қалалық су қорында болмағанын айтты. «Бұл көл де емес, ағын сулар жиналған жер» – деді шенеунік. Брифингтердің бірінде көлді сақтап қалуға тырысып жүрген экобелсенділерді антиваксерлерге теңеді.

8 маусымда Абай облысында өрт басталған кезде Ұранхаев облыстың мерейтойын тойлап жатты. «Азаттық Радиосының» хабарлауынша, осы мерекеге арналған сюжет жергілікті телеарналардың бірінен көрсетілген. Журналистердің сөзінше, өңір басшысы өрт болып жатқан жерге орынбасарларын жіберіп, өзі басқа шенеуніктермен бірге концертте қалған.

Соның салдарынан, «асықпағаны» үшін президенттен сөгіс естіді:

Облыс жаңа. Сіз жаңа әкімсіз. Сол үшін ғана сізге тек сөгіс жариялаймын. Ал негізінде, мұндай әрекет үшін бірден жұмыстан шығару керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Factcheck.kz